Аймақтар • 19 Маусым, 2022

Ауылдар ауыз суға жарымай отыр

859 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сумен қамтамасыз ету керегін, таза су әрбір үйде, әрбір отбасында болуын міндеттеген тапсырма жүктеген болатын. Соңғы жылдары Павлодар облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі жалғасып келеді. Кез келген ауылға бара қалсаң, әкім-қаралар жобаның аяқталғаны яки жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқаны жайлы көкіректеніп сөйлейтіні бар. Іске қосылған жобалардың кейінгі тағ­дыры – бөлек әңгіме. Жасыратыны жоқ, бұған дейін сумен қамту көрсеткіші бойынша Павлодар облысы республикада көш соңында жүрген-ді. Сәйкесінше, олқы­лықтың орнын толтыру мақсатында жыл сайын республикалық қазынадан қомақ­ты қаражат бөлінуде. Ендігі жерде қаржыны тиімді кәдеге жарату – басты міндет.

Ауылдар ауыз суға жарымай отыр

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Ақбұлақтың» ақыры...

Естеріңізде болса, 2011 жылы елімізде «Ақбұлақ» бағдарламасы іске қосылып, ­әр өңірде ірі жобалар жүзеге асты. Павло­дар облысында Беловод және Май топтық ­су құбырларының құрылысы қолға алын­ған болатын. Көптеген себеппен тиісті жұ­мыстар сан мәрте тұралап, осыдан 2-3 жыл бұрын ғана сиырқұйымшақта­нып кеткен жо­баларға соңғы нүкте қойыл­ды. Бүгінде тұр­ғындарды таза сумен қамту шаралары өзге бағдарламалар арқылы жалғасын табуда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында аяққа тұрған жобалар бар. Қаржы­дан шашау шығармау үшін қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, арнайы жол картасы да әзірленуде. Павлодар облысында әзірге тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қала­лық жерде 95 пайызға, ал ауылдық жерде 94,1 пайызға тең екен. Осыдан шамамен 5 жыл бұрын көрсеткіш небәрі 19,4 пайызды құрағанын ескерсек, біраз шаруаның атқарылғанына күмән келтіре алмаспыз. Облыс басшылығы 2023 жылға дейін барлық ауылдық елді мекендер­дің тұрғындары 100 пайыз таза судың дәмін татады деп сендіруде.

Бірден айту керек, орталықтан­ды­рылған сумен жабдықтау жүйесінің жобасы ауылдағы халықтың санына бай­ланысты іске қосылады. Атап айт­сақ, тұрғындар саны 200-ден асса ғана ірі жоба қолға алынады. Ал 200-ден төмен болса, ауылдағы ағайын ке­шенді блок модулін (КБМ) және су бөле­тін мұнаралардан таза суды пайдалана алады. Бұл санатқа облыс бойын­ша 110-нан астам елді мекен енген. Ал тұрғындар саны 50-ден төмен елді мекендерді біріктіру мәселесі көтеріліп жатқандықтан, ол жерде қандай да бір құрылыс жүргізіледі деп айту қиын.

Баянауылдағы баянсыз жобалар

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масы басшысының орынбасары Асхат Жаку­повтың мәліметінше, былтырғы жоба­лар­дың нәтижесінде 12,7 мың адам сапалы ауыз судың дәмін татыпты.

– Биыл өңірде 27 жоба іске қосыла­ды деп күтілуде. Сөйтіп, тұрғындарды са­­палы ауыз сумен қамту көрсеткішін 97,5 па­йыз­ға жеткізбекпіз. Проблемалар да жоқ емес. Бүгінде су құбырларын са­лу және қай­та жаңғырту бойынша мер­ді­герлердің ша­лағай әрекеті сал­дары­нан 4 жоба кестеден кешігуде. Атап айт­сақ, Баянауыл ауданына қар­ас­­ты Сұлу­жон, ЦЭС (Майкөбе) және Қы­зыл­­шілік елді мекендерінде, Терең­­көл ауда­­нына қарасты Қызылтаң ауылын­да­­ғы жобалардың тағдыры құзыр­лы орган­дардың араласуымен дұрыс шеші­мін табады деп күтілуде, – дейді А.Жакупов.

Білуімізше, Баянауыл ауданындағы ­өз­ге ауылдардың да жағдайы мәз емес. ­Тіп­ті ­аудан орталығындағы ахуал күр­делі. ­Бел­гі­лі болғандай, жо­б­аға көптеген үй кір­­мей қалған. Әкім­діктегілер 222 үйдің жар­­­тас­ты жерде орналасқанын айтады. Яғни әу бас­­та жобада тау жыныс­­тарын шы­ғару, электр-монтаждау жұмыс­тары, су құбырының жылыту кабелін электр желілеріне қосу көзделмеген. Бү­гінде аудандық бюджеттен қаражат қарас­ты­рылып, жаңа жобалық-сметалық құжат әзір­леніп жат­қан көрінеді. Жартасты жер­­лерде орна­ласқан үйлерді жоба қолға алын­­бас бұрын назарда ұстауға болмас па еді? Жобалаушы ауылдың «есік-тесігін» дұ­рыс біле қоймас. Бұл іске атүсті қара­ған жер­гілікті әкімнің салғырттығы емей, немене?!

Жақында әлеуметтік желілерде атал­ған ауданға қарасты Ұзынбұлақ ауыл­дық округі Ақши ауылындағы су құбы­рын төсеу жұмыстары барысынан бейне­жазбалар тарады. Онда тұрғындар мер­дігерлердің тиісті шараларды қате істеп жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Мән-жайдан хабардар болу үшін жергілікті бел­сенді Сұңқар Ахановқа хабарласқан едік.

– Қаладан ауылға келсем, мердігер 2-3 күннің ішінде 500 метр жерге құ­быр төсеп үлгеріпті. «Мүмкін емес, бұл қа­лай болды екен?» деген күмәнді оймен жұ­мыс атқарылып жатқан аумаққа барсам, құ­быр төсеу ешқандай технологиялар сақтал­мастан қалай болса солай жүргізіліп жатыр екен. Құбыр төселместен бұрын жер жақсылап тегіс­теліп, 10 см жергілікті ұсақ топы­рақ себілуі керек. Оны назарға алмап­ты. Кейін пластик құбыр қолмен төсе­луі қажет. Жұмыскерлер болса ауыр тех­никаны пайдалануда. Техника арқы­лы құбырға кішкене ғана сызат түскен­нің кесірі көп. Құбырдың үстінен тағы 30 сантиметрге дейін топырақ себі­ліп, арнайы аппаратпен мықтап тығыз­далады. Әйтпесе, топырақ арасында тас қалып қойса, кейін құбыр қысыммен қозғалғанда тас қажап, құбыр жарылуы мүмкін. Содан кейін ғана ауыр техникамен тегістей берсе болады. Ал жұмыскерлер жеңіл жолды таңдап, бар шаруаны техникамен тындырғысы ке­леді. Тағы бір кемшілік, жердің құнарлы қабаты бөлек алынып, құбыр төселгеннен кейін қайтадан орнына қойылуы керек-тін. Мердігер басшысы бұл шаруа жобада жоқ екенін алға тартады. Былай қарасаң, маңызды емес сияқты. Не үшін керек? Әуелі сары топырақ пайдаланылып, кейін жердің үстіңгі құнарлы қабатымен тегістелсе, құбыр төселген аумақ бұрынғы қалпын сақтап, қара жер болып қалады. Мердігерлер болса сары топырақпен тегістей салады. Салдарынан жер езіліп, адамға да, малға да ыңғайсыздық тудырады. Жердің құ­нарлы қабаты қалыптасқанша 40-50 жыл уақыт қажет шығар, – дейді С.Аханов.

Бейнежазбалардан көргеніміздей, жер­ден су шығып жатыр екен. Мердігер ұйым болса, су сору жұмыстары жоба­да қарастырылмағанын алға тартып, құбыр­ларды төсеуге асық. Жобаны өзгерту үшін қосымша қаражат қажет екенін сылтауратып әлек. «Ол қаржы игерілмесе, қайтадан қайтарып алады» деп үркіп жүрген көрінеді. Жергі­лік­ті әкімдік те мер­дігердің сөзіне еріп, тұрғындарды ты­ныштандыруға тырысуда. «Жобаны түзету үшін қаражат, уақыт керек. Жоба тоқтап қалады. Осыдан да айырылып қаламыз», деп басу айтып жүр екен.

– «Нөлдік смета» деген ұғым бар. Яғни маңызды шаруаға қаражат жетпей жатса жобада қарастырылған аса маңызды емес шаруадан қаражатты ба­ғыт­т­ауға болады. Айтпағым, жобаға түзету жасамай-ақ абат­тандыру іс-ша­ра­ларына қарастырылған ­қа­ражатты пай­­даланса екен деймін. Қазір­гі кез­де құ­быр­дың дұрыс төселуі маңыз­ды болып тұр. Жер үстіндегі абаттандыру ісі кейін атқарыла жатар. Көп уақыт өт­пей, құбыр жарылып тұрғындар зардабын тартып жатса өкініп қаламыз. Он­дай оқиғалар көп. Қателікті көзбен көріп, құбырлардың дұрыс төселуін бақылау «бақыты» бұйырып тұр екен. Тұрғын­дар бас көтергенге дейін техникалық қа­дағалау мамандарының рұқсатынсыз 500 метр аумаққа құбырлар заңсыз төселді. Жемқорлықтың исі шығатындай ма қалай? У-шу болғаннан кейін ғана тиісті маман күні-түні қазылған учаскенің басы-қасын­да жүр, – дейді С.Аханов.

Қайта бұл ауылда Сұңқар сияқты құ­быр төсеудің қыр-сырын білетін азамат бар. Әйтпесе, Ақши ауылы да жоба іске қосыл­ғанымен, тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған елді мекендер­дің қатарына кіретін еді. Әлі қуануға ерте. Себебі мердігердің әр адымын аңдып отыруға тұрғындардың шамасы жоқ. Мін­детті емес те. Халық жергілікті әкім бастаған құзырлы органдар жобаның сәтті аяқталуына бас-көз болады деген сенімде.

Тарифтің тағдыры

Тариф десе тұрғындардың елең ете қа­латыны рас. Орталықтандырылған су­мен жабдықтау жүйесі жобасын іске қосу бір бөлек, оны күтіп-ұстау – ма­ңыз­ды іс. Бұл шаруадан табыс түспей­тін­діктен, кез келген кәсіпкер жауап­кер­шілігі мол жұмысты алуға ынталы емес. Десе де жер­гілікті әкімдер ретін тауып, тұрғын­дарға қолжетімді бағамен су босатып отыр.

Бүгінде Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Табиғи монополиялар­ды реттеу комитеті 2022 жылдың 1 шіл­десіне дейін коммуналдық тарифтер­ге мораторий жариялағаны белгілі. Об­лыс­тық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасы басшылығының мәлімдеуінше, кейін аудандар бойынша бірыңғай тариф енгізу қарастырылуда. Су құнын субсидиялау жайы да ара-тұра айтылып жүр. Әйтпесе, әр ауданда тариф баға­сы әртүрлі. Жалпы, тариф бағасы мате­риалдық шығындар мен өндірістік пер­соналдың еңбекақысын есептеу арқылы бекітіледі.

Тариф жоба іске қосылғаннан ке­йінгі әңгіме ғой. Мамандармен әңгіме­лескенімізде жобаны әзірлеу оңай шаруа еместігін айтады. Бір ауылға су құ­бырын тартудың өзіне кем дегенде 4-5 жыл уақыт қажет екен. Атап айтсақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін іске қосу 3 кезеңнен тұрады. Ең әуелі жерасты су көздерін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіледі. Оған шамамен 3 жылдай уақыт жұмсалады. Мердігер ұйым жыл бойы судың дең­гейін, сапасын анықтап, «Қазжер қой­науы» орталығына сараптамалық құжат­тарды жібереді. Ол жақтан қолдау тапса ғана жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Одан кейін жобаға қаражат қарастыру, конкурс жариялау, қысқасы, су құбырын тарту жұмыстарының ма­шақаты көп.

Қорыта айтсақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қазынадан қомақты қаражат бө­лінуде. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда мердігердің салғырттығынан тиісті жұмыс­тар кешігуде. Себебі дұрыс бақылау жоқ. Жергілікті әкімдер «шайнап бергенді жұта алмай», су, жол, жарық сияқты негізгі жобаларды қадағаламай ай бағып отырғаны өкінішті-ақ. Сапалы ауыз су – тек зор денсаулықтың кепі­лі емес, ауылдағы ағайынның ата қоны­сында тұрақтап қа­луы­на жасалған қуат­ты инфрақұрылым еке­нін естен шығар­маған жөн.

 

Павлодар облысы