Осы мәселе бойынша негізгі баяндаманы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жасады.
2021 жылы ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. Экономиканың барлық базалық салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%-ға, құрылыс саласы – 7,6%-ға, көлік - 3,6%-ға, сауда-9,2%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Инфляция деңгейі 8,4%-ды құрады (нысаналы дәліз 4-6%-дан асты). Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалды. Түсімдер 100,8% орындаумен 12,7 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,2%-ға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,1%-ды құрады.
«Жалпы, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады», деді Ерұлан Жамаубаев.