Иә, Абай облысы «шаңырақ көтеріп», әкімшілік шекаралары белгіленді. Облыстық мәслихат депутаттары да, өңір басшысы да бекітілді. Бұл ретте бұрынғы Семей облысы аумағына кірген Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Шар, Аягөз, Үржар, Мақаншы, Таскескен, Шұбартау аудандарының әкімшілік құрылымын жаңғырту жөнінде ойланғанымыз жөн. Мәселен, қазіргі Жарма ауданы бөлініп, Шар ауданы қайта ашылса дұрыс болар еді. Оған Жарма стансасынан бастап Жаңғызтөбе, Күншуақ кенті, Белтерек ауылдық округтері, Бірлік ауылынан Семейге қарай шығатын жолдағы ауылдарды, Суықбұлақ, Карповка, Терістаңбалы, Әуезов кенті, Шалабай ауылдық округі, Арқалық, Арқарлы, Қарасу, Үлкен Қарасу, т.б округтер кіргізілсе деген ұсыныс бар. Семей қаласы маңайынан Жаңасемей ауданы ұйымдастырылып, оған орталығы – Жаңа-Шүлбі кенті маңайындағы шағын ауылдар: Жаңа Баженовка, Климентьевка, Приречное, Утинка, Жарқын, өзеннің екі жағындағы шағын жақын ауылдар қаратылса көптің көңілінен шығар еді. Абыралы өңірі аудан болып, қайта ұйымдастырылып, Дегелең ауданы деп аталса, орталығы – Курчатовта болса, оның атауын Дегелең деп өзгертсе иісі қазаққа сауапты іс болмай ма?! Өйткені 40 жыл қазақ топырағында жойқын жарылыс жасаған Курчатовты төрімізге ескерткіш етіп қойдық. Бұл құндылықтарды өзгертетін уақыт жетті. Курчатовтан бергі Семейге дейін, Бөдене, Шаған, Шақаман сықылды аралары 10 шақырымнан болатын ауылдарды да жаңа ауданға қаратқан жөн сияқты.
Абай облысы құрамында болатын аудандардың бюджеттері 2022 жылы бекітіліп, қаржы жолдары қарастырылған. Сонда жаңадан құрылатын – 4 (төрт) ауданға ғана шығын қарастыру қажеттігі туады.
Осыдан біраз бұрын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» мақаласы жарияланып, Үржар ауданын екіге бөліп, Мақаншы өңірін жеке аудан етуді, оған үржарлықтар келіспеген жағдайда – аудан орталығын Мақаншы, ал аудан атын «Үржар» деп атауға ұсыныс айтылған еді. Үржар өңірінің бірталай зиялы азаматтары содан кейін телефон шалып, көпшілігі қуаттап, қосымша ұсыныстарын да білдірді. Бұл ұсыныстардың негізі – Мақаншы аудан орталығы болса, оған – Үржардың Көлденең, Аксаковка, Науалы, Елтай ауылдық округтері және Мақаншының бұрынғы аудан кезіндегі территориясына кіретін елді мекендер кіргізілсе деген тілек айтады. Аудан атауын «Қабанбай ауданы» деп жаңаша қойса өте дұрыс қабылданады деген пікірді жиі естідік. Өйткені бұл өңірдің жергілікті тарихы Дарабоз, Хан батыр атанған Қаракерей Қабанбай батырдың есімімен тығыз байланысты, сонымен қатар шекаралық өңір, еліміздегі ең еңселі Қабанбай ескерткіші де осы Мақаншыда тұр.
Ал Үржар ауданы – Барқытбел ауданы деп өзгертілсе, орталығы Үржар кенті болып белгіленіп, оған тау етегіндегі, тау алқымындағы барлық ауылдар, бұрынғы Таскескен ауданының ауылдық округтері енгізіліп, Таңсық, Қола ауылдары, Ақтоғай кенттері қаратылса, аудандағы Егінсу, Қарақол су қоймаларының төңірегіндегі егістіктерге қызылша отырғызылып, Талдықорған облысындағы Көксу қант зауыттарын өніммен қамтып отырса, бүкіл республикаға тиімді болар еді. Сондай-ақ Таскескен, Шолпан, Қарақол ауылдық округтері жастарына да жұмыс орындары ашылуға мүмкіндік туады деген ойды айтады.
Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Мәдениет қайраткері
Абай облысы