Осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында елімізде 18,7 млн литр жеміс және көкөніс шырыны өндірілген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға аз.
Мұндай сусындардың басым бөлігі Алматы облысында өндірілген – 10 млн литр (+32,6 пайыз). Көшбасшы өңірлердің үштігіне Нұр-Сұлтан қаласы (4,6 млн литр, – 27,1 пайыз) және Қостанай облысы (2 млн литр, +17,9 пайыз) еніп отыр. Жалпы, былтыр Қазақстандағы жеміс және көкөніс шырындарының өндірісі 66,6 млн литрді құрады. Көрсеткіш 13,1 пайызға өскен.
Тарқата айтсақ, қаңтар-сәуірде жеміс шырынын өндіру 17,4 млн литрге жеткен. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 3,1 пайызға төмен. Өндірілген көкөніс шырыны – 1,3 млн литр. Былтырға қарағанда 14 пайыздық өсім бар.
Жеміс шырындарының ішінде өндірістің көп бөлігі апельсин (6,4 млн литр) және алма шырынына (4,9 млн литр) тиесілі. Сондай-ақ 4,6 млн литр жеміс шырындарының қоспасы, 505,4 мың литр ананас шырыны өндірілген.
Көкөніс шырындарының ішінде қызанақ шырынын өндіру 1,26 млн литрге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғары.
Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар бір жыл бұрынғы (51,2 пайыз) деңгеймен салыстырғанда жеміс және көкөніс шырындарына деген сұраныстың (ішкі нарықты қамту және экспорт) 58,3 пайызын қамтамасыз етті. Импорт көлемі 41,7 пайызды құрады. Бұл дегеніміз – 13,1 мың тонна. Көрсеткіш бір жылда 5,6 пайызға қысқарған.
Нәтижесінде, ішкі нарықта 30,7 мың тонна жеміс және көкөніс шырындары сатылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда
9 пайызға артық.
Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі көкөніс және жеміс шырындарының бағасы бір жылда 16,6 пайызға өскені анықталды. Оның ішінде жеміс шырындары 16,5 пайызға, көкөніс шырындары 19,2 пайызға қымбаттады. Әсіресе, баға Түркістан облысында 25 пайызға өскен. Бағаны құрықтай алмағандардың қатарында Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары да бар. Бағаның ең төменгі өсімі Батыс Қазақстан облысында тіркелген – 5,1 пайыз.
Жеміс шырындары Түркістан облысында (24,9 пайыз), ал көкөніс шығындары Атырау облысында (33,5 пайыз) қатты қымбаттаған.