17-18 маусымда Қазақстанның төрағалық етуімен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Жас парламентарийлер тобы мүшелерінің бірінші отырысы өтті. Отырысқа Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан республикаларынан Жас парламентарийлер тобының мүшелері қатысты.
Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, Түркітілдес елдердің өзара бейбітшілік қарым-қатынас жасауының маңызы зор. «Қазақ халқы бұрынғы заманнан бері бауырын сыйлап, көршісін құрметтеген. Түркітілдес бауырларымыздың Азияның жүрегінде бас қосуы ерекше маңызға ие. Әр ел өзіндік маңызды орын алады. Осы маңыздылықты жастар терең түсінеді. Аға буын өкілдері жолға қойған дипломатиялық қарым-қатынасты жалғастыру, біздің, жастардың міндеті. Ұғынып қана қоймай, тараптарға пайдалы болатын нәтижелі жұмыстар атқарылады деген сенімдемін», деп атап өтті ол.
ТүркПА Жас парламентарийлерінің мүшесі, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Зейнеп Йылдыз Қазақ еліне қонақжайлылық үшін алғыс білдірді.
«Түркі интеграциясының халықаралық деңгейде маңыздылығы артып, әр жиын сайын тараптарды толғандырған мәселелер оң шешімін табуда. Мемлекетаралық байланыстардың да күшейіп жатқандығын ерекше атап өтуге болады. Жылы шыраймен қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін», деді Зейнеп Йылдыз.
Кездесуге қатысқан елордалық жастар мәслихаты мүшелерінің пікірінше, жас парламентарийлермен көзбе-көз жүздесіп, толғандырған сұрақтарына тұщымды жауап алу қызықты өткен. Олар сондай-ақ өз елдеріндегі жастар саясаты жайында жаңа ақпаратқа қанық болғанын айтты.