Отырыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ әскери қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге қатысты заң жобасы талқыланды.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру, әкімшілік жауапкершілікті енгізумен қатар байланыс және интернет қызметі саласында тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды қалыптастыру мақсатында әзірленді.
Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы негізгі 2 бөлікке бөлінді.
«Бірінші блокта кадрлық қамтамасыз ету, әскери қызметті өткеру және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы түзетулер көзделіп отыр. Екіншісі қару айналымы саласын заңнамалық реттеуге, полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыруға, күш құрылымдарының дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Сенаторлар комитеттің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.