Талғампаз суреткер Әбдірашит Сыдыханов батыстық мәнерде реалистік бірнеше туындымен қатар мифке иек сүйейтін түрлі шығарма жазды. Оның жеке әлеміндегі ең басты ерекшелік – түстер траекториясы. Яки, бейнелеу өнерінде бірінші кезекте әсер беретін, визуалды түрде эмоцияға бөлейтін, сезу мүмкіндігін сыйлайтын – бояу. Бұл – айдан анық!
Түс қашанда үлкен мағыналы символдың рөлін атқарады. Тіпті адамды бастапқы кезеңмен, ата-тегімен және олардың ойлау қағидасымен үндестіреді. Бояу – суретші үшін адамның жан-дүниесін, сезімдері мен ойын еркін бере алатын құнды құрал.
Мәселен, «Қорқыт ата» картинасы 1992 жылы жарыққа шыққан. Мұнда сол кезеңнің түсі бар. Суреткер аты аңызға айналған Қорқыт ата бейнесін үлкен философиялық мағынамен ұштастырады. Мұндағы идея – мәңгілік өмір.
Композицияда Қорқыт аспанда, бейне бір шексіз ғаламда нар үстінде қылқобызымен әуендете қалықтап ұшып барады. Мөлдір, ашық түстермен берілген ақ сақалды әулие Қорқыт бақсы, мәңгілік символы ретінде берілген. Қолындағы қоңыр, қою-қызыл түсті қасиетті аспабы қылқобыз – сол әлемге жолдайтын жол, есігін ашатын кілт іспетті.
Бақсаңыз, салалы саусақтарынан, алтын түсті нұрлы ішегінен шыққан әуен – өкініш пен қайғы, өмірдің уақытпен ғана өлшенетін қысқа жолы. Ал көкшіл-қара аспан, жылтылдаған ақ түспен түрткен нүктелі дақтар шоқ жұлдыздарды еске түсіретін тұңғиық әлем, яғни – шексіздік, өмірдің жалғасына айналған символ белгі. Қорқыт ата образы – мәңгілік өмірдің кейіпкері. Күрделі композицияның негізгі кілті осы.