Қоғам • 22 Маусым, 2022

Білікті маманға зәру сала

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қиыр-шиыр жолдар шартарапқа тартылған жол өтіндегі Маңғыстауда жол жағдайын жіті және тұрақты назарда ұстамаса бүгінгі жолдың ертең-ақ тозып кетері анық. Бірақ өңірде кәсіби жол мамандарының жетіспеушілігі жылдар бойы шешімін таппай келеді.

Білікті маманға зәру сала

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық фи­лиа­лының баспасөз хатшысы Талғат Әділдің айтуынша, 2021 жылы орталық тарапынан барлық облыстағы әкімдіктерде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлеріне талдау жүргізілген.

– Барлығы 1 600-ге жуық адамның жергілікті атқарушы органдарда жол саласына қатысты бөлімде жұмыс істейтіні белгілі болды. Бірақ олардың ішінде 190 адамның ғана жол мамандығы бойынша сәйкес дипломы бар. Рас, Маңғыстауда да жол құры­лысының қыр-сырын білетін маман тапшы. Олқылықты түзету үшін биыл сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру семинарын өткіздік, – дейді Т.Әділ.

Биыл сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру мақ­сатында өткізілген семинарға аудан-қала әкімдіктерінің қыз­мет­керлері мен автожолдарды салушы мердігер мекемелердің мамандары қатысты. Олар автомобиль жолдарын жөндеу немесе қайта төсеу бойынша жаңа технологияларды қолдануды үйреніп, жалпы осы саладағы соңғы жаңалықтармен танысты. Семинарға қатысушылардың сұрауы бойынша биыл осындай іс-шара тағы өткізілмек.

Маңғыстаулық жолдардың сапасын бақылаушылар Ресейге, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында өткен біліктілік арттыру семинарларына барып жүр. Одан жинақтаған тәжірибесін бүгінде бөлісуде.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК мамандар тап­шылығын азайту жұмыстарын қолға алды. 2020 жылы ұлттық орталықтың бас директоры З.Са­ғы­новтың бастамасымен «1000 мектеп» жобасы жүзеге асқан. Ақтау қаласы, Мұнайлы, Түп­қараған, Бейнеу аудандары бо­йынша 101 мектепке барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, 2020-2021 жылда­ры барлығы 3 мыңға жуық оқушыны қамтыған. Биыл бұл акция «2000 мектеп» атауымен жал­ғасуда. Әр аудан мен ауыл­ды жыл соңына дейін толық қамту жоспарланған. Сондай-ақ филиал ғимаратында жол саласында оқып жатқан колледж бен университет студенттерін ақылы өндірістік тәжірибеден өткізу қарастырылған. Соңғы екі жылда Маңғыстау политехникалық колледжінің бірнеше студенті осы мүмкіндікті пайдаланып, екеуі жол құрылысы саласына жұмысқа орналасты.

– Бұл бағытта жұмыстар осы қарқында жалғасатын болса, яғни жылына мектеп бітірушілер арасында 2-3 жас жол саласындағы мамандықты таңдаса, Қазақстан бойынша мәселе таяу жылдары шешіледі деп сенеміз, – дейді Т.Әділ.

 

Маңғыстау облысы