«Поцифик» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «бейбіт» деген мағынаға саяды. Бұл – соғысқа қарсы қозғалыс пен бейбітшілік символы. Оны «көгершіннің табаны» деп те атайды. Жарыққа шығарған данышпан суреткер Джеральд Холтом. Оның ғажабы сол, өнерпаз ядролық қарусыздану науқаны үшін ойлап тапқан екен. Ал қалғаны уақыттың құбылуынан туған құндылық.
Осы сәтте ойымызға 1949 жылғы оқиға оралады. Естеріңізде болса, Париж және Прага қалаларында бір мезгілде бейбітшілік жақтаушыларының Бүкіләлемдік конгрессі өткен болатын. Қарапайым халықты сорлатқан Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен әдеттегідей екі империя АҚШ пен КСРО атом бомбасын жасап жарысып, тіпті бірін Жапонияға сынап та үлгерген еді. Бұл қасіретті оқиға аталған конгресстің өтуінің басты себебі болды. Өкінішке қарай, мүдделер майданында азап шегетін қараша халық екені айдан анық. Бірақ мұны қырағы саясаткерлер кейін бағамдады.
Жо-жоқ бағамдап қана қойған жоқ, халықтың көңілін аулайтын құрал іздеді. Сөйтіп, бұл істі даңқты суретші Пабло Пикассоға тапсырды. Осылайша, дүниеге ықшамды және көзге бірден түсетін тұмсығымен зәйтүн бұтағын алып бара жатқан ақ көгершіннің сұлбасы келеді. Кейін бұл кескіндеменің өмірге келуі туралы қызықты хикая өрбіді. Қылқалам шеберіне бір жарлы келіп: «Пабло, сен ұлы шеберсің, маған қайырым ете көр... Маған әйтеуір бір сурет салып берсең, мен оны өзгелерге сатып, адам секілді тамақтанған болар едім», дейді. Оған аң-таң болған суретші қолына қағаз алып, бірер минуттың ішінде құстың сұлбасын салып береді. Зерттеушілер мұны қауесетке жатқызса да, шығармашылық көзқарас биігінен қарасақ шындыққа жанасатын әңгіме секілді. Неге десеңіз, суретші бала күнінен әкесінің айтуымен көгершін табандарын жиі жазған екен. Оның үстіне Пикассоның қызы Паломаның есімі испан тілінде «көгершін» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан көбі бұл шеңберді «бейбітшілік сүйгіш Пикассоның көгершіндерінің ізі» деп есептейді.
Тағы бір әпсанадан сөз тартсақ, Нұх Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын және Құдайдың адамдармен татуласқандығын жеткізген дәл осы інжіл құс болған. Біз сондай-ақ қасиетті Інжілде ақ көгершін түрінде түскен момын Мәсіхті еске түсіре аламыз. Ол аз десеңіз, қадым заманда әйгілі Венераның көгершіндері Марстың дулығасына жұмыртқалағандықтан, Соғыс Құдайы кезекті қантөгістен бас тартып, халықтың аман қалғандығы туралы антикалық аңыз да бар. Ендеше, қазақ халқы бекерден бекер көгершінді бейбітшілік құсына баламаған екен. Танымбелгінің осыдан таған тартатыны да ақиқатқа жанасады.
Дегенменде кейбір адамдар бұл нышанды шеңберге құлыпталған қанатты зымыранның контуры деп сенді. Мистикаға иланғыш ғалымдар ескі норвег руникалық алфавитінің төңкерілген 15-ші рунасына балады. Ақыры әр жерден жауап іздеген ойшылдардың ойы бір жерден шықпады. Әйтсе де оған негізгі белгінің авторы, Лондондағы Корольдік өнер колледжінің түлегі Джеральд Холтом мүлде бас қатырған жоқ. Символға тапсырыс 1958 жылы Ядролық қарусыздану қозғалысынан келген еді. Осылайша, сол жылы көктемде атом бомбасына қарсы наразылық шеруінде азаматтардың плакаттары мен жейделерінде «Бейбітшілік кресі» пайда болды.
Айтпақшы, бастапқыда Холтом шынымен шеңбер ішінде христиан кресін салғысы келіпті, өйткені алғашында пацифизмнің өзі қозғалыс ретінде протестанттар арасында өрбіген. Алайда діни қызметкерлер кресті жазуына кедергі келтіреді. Содан кейін Холтом «N» және «D» семафорлық алфавитінің екі әрпін өзінше құрастырды, бұл түпкі ойының қысқа-нұсқа аббревиатурасын білдіреді. Таңбаның оңай шифрлануы жалпы мазмұнның тереңдігімен тамаша үйлесім тапты. Оның Пикассоның көгершінінен айырмашылығы поцификті яки кез келген адам еркін сала алады. Сонымен қатар Холтом авторлық құқығын қорғауды ойламады. Онысы бейбітшілік үшін күрес тек ядролық қаруға қарсы ұйымдардың емес, қарапайым халықтың да мақсаты екінін дәлелдегісі келгені еді.
Осылайша, көп ұзамай бейбітшілік таңбасы әлемді аралап кетті. 1960 жылдың аяғында ұйымның соғысқа қарсы белсенділігі күшейіп, аталған танымбелгі хиппиге ұласты. Хиппи – махаббат пен пацифизм арқылы табиғи тазалыққа қайта оралу ниетіне негізделген философия. Негізгі мазмұнына үңілсеңіз қақтығысты шешуде зорлық-зомбылықты және материалдық игіліктердің құнын жоққа шығарады. Оның ұраны – «Соғыс емес, махаббат!».
Қаншама жыл өтсе де, поцифик таңбасы – бейбітшілік үшін күрестің символы ретінде ғана емес, жастар дизайнының қарапайым элементі ретінде де қабылданады. Бүгінде оны қабырғаға сызып, мойнына тағып жүргендердің дені мән-мазмұнын толық түсіндіре алмайды. Десе де қай елдің жастары асқақ та айбынды болса, сол мемлекеттің бүтін болмысында бірлікке шақыратын салқам мінез барын әлем сезінеді. Байқайсыз ба, біздің де көгімізде Пикассоның көгершіні қалықтап жүрген секілді.