Руханият • 22 Маусым, 2022

Жамбыл және Мұхтар

548 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ қарасөзінің хас шебері М.Әуезов пен жыр алыбы Ж.Жабаев арасындағы сабақтастық – қай заманда да маңызы арта беретін аса өміршең тақырып. Биыл академик жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толса, ғұламаның дарынды шәкірті, сарқытын жеп, ақ батасын алған көрнекті фольклортанушы, түркі-моңғол халық мұрасын кешенді зерттеген маман Бекмұрат Уахатовтың өмірге келгеніне 90 жыл толды. Білікті ғалымның сонау 1972 жылы жазған «Жамбыл және Мұхтар» атты зеттеуі бүгінгі оқырманға да терең ой салары анық.

Жамбыл және Мұхтар

Қазақ әдебиетінің қос бәйтерегі: Жамбыл мен Мұхтар егіз туған екі арыс. Жәкең – көп ғасырларды көктеп өткен жыр алыбы, төкпе жырдың тәңірісі болса, Мұхаң – қарасөзге дес бермейтін ұлы прозаик, әлемдік әдебиет классиктерінің бірі. Екеуі де – ел мақтанышы, халық қалаулысы, қазақ совет әдебиетінің негізін салушы. Бірі – жазба әдебиеттің, екіншісі – ауыз әдебиетінің шаңырағын көтеруші көркөмсөз зергері.

Жамбыл мен Мұхтар – бір дәуірдің, бір заманның адамдары. Екеуінің өмір сүрген, қызмет еткен уақтысы да бір.Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, екеуі де – үш бірдей қоғамдық, тарихтық формациядан өтіп кеп тұрған өнер иелері.

Жамбыл творчествосы туралы үлкен, өрісті ойлар айтумен қоса Мұхаң бір кезде қарт ақынның көркем келбетін жасауды да армандаған. Тегінде, асыл ағаға деген қимас достық сезімі Мұхаң өмірінің соңғы минутына дейін суымай, шайқалмай жеткен сияқты. Бұған 1957 жылы жазушыға еріп, Жамбыл ауылына барған кезімде көзім жетті. Мұхаң қашан кетер-кеткенше Жәкең есімін аузынан тастамай, екінің біріне: «Жәкеңнен ауысқан ақындығың бар шығар», – деп отыратыны әлі есімде. Орыс достары келгенде Мұхаң Жамбыл айтып төпей жөнелген жырларды қолма-қол, сол жерде ілесе отырып аударып бергенін және сол аударғандарының бәрі соншалықты дәл, әрі бейнелі болып келетінін Әбділда ағамыздың айтуынан да естідік. К.Федин бірде: «Көркемсөз зергеріне деген сүйіс­пеншілік тек оның өнерінің биіктігі үшін ғана емес, адамшылығының биік­тігі үшін де артады» деген болатын. Міне, осы пікірдің шындығын Мұхтар мен Жамбыл арасындағы достық, аға-інідей тел өскен татулықтан да көруге болады.

Сөйтіп, Жамбылды жақсы білген, әрі оны өзіне аға, дос тұтқан Мұхтар Әуезов енді Жәкеңді көркем прозада көрсетуді ойға алады. Сол мақсатпен Мұхаң «Абай» эпопеясының соңғы төртінші кітабына Жамбыл бейнесін қосқан. Автор мұнда Әбіш пен Жамбылдың жолығысуын суреттейді. Жамбыл Вер­ный қаласында сырқаттанып жатқан Әбішке келеді. Кеш бойы Мағаш пен Өтегелдіге Абайдың көп өлеңдерін айтқызып, таңдана тыңдайды. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деген өлеңді естігенде Жамбыл қозғалақтап, қатты толқып, өзінше бір ой түйеді. «Қасиет қайда, қазына қайда десем, Абайда екен ғой, мүлдем тегі! Атам заманнан бері «Қабан ақын айтты», «Құланаян Құлмамбет, Дулат, Мәйкөт, Шапырашты Сүйімбай құйындай соқты – «даңғыл шапты» дегеніміздің бәрі мына жерде екен ғой. Абай дария болғанда, былайғы жүрген бәріміз, жар, шұқанақ екеміз ғой тәйірі, шіркін. Бірді күлдіріп, бірді жұлдырып айтады десек те табатынды таппаппыз да! Елге пана, еске дана ақыл да, өнеге де бір өзінде тұрмай ма!? Құштар еттің, құмар еттің, Мағашым. Сенің жақсы әкең, менің жақсы ағам болсын, ұқтың ба, жетсін осым! Дуайдай дуай сәлемім осы болсын», дейді.

М.Әуезов, әсіресе, Жамбыл бейнесін суреттеп, оның сөйлеу тілін беруге келгенде ерекше бөтен өнер байқатқан. Ол алдымен Жамбылдың өз басын, оның сергек, алғыр, ақын жанын ақынша түсіне білетін шабытты өнер иесі екенін айнытпай танытса, онан соң Жетісу қазақтарының сөйлеу ерекшелігіне тән стильдік өзгешелікті соншалықты дәл жеткізе білген. Бір қызығы Мұхтар Әуезов романындағы осы диалог пен Жамбылдың «Абай суретіне» деген өлеңінің арасында көп жақындық бар. Тегінде, жазушы Жамбыл бейнесін жасар алдында ақын өлеңдерін әлденеше ақтарып қарап, ой елегінен әбден өткіз­ген секілді.

Кейін Әбіш қайтыс болғанда Жамбыл Мағаштар жатқан үйге тағы да келеді. Ол Әбішті жоқтап, алыстағы асыл азамат ұлы Абайдың жаралы жүрегін жұбатып: «Сәлем айт барсаң Абайға» деген өлеңі­мен, сәлем жолдайды. Бұл сөз көңіл айт­қан, жаралы жүректі жұбатқан талай адал, дос пейілден тіл қатқан сөз еді.

М.Әуезов Жамбылдың сыртқы бет-әлпет, кескін-келбетін де, ішкі-жан сырларын да сүйсіне суреттеп, шебер сипаттайды. Жамбыл әдеттегіден тыс, өзгеше әңгіме үстінде, әсіресе, өзінің қызыл күрең жүзін отырғандарға қара­тып, мол бурыл сақалын сілке сөй­лейді. «Айтар сөзі тілінің ұшы емес, ерні­нің ұшында дегендей төгіліп лыпып тұрған... Кішілеу өткір қой көзді, қызыл-күрең жүзді Жамбыл ақын үстел басындағы бар жұртты жадыратып, мәз қылды». Мағаш «енді отты көзді, ажарлы ақынның жалпақ жүзін, кең маңдай, кесек бітімін жиі тамашалап отырды».

Әсем айшықты осы жолдарда Жам­был­дың анық өмірлік, тарихи дәл портретін бере отырып, жазушы оның ақындық сыр-сипатын ұқтыратын мінез ерекшелігін де ұмытпайды. Сөйтіп, М.Әуе­зов «Абай жолы» атты эпопея­сын­да жыр алыбы Жамбылдың психо­­ло­гиялық тебіренісін, алғыр ақын жүрегі­нің жалын атқан асау бұлқынысын жеке адам­дық үлкен тұғырға көтере сипаттайды.

Міне, қазақ әдебиетінің күн шуақты асқар биігі, халқымыздың мақтан тұтар қос ерен жүйрігі бір кезде осылайша, жүрекке жүрек қосып, айнымас берік достық тапқан.

 

Бекмұрат УАХАТОВ