Қазақстан • 23 Маусым, 2022

Төрағалықты сәтті аяқтады

575 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығы сәтті аяқталды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Төрағалықты сәтті аяқтады

2022 жылғы 17 маусымда Қазақ­станның төрағалығымен Дүние­жүзілік сауда ұйымы­на мүше мемлекеттер министр­лерінің 12-конференциясы өтті. Жиын қорытындысы бойынша халықаралық сауда саласында аса маңызды шешімдер топтамасы қабылданды. Осы ретте бірқатар келісім бойынша келіссөздер ондаған жылға созылды.

ДСҰ-ға бар-жоғы жеті жыл бұрын ғана кірген Қазақстан – Министрлер конференциясына төрағалық еткен ең жас ел. ДСҰ-ның жоғары басқарушы орга­нын Ұйымға осы институт құ­рылғаннан кейін кірген және теңізге шығатын жолы жоқ Еура­зия аймағының елі тарихта алғаш рет басқарды.

Қазақстанның табысты төра­ғалық етуіне жоғары дең­гей­дегі тұрақты байланыстар ықпал етті. Жиын барысында 12-конференцияның күн тәрті­біндегі мәселелер мен оны дайындауға көбірек көңіл бөлінді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен жүргізген келіссөз барысында Қазақстанның ДСҰ аясындағы ынтымақтастығының стратегиялық маңызын және еліміздің ДСҰ келіссөздер күн тәртібіндегі шешілмеген барлық мәселені реттеуге сындарлы үлес қосуға әзір екенін бірнеше рет атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкім­­шілігі Басшысының бірінші орынба­са­ры Тимур Сүлейменов аталған 12-кон­ференцияға төраға болды.

ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанның төрағалығына жоғары баға беріп, Конференцияға дайындық аясындағы жемісті ынтымақтастығы, сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты осы жаһандық іс-шараны Нұр-Сұлтаннан Женеваға ауыстыруды қоса алғанда, түрлі сын-қатерлерді еңсерудегі шеберлігі мен ептілігі үшін еліміздің басшылығы мен Үкіметіне ризашылығын білдірді.

Конференция қорытындысы бойын­ша ДСҰ-ға мүше 164 елдің сауда министр­лері заңсыз, хабарланбайтын және реттел­мейтін балық кәсіпшілігіне ықпал ететін суб­сидияларға тыйым салу туралы тарихи келісімді қабылдады. Бұл келісім азық-түлік қауіпсіздігі мен жұмыс орындары тұрғысынан балық аулауға тәуелді қоғам­дастықтар үшін тіршілік ету құралын сақтау мақсатында балықты шамадан тыс аулауды шектеуге бағытталған.

ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясында қабылданған қауіпсіз әрі тиімді вакциналарды өндіру, дамушы және нашар дамыған елдерге вакциналар беруді кеңейту жөніндегі зияткерлік меншік құқықтарын шектеу мүмкіндігі туралы шешім COVID-19 пандемиясының алдын алу, оны емдеу немесе таралуын тежеу үшін үлкен маңызға ие.

Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты кедей елдердің халқын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету үшін БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында көрсетілетін азық-түлік көмегін экспорттық тыйымдардан немесе шектеулерден шығарып алу туралы шешім қабылданды.

Министрлер көрсетілетін цифрлық қызметтер мен өнімдерді, әсіресе пандемия және экономиканы қалпына келтіру кезеңінде дамытудың маңыздылығын мойындай отырып, Электрондық сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға және электрондық транзакциялар кезінде кедендік баждарды алу мораторийін ДСҰ-ның келесі министрлік конференциясына дейін ұзартуға келісті. Бұл шешім бизнес пен тұтынушылар үшін айқындылық пен бол­жам­дылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ цифр­лық экономиканы дамытудың артық­шылықтарын көрсетуге септігін тигізеді.

ДСҰ Бас директоры министрлердің 12-конференциясында сөйлеген қорытынды сөзінде сауда қазіргі дағдарыстарды шешудің бір бөлігі екенін және қол жеткізілген келісімдер топтамасы ДСҰ-ға мүше елдердің геосаяси жарылыстарды еңсеру, әлем қоғамдастығының проблемаларына ден қою, экологиялық проблемаларды шешу және ауқымды әлеуметтік-экономикалық интеграцияға жәрдемдесу үшін бірігуге қабілетті екенін атап өтті.

Бұрын-соңды болмаған шешімдер саны ДСҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясының ерекшелігі болып табылады. Бұл ДСҰ-ның халықаралық сауда қағидаларын әзірлеу және реттеу жөніндегі жалғыз көпжақты алаң болып қала беретінін, сондай-ақ аса өзекті жаһандық проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаратынын білдіреді.