Спорт • 24 Маусым, 2022

Азияда алдыңғы қатардамыз

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үндістанның бас шаһары – Делидегі Индира Ганди атындағы жабық стадионда велотректен ересектердің 41-ші, жасөспірімдердің 28-ші және пара-спортшылар арасындағы 10-шы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жыл сайын ұйымдастырылатын Сары құрлық біріншілігіне биыл 15 елдің үздіктері жиналды. Мұнда Париж Олимпиадасының іріктеуіне ұпай беріледі.

Азияда алдыңғы қатардамыз

Спортты дамыту дирекция­сының мәліметі бойынша қазақ­стандық спортшылар Делиде тәуір нәтиже көрсетіп, бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Атап айтар болсақ, жас­өспірімдер арасындағы бір шақырым қашықтықты уақытқа жарыс бәсекесінде қазақстандық Кирилл Курдиди алдына жан сал­ған жоқ. Чемпионның көр­сеткіші – 1:02.840 секунд. Оңтүс­тіккореялық Чон Ву Ким күміс, жапониялық велошабандоз Минато Наканиси қола жүлдегер атанды.

Екі Олимпиадада бақ сынаған тәжірибелі отандасымыз Артём Захаров омниум бағдарламасында 123 балл жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Бұл сында жапониялық Сюнсуке Имамура топ жарса (152 ұпай), Мұхаммед Ганджханлу 120 ұпай жинап, Иран қоржынына кезекті қола жүлдені салды.

Сондай-ақ әйелдер арасындағы омниум жарысында қазақстандық Рината Сұлтанова 121 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Жапония спортшысы Цуяко Учино Азия чемпионы атанса (139 ұпай), индо­незиялық Делия Аюстина Приатна 123 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.

Айта кетейік, омниумды вело­тректегі көпсайыс деп атауға болады. Яғни велошабандоздар бір күнде бірнеше бағдарлама бо­йынша жарысады. Омниумнан Олимпиада жүлдесі алғаш рет 2012 жылы Лондонда сарапқа салынды. 2016 жылдан бастап көпсайыстың құрамында 4 бағ­дарлама қалды. Олар: скретч (мұн­да мәреге кім бірінші келсе, сол жеңеді), ұпайға талас, жан бағу (әр белгіленген айналымда соң­ғы болып мәре сы­зығын кескен спортшы жарыс­тан шығып оты­рады) мен із кесу жарысы. Бай­қағаныңыздай, нәти­жесінде ең көп ұпай жинаған атлет жеңіске жетеді.

Ал кейрин бәсекесінде өнер көрсеткен отандасымыз Сергей Пономарёв ел қоржынына екін­ші қола жүлдені салды. Ол бұл жарыс­та Кохей Терасаки (Жа­пония) мен Шах-фирдаус Мұхам­мед Сахромға (Индонезия) есе жіберді. Осы бағ­дарламада жарыс жолына шық­қан тағы бір қазақстандық Ан­дрей Чугай алтыншы сатыға жай­ғасты.

Кейрин – өткен ғасырдың ортасынан бастап Жапонияда қар­қынды дамыған тректегі веложарыс түрі. Спортшылар 2 ша­қырымға жа­рысады. Трек­тегі сынға бір ме­зетте кем де­ген­де 6, әрі кетсе 9 спортшы шы­ғады. Позиция жере­бе ар­қы­лы анықталады. Олар сөре­де жан­күйерлерге қа­рап 2 рет иіліп сәлем беруі қа­жет. Ве­лоша­бан­доз­дар бір жарым ша­қырым бойы көш бастап жү­ретін арнайы адам – пейсердің соңынан еріп, өзіне ыңғайлы позиция үшін таласады. Ал 500 метр қалған кезде пейсер шетке шығып, мәреге дейін қызу талас жүреді. 2000 жылдан бастап бұл жарыс Олим­пиада бағдарламасынан түскен емес.

Айта кетейік, трек пен тасжол­дағы велоспорттан құрлық чем­пио­наты 2017 жылдан бастап бө­лек ұйымдастырылады.