25 Сәуір, 2014

Қызылордада балалар үйінің шәкірттері Еңбек Ері ауылымен танысты

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25-04-14-abzal_eraliev-1

ҚЫЗЫЛОРДА. 25 сәуір. Қызылордадағы А.С.Макаренко атындағы балалар үйінің тәрбиленушілері жергілікті кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев басқаратын «Абзал және К» толық серіктестігінің ауыл шаруашылығы өндірісімен таныстырылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыстың Сырдария ауданы аумағында орналасқан Н.Ілиясов атындағы ауылға балалар үйінің шәкірттері осы мақсатта келді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен балалар үйінің басшылығы ұйымдастырған бұл кездесуде жеткіншектер серіктестіктің жылы жайы мен заман талабына сай жабдықталған 2 күріш өңдеу зауытының жұмысын көрді. «Абзал және К» агрофирмасындағы қайнаған еңбекке және орнатылған жаңа технологияларға қызыға қарап әрі көкейлеріндегі сауалдарға қойған оқушыларға кәсіпорын жетекшісі егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Балаларға, әсіресе, А.Ералиевтің «Біздің кәсіпорын үлкен табысқа тек еңбек арқылы жетті. Сендер де өз мақсаттарыңа осы еңбек пен шыдамдылық, төзім арқылы жете алатындарыңды білулерің керек», – деген сөзі айрықша ұнады. Балаларды «Абзал және К» жұмысымен таныстыруға бастап келген апайлары – педагог-психолог Ақмарал Елдесбаева: «Бүгін біздің оқушыларымыз серіктестіктің тыныс-тіршілігіне қызығушылық білдірді. Балалардың мұндағы көргендері   келешекте өздерінің мамандық таңдауларына әсерін тигізеді деп ойлаймын», – деді. Ал Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров  жастарды ауыл шаруашылығы өндірісімен таныстырудағы негізгі мақсаттарын түсіндіре келіп: «Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен білім беру басқармасы бірлесе жастарға кәсіптік бағдар беру шараларын жүргізуде. Қазір білікті мамандар тапшы болғандықтан, мұндай іс шаралардың маңызын білім саласындағылар терең түсінуде. Сондықтан, келешекте жүйелі түрде мектеп оқушыларын сұранысқа сай мамандықтарға бейімдеу жұмыстарын жалғастыра береміз», – деді. «Абзал және К» серіктестігіндегі қайнаған еңбекпен танысқан жеткіншектерге облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан естелік-сыйлықтар тапсырылды. Жолдыбай Базар. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы.