Спорт • 26 Маусым, 2022

Шавқат жеңіске жетті

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында аралас жекпе-жектен UFC про­мо­у­шенінің кезек­ті турнирі өтті. Атал­ған жарыстың басты бәсе­келерінің бірінде күні бүгінге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов жартылай орта салмақтағы үздіктер тізімінде тоғызыншы орында тұрған АҚШ-тың белді спортшысы Нил Мэгнимен айқасты.

Шавқат жеңіске жетті

Бүгінгі таңда біздің ғана емес, барша шетелдік БАҚ өкілдері жарыса мақтап жатқан Шавқат Рахмонов бұл жолы да қазақ жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі. Барлығы 34 бәсеке өткізіп, 26 мәрте жеңіске жеткен 35 жастағы Нил Мэгни қанда­сымызға лайықты қарсылық көрсете алмады. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Шавқат оған бір­неше ауыр соққысын дарытты. Нил үзіліске дейін шыдады. Екінші раунд­та да дәл сол жағдай қайталанды. Десек те бұл жолы қазақ спортшысы бәсекені ұзаққа созба­ды. Үзіліске үш секунд қалғанда Рахмонов Мэгниді қылқындырып тастады. Осы­лайша, Шавқат өзінің 16-шы жеңісіне қол жеткізді.

Сол жарыста жеңіл салмақтағы Сергей Морозов та (17-5) октагонға шықты. Биыл жазда 33 жасқа тол­ғалы отырған ол UFC-дегі үш бәсе­кенің екеуінде қарсыластарына жол берді. Енді жерлесіміздің жеңі­­луге қақы жоқ еді. Осы жолы Мо­розов Раулиан Пай­вамен (21-4) күш сынасты. 26 жастағы Бразилия өкі­лінің осыдан екі жыл бұрын біз­дің Жалғас Жұма­ғұловты ұпай саны­мен ұтқаны есімізде. Өзінің командалық әріптесі жіберген есені Сер­гей қайтарды. Алғашқы раундта бразилиялықтың басымдығы бай­қалғанымен, одан кейін Морозов тізгінді қолға алып, ұпай санымен же­ңіске жетті.

Сонымен қатар Лас-Вегаста жартылай жеңіл салмақтағы Сайран Нұр­данбек те (37-10) сайысқа шықты. Қы­тайда туып-өскен қандасымыз аме­рикалық Ти Джей Браунмен (16-8) күш сынасты. Өте тартыс­ты өткен жекпе-жек Сайранның пайдасына шешілді.