Әдебиетте жаңадан кейіпкер жасап, образ тудыру оңай емес. Небір мен деген ақын-жазушылар кейіпкерсіз кетуі мүмкін. Әрине, кейіпкер тудырмай қоймайды ғой ақын-жазушы, алайда Бейімбеттің «Мырқымбайындай», Жұматайдың «Ләйләсындай» ел арасына кең тарап кеткендері кемде-кем. Қазақ поэзиясындағы кейіпкерлер аллеясына Жұматай Жақыпбаев қадау-қадау кейіпкерлер әкелді. Жаңа образдар тудырды. Ләйлә мен Кенежиренді қосты жыр бәйгесіне. Біреуі адамзат баласында, біреуі жылқы баласында маңдайы жарқырап шыға келді де, ақынды өлместің кемесіне мінгізді де жіберді.

Сұлулық пен ізгіліктің қасиетін түйсіне бастаған кез келген өлеңге құмартқан жастың Жұматай Жақыпбаевпен «ауырмағаны» кемде-кем шығар. «Сен маған сүюді үйреттің, билеуді өзім-ақ үйрендім» деп ақынның өзі айтпақшы, жырға ғашық жүректердің бірталайын Жұматайдың Ләйләсы ынтықтырды. Асқақ сезімдерді үлгі етті. Соңында қаншама аңызға айналған кейіпкерлер қалды. Өзі жыр қағаны аталып кетті. Қарапайым өлең жоқ Жұматайда. Барлығы жазатайым, оқыс, кейде тіпті тұлан тұтып тұрғандай қабылдануы да мүмкін. Өзі жырлағанындай, «бір қиғылық салғысы келеді де тұрады». Жұматай – ақын, Жұматай – көкпаршы, атбегі, домбырашы, Жұматай – боксшы, Жұматай – ажалсыз, осының бәрі өлеңдерінде ойқастап көрініп тұрады. Оның ажалсыз атануы – көкпар ойнап жүріп астындағы атымен үш қабатты үйдей үлкен жартастан секіріп кетіп тірі қалғандығы. Ол туралы да өлеңі бар. Далада өскен қазақ жігіттерінің көбі сүюді Жұматайдан үйренетіні сондығынан болуы мүмкін.
Ақынның жыр қағаны аталуына өлеңдегі әртүрлі ерекшеліктері, құрған жыр қағанаты әсер етті десек те, эпостық, ертегілік дәуірді өз заманына жалғай алған қуатынан дер едік. Жамбылдың Грузияға сапарын «Ғұндардың жүрегі» деп немесе «Қасоқ ғазалдарын» қайта қоздатқанына жеке-жеке тоқталып әңгімелеуге болады. Алайда оның біз таныған бір ерекшелігі сиқыры мен сазында сияқты көрінеді. «Өлеңнен келген Ләйләны менің өлеңім қалай тоқтатсын» демей ме? Немесе «жыр мен эпос заманынан келгенін, жасырады шынтағына сүйеніп» деп әріден тартады. Ал Кенежирен тұлпары туралы тым өзгеше сілтейді.
«Алдынан сөре, артынан қиқу таялса,
Бұзау тіс қамшы бұтынан шақса шаянша,
Құлажирен ат құйқылжып шығып баянша,
Құла бір дөңнен құлдырар еді қоянша».
Осылай тұр-ақ кеп басталып, тұлпардың екпінімен самғап алып жөнеледі өлең. Осы шумақтың әр жолына жеке тоқталса болады. Тұлпар деген жайшылықта аса сабырлы ғой негізі. Дүбір мен қиқуға делебесі қозып алып жөнелмесе. Ондай бір сәттерге тап келмесе шаппауы да мүмкін. Жарауы мен бабы өз алдына. Бұзау тіс қамшыны бұтынан шақтырып қойғаны тіптен керемет. Шабандоз тақымын қысып отырып оқитын жыр демесіңе қоймайды. «Бақтарың баянды болсын» дейтін үлкендер. Ұзағынан сүйіндірсін дегенге келеді. Бұл жерде топтан қара үзіп шығып баян тапқаны айтылса керек. Талай түлкі алған тазыға бір шалдырмай кеткен қоянның зымырап бара жатқанын көрген далалықтар түсінеді қоянша заулағанды. Орқоянның артындағы бір топ итке қарасын көрсетпей жөнелгенін талай көрдік.
«Арқасы қозса ылди ма, өр ме, елемей,
Зымырар еді сындарлы, сырлы жебедей,
Ауаны тесіп, аспанда ұшқан кемедей,
Немесе безіп түрмеден шыққан немедей».
Бұл жолдар бірінші шумақтан озып тұр. Тұлпардың да арқасы қозады. Шабыттанады, ақындарша толғанады. Ақындар әу баста тұлпар шабытты жылқыдан көрген болуы мүмкін. Жебедей аққаны аздай кемедей көкке шығарып қойғанымен қоймай, түрмеден шыққан немедей деп күллі жанталас пен арпалысты көз алдыңа келтіреді. Шабандоз болмаса мұны екінің бірі парықтай бермеуі де кәдік. Көзі алайып бір еліріп алған тұлпар ауыздықты тістеп алып шабады. Оны тоқтатам деп әуре болмаған жөн.
«Зырқырар еді сүрінем деп те қорықпай,
Тоқтатар оны кедергілер де жолықпай.
Сөрені бетке ап үш күндік жерден зорықпай,
Құйындар еді құланын көрген қодықтай.
Ән болып біткен Құлагер әлгі күліктей,
Бәйгеден келсе кернейшілер де ілікпей,
Алшаңдар еді ала аяқтары бірікпей,
Қылықты қыздың қасынан келген жігіттей...».
Осы төрт шумақ өлеңнің ішіне барлық құбылыс кірігіп тұр. Ақыр аяғы ана мен баланың шұрқырап табысуы, ғашығынан көңілі өсіп қайтқан жігіттің образы, бәйгеден келгенін біліп мерейі асқан тұлпар бейнесі. Және осының бәрі қандай қуатпен жазылған, тұлпардың шабысынан бір мысқал кем емес. Бір сөзбен айтқанда, шабандоз тақымын қысып оқитын жыр!
Қарымта кездесуде қауқар көрсете алар ма екен?
Спорт • Кеше
Жұрт көңілін аулаған мектеп жәрмеңкесі
Қоғам • Кеше
Әлем • Кеше
Электронды шылымға шырмалғандар
Қоғам • Кеше
Әлем • Кеше
Руханият • Кеше
Түркия-Ресей: Газ мәселесінде келісімге келді
Әлем • Кеше
Қоғам • Кеше
Руханият • Кеше
Руханият • Кеше
Руханият • Кеше
Спорт • Кеше
Қоғам • Кеше
Руханият • Кеше
Қазақстан • Кеше
Қазақстан • Кеше
«Астана Опера»: Таңғалдыратын дүкендер ашады
Елорда • Кеше
Таным • Кеше
Бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Қазақстан • Кеше
Өскемен тұрғынынан есірткі тәркіленді
Оқиға • Кеше
Рината Сұлтанова Түркияда тағы бір алтын иеленді
Спорт • Кеше
Израиль армиясы Газаны атқылап жатыр
Әлем • Кеше
Ақтаулық бала жағалаудағы шұңқырға құлап кетті
Оқиға • Кеше
Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың рейтингісі жаңарды
Кәсіпқой бокс • Кеше
Жалған құжатпен қоғамдық көлікті басқарған жүргізуші ұсталды
Аймақтар • Кеше
Шымкентте 9 жастағы бала тоққа түсіп қалды
Оқиға • Кеше
Кубаның мұнай сақтау қоймасында жойқын жарылыс болды
Оқиға • Кеше
Елордада бес автобустың бағыты өзгерді
Елорда • Кеше
Ыстықкөлде жоғалып кеткен спортшы табылды
Оқиға • Кеше
7 тамызға арналған валюта бағамы
Қаржы • Кеше
2652 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты
Медицина • Кеше
Коронавирус жұқтырған 9 пациенттің жағдайы нашар
Коронавирус • Кеше
Павлодарда самокат тепкен баланы көлік қағып кетті
Оқиға • Кеше
Оралда стадионнан адамның денесі табылды
Оқиға • Кеше
Ұқсас жаңалықтар