Ахмет Байтұрсынұлы • 26 Маусым, 2022

Алаш ардақтысын түркі әлемі ұлықтады

258 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңындағы жаңалық – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ха­лықаралық Түркі ака­демиясының ұйымдасты­руымен Nazarbaev University ғимаратында өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайлас­тырылған ғылыми конференция болды. Алаш ардақ­тысына арналған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы елшілері, ректорлар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын тізгінін белгілі алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы ұстады.

Алаш ардақтысын түркі әлемі ұлықтады

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық және халықаралық деңгейде аталып өтетіні белгілі болды. Былтыр 23 қарашада ЮНЕСКО-ның бас конференциясында да ұлт ұстазының мерейтойын мере­келеу жөнінде арнайы шешім қабылданды. Ахмет Бай­тұр­сынұлының реформаторлық идеялары халықаралық ғы­лыми кеңістікте, әсіресе түркі әле­міндегі гуманитарлық ғылым­дарда әлі де өзекті. Түрік, қыр­­­ғыз, өзбек, түрікмен, татар, баш­­құрт, тағы басқа елдер ғалым­дарының өз ұлттық жа­зуы­ның қалыптасуына септігін тигізгені жөнінде арнайы зерт­теулер де бар. Оксфорд универ­си­тетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы өз еңбектерінде Алаш көсемдері Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына ХХ ғасырдың басындағы мәдени бетбұрыс жасаған реформатор ретінде жоғары баға берді. Бүгінгі конференцияның Халық­аралық Түркі академиясы Ғы­лыми кеңе­сінің мүшелері, білім және ғылым салалары ми­нистрлерінің отырысы ая­сын­да өткізілуінің де өзіндік мәні бар» деп атап өтті Дихан Қамзабекұлы. 

Алқалы жиынның басында Түркі академиясы әзірлеген 2 томдық «Түркістан – Түркелі» энциклопедиясының, 3 томдық «Түркі әлемінің тұғырлы тұлға­лары» жинағының және «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кіта­бының тұсаукесер рәсімі өтті. Академия президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, «Түр­кістан – Түркелі» осыдан 25 жыл бұрын шыққан «Түркістан» энци­клопедияның халықаралық талаптарға сай жаңартылған нұсқасы. Мұнда Алаш қайрат­керлері, түркі әлемінің ынты­мақ­тастығына қызмет еткен қай­раткерлер қамтылған. «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» қазақ және түрік тілінде, түркі әлемінің 260-қа жуық тұлғасы топтас­тырылған. Үшіншісі аты ай­тып тұрғандай, Ахаң жөнін­дегі кітап. Қазақ және ағылшын тілінде.

Әзербайжан Республикасы­ның Білім министрі Эмин Амрул­лаев ұлт ұстазы Ах­мет Байтұрсынұлы жөнінде баян­даманы ана тілінде жасады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сө­зінде Түркияның бірнеше қала­сын­да халықаралық іс-шаралар ұйым­дастырылып, Анкарада Ахаңа үлкен ескерткіш қойы­латынын хабарлады. Па­риж­де ЮНЕСКО көлемінде дөң­гелек үстел, қорытынды халық­аралық түркологиялық конгресс Түркістан қаласында өтеді екен. «Ағылшын тілі соңғы ға­сырда 5 рет квалификация­дан өткені мәлім. ХХ ғасыр ба­сында Уинстон Черчиль, тағы басқа Нобель сыйлығының лау­реаттары жұмыс тобын құрып, ағылшын тілін квалификациядан өткізді. Оксфорд сөздігін дайындағанда да ағылшын ті­лінің біртұтас квалификация­дан өткен сөздігін жасап шық­қан. Одан кейін де 4-5 рет осын­дай үлкен квалификация жүр­гізген. Сондықтан ағылшын тілі ха­лықаралық мәртебеге сай, сыйымдылығы өте кең тіл­ге ай­налып отыр. Мұны біз де бастауымыз керек. Қазақ тілі әлі күнге Байтұрсынұлы жазып кеткен оқулықпен келеді. Яғни бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы жасап кеткен квалификация не­­гізінде келеміз. Бір ғасырда қан­шама жаңалық келді жа­һанға. Тіл сыйымдылығы деген ұғым бар. Атақты Шварц ат­ты кісінің кітабын аударғанда көзім жеткен, ағылшын тілінің сыйымдылығы соншалықты жоғары. Жаңа терминдер, ұғым, тұжырымдамалар сыйып

кете береді. Сондықтан жаңа­дан құрылып жатқан ми­нис­тр­ліктің құрамындағы Тіл ко­ми­тетінің ресурстарын да өз­гертудеміз. Ана тіліміздің қол­данбалы түрдегі цифрлық ке­ңістікте де, квалификация тұр­ғысынан да үлкен жұмыс тұр алдымызда. Жаңа Қазақ­станның идеологиялық негізі жаңар­тыл­­ған квалификациялық тілде бол­мақ», дейді Саясат Нұрбек.

Қырғыздар Алашты намысым, қанатым дейді екен. Қыр­ғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Ал­маз­бек Бейшеналиев ұлт ұс­тазы Ахаң­ның түркіге ортақ тұлға екен­дігіне тоқтала кетті. «Біздің мәдениетіміз, тарихымыз, сөз байлығымыз, салтымыз ұқсас. Ахмет Байтұрсынұлының әре­кеті тарих алдында біздің жа­уапкершілігімізді еске салып, жұрт басын біріктіріп, келешекке көз салуға нұсқайды» деген ол Ахаң жасаған әліпбиді Қытай, Ауғанстан, Иран қазақтары қа­зірге дейін қолданып келе жат­қанын еске салды.

Дәл осы күні V отырысын өткізген Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемінде Байтұрсынұлы жылын жария­лады. Өз кезегінде академия президенті Дархан Қыдырәлі би­ылғы наурыз айының 20-сында Ахмет Байтұрсынұлы жылын бастап кеткенін қаперледі. Елордада, Алматы, Бішкек, Баку, Анкара, Ыстамбұлда арнайы жиындар өткізген. «Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұйытқы болған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Түркі әлемі гео­графиясы» оқулықтарын қайта жаңғырттық. Бауырлас елдердің білім министрлерінің қатысуымен бұл оқулықтар рес­­­ми түрде бекітілді. Енді хаттамаға сәйкес академияға мүше мем­лекет­терде осы оқулықтар 7-8 сынып оқушыларына оқытыла бас­тайды.

Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтары тарихында тұ­тас бір дәуірдің келбетіне өз­геріс жасаған   кемел тұлға. Ол қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу, жүйелеу, реформалау ар­қылы бауырлас халықтардың да әдеби жауһарларының зер­деленуіне, түркі  тілінің жаңа белеске көтерілуіне ықпал еткен ғылым қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор, Семей, Ташкент, Алматы, Шәуешек, Баку қалаларында еңбек етіп, саяси-қоғамдық, ағартушылық қызметтер атқара жүріп, түркі руханиятын жақындастыруға орасан үлес қосты. Осы бағытта түркі әлемінің рухани көсемі, жәдитшілдік қозғалысының же­текшісі – Исмаил Гаспралыны ұстаз тұтып, оның ізбасар мұ­рагері болды.

А.Байтұрсынұлы түркінің ағартушы тұлғалары Абдурауф Фитрат, Мунаввар Кары Абдура­шидханов, Махмуд Ходжа Бех­бу­дилермен Түркістан халық­тарының тұтастығы жолында ортақ еңбек етті. Әсіресе, педагогика саласындағы еңбек­тері ба­уырлас елдердің жаңашыл тұла­ғаларымен тығыз байланыс­та өрбіді.

 А.Байтұрсынұлының қайрат­керлік жолындағы ең өнімді саласы – білім, ортақ әліпби, мектеп реформасы, оқулықтар дайындау қызметі татар, баш­құрт,қырғыз зиялыларымен иық тіресе атқарған еңбектерінен кө­рініс табады».       

Байтұрсынұлы бас алқаға сайланған Баку конгресінің ең өзекті бағдарламасы әліпби реформасы туралы мәселе болғаны белгілі. Мен жақында ғана Бакуде болдым. Сонда Әзербайжан Жа­зу­шылар одағының басшысы Анар мырза, Чингиз Абдуллаев сияқты ақын-жазушылармен кездестім. Анар мырза «Баку кон­гресінің шешімдеріне қазіргі күн тұрғысынан қарасақ, ең дұ­рыс сөз айтқан Байтұрсынұлы болды. Мен егер сол кезде өмір сүрсем Байтұрсынұлын қолдар едім. Бірақ әрине, қазір бізге латын әліпбиі керек. Сол кезде біздің тіліміздің тұтастығын сақтап, руханияттан ажырап қал­мау үшін Байтұрсынұлы айтқан әліпбиде қалуымыз керек еді. Оның сингарманизм заңдылығы туралы айтқандары, терминдер тұрғысында қозғаған мәселелері әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ» деп Анар мырза тосын ой айтты» деді Дархан Қуандықұлы.

Сонымен қатар конференцияда отандық және шетелдік түркітанушы, ахметтанушы ға­лымдар, атап айтқанда Л.Н.Гу­­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Е.Сы­дықов, Назарбаев Универ­ситетінің вице-президенті Қ.Даи­рова, Әзербайжан Респуб­ликасы Ұлттық Ғылым акаде­миясының Насими атындағы Тіл білімі институты Түркі тілі бөлімінің меңгерушісі, филология ғылым­дарының докторы Эльчин Ибра­химов, Түрік Республикасы  Памуккале университетінің профессоры, доктор Нергиз Бирай, академик Ш.Құрманбайұлы, Түркітану және алтайтану ғы­лыми-зерттеу институтының ди­­ректоры Қ.Сартқожаұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің про­фес­соры Б.Әбдуәлиұлы, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия универ­ситетінің доценті Қ.Кемеңгер баяндама жасап, ұлт ұстазының қоғамдық қызметі мен ғылыми ең­бектеріне жан-жақты тоқ­талды.