Экономика • 26 Маусым, 2022

Импортты алмастыру қалдықты өңдеуден басталады

497 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Полиэтилентерефталат, яғни термопластикалық полимер бөтел­кеден бас­тап, киім, жиһаз сынды қарапайым заттар өндірі­сінің бәрінде қолданылады. Енді бұл тізбек Қазақстанда заңмен жүйеленбек. Осы­ған байланысты жақында пластикалық қалдық­тарды өңдеушілер мен қазақстандық тоқыма өндірушілер арасында стратегиялық ынты­мақтастық туралы меморан­думға қол қойылды.

Импортты алмастыру қалдықты өңдеуден басталады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Экономика қоқыс реформасынан басталады

Қазақстан қаптаушылары қауым­дастығының төрағасы Батыр­бек Әубәкіров аталған құжат жеңіл өнеркәсіп пен полиэфирлі талшық өндіретін Green Technology Industries кәсіпорны арасындағы байланысты жандандыруға септігін тигізетінін жеткізді. Ал кәсіпорын басшысы Гүлмира Уахитованың айтуынша, тараптар арасындағы бұл келісім кәдеге жарату саласы мен айналмалы экономиканы дамытуға серпін береді, жеңіл өнеркәсіп пен отандық плас­тик қалдықтарды өңдеушілер арасындағы өндірістік кооперация­ны ұйымдастыруға ық­пал етеді. Қысқасы, жеңіл өнеркәсіпті полимер шикізатымен қамтамасыз ету қолға алмақ.

Жалпы, біздің қолымызда өңдел­меген тері, мақта және жүн­нен өзге ещтеңе жоқ. Оның да тең жартысын кәдеге жарата алмай, қоқысқа лақтырып отырмыз. Ал одан қаншама дайын өнім шығаруға болатынына мән бере бер­мейміз. Дайын өнім шығаруға қанша химия, полимер шикізатын қол­дана­тынын білмейміз. Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, экономиканың дамуы қоқыс реформасынан басталады. Мысалы, өткен аптада түрік ағайындар қой терісінен желатин дайындайты­нын айтты. Ал өндірістік мақсаттағы желатин – жеңіл өнеркәсіп саласында құны алтынмен ғана бағаланатын қоспа. Себебі табиғи тері де, мақта та табиғатта жұмсақ. Ал қос­паның мұндай түрі бұйымның серіп­пелігін, беріктігін арттырады.

«Қоқыс реформасына күле қараудың қажеті жоқ. Мыса­лы, Франция бренд маркілі иіссу­ларымен танымал. Ал оның бағасын 25 пайызға қымбаттатып отырған – оның құтысы. Ал бұл құтының 80 пайызы – терең өңделген ПЭТ қалдығынан, 20 пайызы хрусталдан тұрады. Иіс су шығаратын әрбір кәсіпорында ПЭТ қал­дықтарын қабылдайтын орын болады», дейді М.Спанов.

Сарапшының айтуына қара­ғанда, қазір тауарларды қағаз қап­та­маларда дайындаудың шығыны өсіп отыр. Сондықтан оның орнын полимер қаптамалар алмастыра бастады. Жақында сүт өнімдері­нің 20 пайызға қымбаттағаны қап­та­масына байланысты екені ай­тылды.

«Әр өңірде соларды өңдейтін шағын кәсіп­орындар ашсақ, жеңіл өнеркәсіп дамып, бұл саладағы үле­сімізді 20 пайыздан асыруға мүм­кіндік алар едік. Қалғаны – уақыттың еншісінде. Ендігі жер­де инновациялық жобаларды қар­жыландырған кезде жан-жағы­мызда шашылып жатқан тұрмыс­тық қалдықтарды пайдаға асыратын жобаларға басымдық берген дұрыс», дейді М.Спанов.

Сұрыптауға ерекше ден қойылуы керек

Қалдықты сұрыптау мәдениеті қалыптас­пайынша, импортты алмастыру бағдарламасынан үміт күтуге болмайтыны ұдайы айтылып келеді. Бірақ мұнай ақшасының буы жерде шашылып жатқан ен байлыққа қаратуға мұрша бер­мейді. Енді басты импортеріміз Ресей­ге са­лын­ған санк­цияның салдары өз мүм­кін­дігімізді сара­лауға мәжбүр­леп тұр.

Үкімет қарап отырған жоқ. Наурыз-сәуір айларында күнделікті қолданатын бұйымдардың тым бол­маса бірнеше түрі өзімізде өнді­рілетінін айтты.

«Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төр­ағасы Батырбек Әубәкіров был­тыр елімізде 2,3 млрд литр сусын, минералды су, шырын және күн­бағыс майы ПЭТ-бөтелкеде шыға­рылғанын, елге жыл жыл сайын 1,5 млрд дана бөтелке сырттан жет­кізілетінін айтты. Соның 5 пайызы ғана өңделіп, өзгесі қоқыс полигондарында өртеледі немесе шетел асады. «Қалғаны қайда кетіп жатқаны белгісіз. Қанша ПЭТ-бөтелке сырт­қа шығарылғаны, қаншасы қоқыс полигонында жатқаны белгісіз», дейді Б.Әубәкіров.

Оның айтуынша, қоқысты өңдеу саласына баса мән беру қажет. Қал­дықты қоқыс полигондарына көме салмай, қайта өңдеу шарт. Бұл экономиканы әртараптандыру үшін маңызды. Сыртқы нарықта то­қыма талшығының бағасы 1 200 доллар болса, ПЭТ үлпектері (қай­та өңделген пластик) – 850-900 долларға бағаланады. Ал еліміз­дегі сусын шығаратын кәсіпо­рын­дар ПЭТ үлпершектерін Ресей­ден, Өзбек­станнан тоннасын 800-900 доллардан экс­порт­тап отыр. Қауымдастық өкілдері ПЭТ бө­телкелерін қайта өңдеуге бай­ланысты проб­лема елдегі қал­дықтарды сұрыптаудың ғалам­дық проб­лемасының бір бөлшегіне ай­налып кеткенін айтады. Ресей 2030 жылға қарай қал­дықтардың 100 пайызын сұрыптап, 49,5 пайы­зын қайта өңдейміз деп отыр. Біздің елде шикізат қалдықтарын кәдеге жаратудың тетіктері – әрі қарай қолданудың стратегиясы жоқ. Көзқарас сусынды ішкен соң бөтелкесін қоқысқа лақтыру қажет деген көзқарастан аса алмай тұр.

Күнделікті тұрмыста қолда­натын бұйымдарда қолданатын полипропиленнің бағасы тоннасына 475-500 мың теңге, ішкі қажеттіліктің 80-90 пайызы – импорт. Шикізатты алмастыратын бағдарлама іске қосылса, шикізат тапшылығына тап боламыз. Себебі елдегі шикізат қалдығын өңдейтін 14 зауыт еңбек өнімділігінің 30-35 пайы­зын­да ғана жұмыс істейді.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселені қиын­датып отырған қосымша факторлар жетеді. Қайта өңдеуге жарамды пластик, қағаз, аллюминий банкалары, картонның бәрі тұрмыстық қалдықпен ара­ласқан күйі зауытқа келеді, ал ондай қал­дықтарды өңдеу қиынға түседі. Сол себепті де жауапты органдар қоқысты сұрып­­тап жи­­науға кірісу керегін айтады. Ма­кула­тура, қораптар, пластик, қағазды тұрмыстық қал­дықтармен араластырмай, бөлек жинаса, қоқыс­ты қайта өңдеудің пайыздық көрсеткіші 70%-ға дейін жетуі мүмкін. Әлемнің дамыған елдерінде қоқыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу ісі жүйеленген. Дамыған елдердің өлшеміндегі қоқысты жинау, тапсыру мәдениеті бізге жетпей жатқаны өкінішті-ақ.

Қайта өңделген пластик қалдықтардың пайдасы

Б.Әубәкіров айтып өткендей, импортты ал­мастыру бағытында полиэфирлі талшықты қайта өң­деусіз алға баса алмаймыз. Жиһаз­дың, тұрмыстық техниканың, компьютер мен көліктің бір бөлігі бо­лып табылатын плас­тик қазір тренд емес. Ал қайта өңделетін плас­­тик қалдықтарынан жаңа киім, аяқ киім тәрізді күнделікті тұр­мыста қолданатын бұйым­­дар да­йындау – біздің қоғам үшін тың, бас­қаша айтқанда, «ноу-хау». Сала өкілдерінің пікі­рінше, полиэфир қосылған пластмассадан жасалған киім-кешек пен аяқ киімді бірқа­тар әлемдік брендтер де шығарады. «Біз бұл мәселені әлі күнге дейін экология тақы­ры­бына сәйкес келмейді деп жылы жауып келе­міз. Мысалы, жаңа футбол­ка жасау үшін 7-10, жылы кеу­деше үшін 40-60, ал ұйықтау қап­­шығын дайындауға 114 бөтелке кетеді. Бөтел­келердің пластикалық қақпақтарынан бау-бақша тырмаларын, иірілген жіп, жаңа бө­телке қақпақтарын, автомобильдерге арнал­ған құтқару жастықшаларын, парашют, т.б дайын­дауға болады», дейді Б.Әубәкіров.

Қауымдастық өкілдерінің пікі­рінше, ПЭТ-қалдықтарын, маку­латураны, шыныны, яғни қай­та­­лама шикізатты сатып алуда қа­зақстандық қайта өңдеушілер басым­дыққа ие болуға тиіс. «Әкім­діктер қоқыс полигондарына иелік етеді және бұл жұмысты жолға қою да осы лауазымды тұлғалардың қолында. Бұл салық тұрғысынан да, халықты жұмыспен қамту жағынан да пайдалы. Мәселен, 2021 жылы біздің кәсіпорындар салық түрінде бюджетке 2 млрд теңгеден аса сома аударды. Сондай-ақ осы арқылы экспортқа бағдарланған өнім жасауға болады. Бірақ бұл үшін мемлекеттік қолдау мен қо­қыс реформасы қажет», дейді Б.Әу­бәкіров.

ПЭТ қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі көптен айтылып келеді. Табиғи жағдайда жүз­деген жыл бойы ыдырамайтын бөтелке қалдықтарын өртеп жіберу туралы да кезінде сөз болған. Бірақ полиэтилентерефталат жанған кезде бөлініп шағатын зиянды түтін­нің ауаға әсері бұл идеяны қош көрмеген. Тек соңғы бес жылда ПЭТ бөтелкелері мен басқа плас­тикалық қалдықтарды қауіпсіз жағдайда өртеу үшін оқшауланған камералар құру жобалары пайда болды. Бұл да әзірге жоба күйінде.

«Дорпласт-Инвест» ЖШС өндіріс­тік компаниясы директоры Наталья Иванованың айтуынша, биыл шикізат бағасы аспандап кеткен. Сол қымбат шикізаттың өзі тапшы. Ел ішіндде ПЭТ қалды­ғын қабылдайтын нүк­телер көп­теп ашылса, жұмыс өнімділігі артып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік туар еді. Дәл қазір тәулігіне 40-50 тонна шикізат қалдығын өңдейтінін айтқан На­талья Иванова кәсіпорынның қуат­тылығы 100 тонна өнім өнді­руге қауқары жететінін айтты. Ресей мен Өзбекстанда 2013 жыл­дан бері ПЭТ қал­дықтары мен екінші реттік шикізатты экспорт­тауға ты­йым салған. Себебі техно­логия­дағы соңғы жетістік ПЭТ ши­кізатының мүмкіндігін әртарап­тандырды. Сұйық фазалы поли­конденсация тех­нологиясымен полиэтилентерефталатты қайта қалпына келтіруге болады. Мысалы, қоқыс жәшігінен алып, қайта өңдеуге жіберілген шикізаттан дайындалған өнімнің ПЭТ үлпершегінен дайындалған өнімнен түк те айырмашылығы жоқ көрінеді.

Түйін

Б.Әубәкіров айтып өткендей, мемле­кеттің дамуын, алға ба­суын қаласақ, алдымен өзге­рістерді өзімізден бастаған жөн. Ал бізде ықылас кемшін. Қазақ­станда ПЭТ бөтелкесін қолда­натын зауыттардың өңірлерде филиалдары бар. ПЭТ қалдығын қайта өңдеуге алдымен солар мүдделі болуы керегін айтқан Б.Әу­­бәкіров бұл мәселені әр бөтелке сусыннан түскен табыстың 0,1 пайызын қалдықты қайта өңдеуге жұмсау арқылы да шешуге болатынын еске салды. Сарапшының пайымда­уынша, бұл мәселе шешімін тапса, әрбір зауыттың жанынан олардың еншілес компанияларын ашып тастауға болар еді.

«Егер шикізат базасының же­тіспеушілігі мен тұрақсыздығы мәселесі шешілсе, кәсіп­орындардың өн­дірістік қуаттылығы артып, қо­сымша жұмыс орындары ашылады. Өндірістерде технология бар, бірақ шикізат кемшін. Қолдағы шикізат далада шашылып немесе шетелге жасырын жолмен сатылып жатыр. Біз мол шикізат қорын экспортты шектеу арқылы ғана құра аламыз. Ол үшін «ЭкоҚолдау» жүйесі және қар­жылық демеу арқылы жинау­шыларды ынталандыру қажет. ПЭТ қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар көптеп ашылса, сұраныс өседі. ПЭТ бөтелкелерін қолма-қол ақшаға қабыл­дайтын нүк­телер әр ауладан ашылса, бұл мін­дет­ті аулада ойнап жүрген балалар-ақ орындап тастайды», дейді Б.Әубәкіров.

Сарапшының айтуынша, 2021 жылы минералды су және ал­когольсіз сусындарды тұтыну сыйым­дылығы 2,3 млрд литрге дейін көбейді. Сараптамалық баға­лау­лар бойынша, бұл шамамен – 1,5 млрд ПЭТ бөтелке, оларды та­мақ кәсіпорындары импорттайды. Демек қосымша жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік бе­ре­тін қаржы көз алдымызда уыс­тан шығып кетіп жатыр. Қа­зақстандық қайта өңдеушілер бо­лашақта тұрақты ши­кізат базасы болған жағдайда өнді­рістің осы сегментінің импортын алмас­ты­руға, қажетті жабдық­тарды жет­кізіп, өндіріске инвестиция са­луға дайын.

 

АЛМАТЫ