Әлем • 26 Маусым, 2022

Еуропалық одақтың құрылымы өзгеруі мүмкін

779 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еуропалық одақ тарихи өзгерістің алдында тұр. Таяуда қарт құрлықтың көшбасшылары жиналып, бірқатар маңызды мәселені талқылады. Талқыға түскен мәселелердің қатарында өзара ынтымақтастық, ұйымның ауқымын кеңейту секілді негізгі тақырыптар бар. Сонымен қатар Украина мен Молдова Еуропалық одаққа үміткер мемлекет ретінде тіркелді. Әрине, үміткер атану бір бөлек, ал ұйымға толыққанды мүшелікке өту мүлдем басқа әңгіме. Осы орайда, қарт құрлықта Еуропалық одақтың арқасүйер іргетасы – халықаралық келісімдеріне өзгеріс қашан енгізіледі деген пікір айтыла бастады.

Еуропалық одақтың құрылымы өзгеруі мүмкін

Өткен аптада Брюссельде одаққа мүше 27 мемлекеттің басшылары жиналған болатын. Екі күнге созылған саммит барысында Еуропалық кеңес Украина мен Молдованы үміткер елдер ретінде тіркеді. Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель бұл оқиғаны тарихи сәт деп бағалады. Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен де мұн­дай қадам одақтың ауқымын кеңейтетінін, бүкіл құрлық үшін жақсы жаңалық екенін жеткізді.

Украина мен Молдованың Еуропалық одаққа үміткер ре­тін­де тіркелуін екі ел де қуана қар­сы алды. Әсіресе Киев билігі мұны жоғары бағалады. «Бұл Украина мен Еуропалық одақ қаты­насы арасындағы бірегей және тарихи сәт. Украинаның келе­­шегі Еуропалық одақпен бірге», деп жазды ел президенті Воло­димир Зеленский туиттердегі парақ­ша­сында.

Әлбетте, үміткер ел атанумен мәселе бітпейді. Бұл қарт құр­лықтағы іргелі ұйымға жасал­ған көп қадамның алғашқысы ғана. Коррупциямен күрес, ұлттық заңнаманы Еуропалық одақ ере­желеріне сәйкестендіру, Батыс бағалайтын құндылықтарды насихаттау, адам құқығын сақтау секілді атқарылатын шаруа шаш-етектен. Оның үстіне, қираған қала­ларды қалпына келтіріп, со­ғыс­тың зардабымен күресу де оңайға тимейтіні анық. Дегенмен Ресей басып кіріп, соғыс ашқалы еңсесі езілген украин халқы үшін үміткер атанудың өзі қуанышты жаңалық.

Қазіргі таңда Еуропалық одақта 27 мемлекет бар. Бұдан бөлек, 7 мемлекет үміткер ел ретінде тіркелген. Кейбірінің кандидат мәртебесі өзгермегеніне пәленбай жыл өтті. Мәселен, Түркия сонау 1999 жылы ұйымға үміткер атанды. Сербия – 2012 жылы, Монтенегро – 2010 жылы, Албания – 2014 жылы, Солтүстік Македония 2005 жылы осындай мәртебе иеленген еді. Аталған мемлекеттерді толыққанды мүшелікке өткізу мәсе­лесі талай талқыланғанымен, әлі де толыққанды шешілер емес.

Сонымен қатар Норвегия, Швейцария және Исландия Еуро­палық одақ құрамына енуге өтініш білдірген. Бірақ кейіннен бұл өтінішін қайтып алды. Бұдан бөлек, Босния және Герцоговина, Косово ресми түрде ықтимал үміткер саналады.

Айтпақшы, Брюссельдегі саммит қарсаңында тағы бір ма­ңызды оқиға болды. Болгария парламенті ұзақ уақытқа созылған талқылаудан кейін Солтүстік Ма­кедонияның ЕО құрамына енуіне вето қою шешімінің күшін жойды. «Ұлттық құрылтай» депу­тат­тарының 170-і келісімді қолдап дауыс берді. Қарсы болған­дар 37 депутат.

Еуропалық комиссия Солтүс­тік Македонияны ұйымға қабыл­дау жөніндегі келіссөздерді бас­тау туралы 2009 жылдан бері ұсынып келеді. 2020 жылы ақыры келіссөздер басталған болатын. Алайда Болгария бұған қарсы болып, оған вето қойған еді. Осы­лайша, аталған елдің мүшелікке өтуі уақытша тоқтатылған еді. Енді, Болгария парламентінің вето күшін жою туралы шешімінен кейін Брюссельдегі шенеуніктердің те­рең тыныстауына мүмкіндік бар.

Мәселе мынада. Еуропалық одақтағы қабылданатын шешім­дерге ұйымға мүше 27 мемлекет бірауыздан қолдап дауыс беруі тиіс. Бұл қаржы саласынан бастап сыртқы саясатқа дейінгі салаларды қамтиды. Күн тәртібіне шыққан кез келген мәселені талқылау бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылады. Бейбіт кезде келіссөздер баяу болса да жүргендіктен, кемшілігі байқалмаған.

Әйтсе де, Ресейдің Украинаға басып кіруі мұндай бірауыздан шешім қабылдаудың қиындығын ашып берді. Мысалы, әскери қақ­тығыс басталғалы Еуропалық одақ Ресейге қарсы бірнеше эко­но­­микалық санкция жариялады. Бұған қол жеткізу өте қиын өткенін айта кеткен жөн. Өйткені Мажарстан тарапы санкцияның дер кезінде қабылдануына, жедел шешім шығаруға айтарлықтай кедергі келтірді.

Осыған байланысты Еуропалық одақтың басты келісімдерін өзгер­ту жөніндегі бұрын ара-тұра көтерілетін мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Ең бастысы – ор­тақ мәмілеге келу тәртібін қайта қарау қажеттілігі туып тұр. Алда-жалда ұйым аясы кеңіп, мүше мемлекеттер саны артса, онда вето қоятындар да көбейеді деген сөз. Себебі әр елдің ортақ мүддеден бөлек, жеке мүддесі де бар. Еуропалықтар «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақалды білмесе де, оның түпкі мағынасын түсінетіні анық.

Сондықтан ортақ мәмілеге келу, бірауыздан шешім қабылдау сынды ережелер жаңартуды қа­жет етеді. Бұған көпшілік келі­сіп отыр. Бірақ оған қандай өзге­ріс енгізу керек. Бұл басы ашық мәселе. Еуропалық одақтың ық­­пал­ды мүшелері саналатын Фран­­ция, Италия және Германия келі­сімдерді деңгейіне қарай ажырату керек деп есептейді. Кей мә­селеде бірауыздан шешімге келу қажет етілсе, енді бірінде басым көпшіліктің дауысы маңызды деген пікір ұстанады.

Жалпы, Еуропалық одақтың шарт­тары өзгертуге болмайтын Құран сөзі емес. Оған бірнеше рет то­лық­тырулар енгізілді. Ұйым құ­рыл­­ған 1954 жылға дейін Париж шар­ты қабылданды. Алты мемлекет – Франция, Бельгия, Нидерланд, Люк­сембург, Италия және Батыс Гер­мания одақтың іргетасын қала­ды. 1957 жылы Рим шартына қол қойылды. Сөйтіп, кедендік одақ құрылды, экономикалық мәсе­лелерге қатысты келісім жасалды.

Көп ұзамай-ақ ұйымға қосы­луға ынта білдіргендер саны артты. Дания, Ирландия және Ұлы­британия 1973 жылы мүшелікке өтті. Грекия (1981 жыл), Порту­галия және Испания (1986 жыл) да қарт құрлықтағы іргелі ұйымның қатарына енді. 1992 жылы Маас­трихт келісімі жасалды. Осы шартта Еуропалық одақ атауы ресми түрде бекітіліп, көптеген маңызды құжат қабылданды.

Кейінірек Шенген аймағы мен еуро аймағының құрылуы, Шығыс Еуропадағы бірнеше мемлекеттің мүшелікке өтуі ЕО шарттарын қайта қарауды қажет етті. Нәти­жесінде, 2007 жылы Лиссабон келі­сімі жасалды. Сөйтіп, қазіргі біз білетін Еуропалық одақтың бүкіл құрылымдық мәселелері айқын­далып, құжаттары бекітілді.

Коронавирус пандемиясы бас­талып, қарт құрлық бетпердемен тыныстап тұрғанда Еуропалық одақтың негізгі ережелерін жаңар­ту туралы талқылау күшейді. Еуро­палық одақ құлдыраған экономиканы қорғау үшін бюджеттік қатаң ережелерді жеңілдетті. Ұжым­дық негізде вакцина сатып алды. Қысқасы, әупірімдеп жүріп шуды басқандай көрінген. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі отқа май құйғандай болып, пікірталас қайта қызды.

Бірақ еуропалықтар әр қада­мын мұқият басып, кез келген мәсе­ле­ге ақылмен қарайтыны белгілі. Сон­дықтан одақ 2021 жылы «Еуро­паның келешегіне арналған конференция» атты 8 айға созыл­ған форум өткізді. Сөйтіп, мүше мем­ле­кет­тердің тұрғындары­нан ұйымды өзгертуге қатысты пікірлер жинады. Бастамашыл топ ұсыныстарды жинақтай келе, 49 бөлікке топтастырған. Соның ішінде бірауыздан дауыс беруді өзгерту, денсаулық сақтау саласында Еуропалық одақтың рөлін арттыру секілді мәселелер бар.

Брюссельдегі шенеуніктер де, мүше мемлекеттердің басшылары да мұндай нәтиже күтпеген сы­ңайлы. Форум қорытындысы жа­рия­ланғаннан кейін олар әрекет­ке баруға асыққан жоқ. Тіпті бастамашыл топтың басы-қасында жүрген Франция президенті Эммануэль Макрон да мәселені әлі де зерделей түсу керек деп мәлімдеген.

Ресей бастаған әскери қақтығыс көпшіліктің пікірін түбегейлі өзгерткен сыңайлы. Бейбіт күнде Украинаны Еуропалық одақтың есігінен сығалатуға бейіл емес шенеуніктер оны үміткер ретінде тіркеуге бірауыздан келісті. Гер­мания канцлері Олаф Шольц Еуро­палық одақ жаңа мүшелерді қабыл­дамас бұрын реформа жасауға тиіс екенін атап өтті.

Осы орайда ескерте кететін мәселе бар. Келісімге өзгеріс енгізу Еуропалық парламентте қара­лады. Содан кейін құжатты Еуро­палық кеңеске жібереді. Онда 27 мемлекеттің басшысы заң жобасын мақұлдауға тиіс. Қысқасы, бұл ұзаққа созылатын өте ауыр процесс. Оның үстіне, былайғы уақытта дауысы шыға бермейтін кішігірім мемлекеттер вето құқы­ғынан айырылуға қарсылық білдіруі мүмкін.