Кеңесте Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қарулы Күштерде қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Ол қорғаныс ведомствосының бастамасы бойынша орны толмас шығындарды азайту, суицидтердің алдын алу және азаматтар мен қоғамның армияға деген сенімін арттыруға жағдай жасау бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Құжатты дайындауға ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылатын болады.
Үйлестіру кеңесінің отырысына Бас әскери прокуратура, Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан басшылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, атқарушы, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қарулы Күштердің арсеналдары мен қоймаларында қару-жарақты, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау мәселесін қарау кезінде қоймалар мен әскери инфрақұрылымның, өрт қауіпсіздігі мен диверсияға қарсы қорғаныстың жай-күйінің зор маңызы бар екені атап өтілді. Осыған байланысты оқ-дәрілер мен қару-жарақтың тиісінше сақталмауына байланысты төтенше оқиғалардың алдын алу жөнінде кешенді іс-шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәлімделді.
Қорғаныс ведомствосы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыруда. Бүгінде оқ-дәрілерді сақтау объектілерін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп, техникалық және ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар қабылданып жатыр.
Отырыс барысында әскери қызметшілер арасында қол жұмсау және жарғыдан тыс өзара қарым-қатынас, жеке құрамның жарақаттануы мен қаза болуы фактілерінің алдын алу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігіне назар аударылды.
Отырыста Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында құқық бұзушылықтың алдын алудың 2022-2024 жылдарға арналған қолданыстағы бағдарламасын дамыту мақсатында бірқатар шара ұсынылды. Алдын алудың пәрменді құралы әскери бөлімдердің аумағы мен үй-жайларын бейнебақылаумен барынша қамту және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы басқа да заңнамалық іс-шараларды пысықтау болмақ.
Әскерге шақырылушылардың, сарбаздардың, олардың ата-аналарының, сондай-ақ ардагерлер мен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының құқықтарын қорғау саласында қоғамдық кеңес құру мәселесі қаралды. Әскердегі оқиғалар туралы қоғам мен халықты ақпараттандырудың бірыңғай алгоритмін қабылдау қажеттілігі айтылды. Бұл іс-шаралар қоғамның армияға деген сенімін арттыруға және оның беделін көтеруге оң ықпал етеді.
Әскери ұжымдарда саламатты ахуалды қалыптастыру, әскери қызметшілердің орны толмас шығындарын азайту білім беру құрылымдарының, психологтер мен құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары қызметінің маңызды басымдығы ретінде қарастырылады.