Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Egemen Qazaqstan: – Президент ҰҒА-ның 20 жыл бойы ғылымды басқару ісінен тыс қалғанын айтты. Алдағы уақытта академия ғылымды басқару ісіне қалай араласа алады?
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҰҒА президенті: – Академия ғылымды басқару ісіне қайта келу үшін ешбір ведомствоға бағынбайтын тәуелсіз ұйым болуы керек. Дүние жүзінде министрлікке бағынышты Ұлттық ғылым академиясы жоқ. Бұл – халықаралық тәжірибе. Содан соң, ғылыми-зерттеу институттары – академияның «ішек-бауыры» ғой. Академияны 1995 жылы Ғылым министрлігіне қосты, 1999 жылы қайтадан шығарғанда оған дейін ҰҒА-ның құрамында болған ғылыми-зерттеу институттары министрлікте қалып қойды. Міне, енді кезінде құрамында болған ғылыми-зерттеу институттарын да қоса қайтару қажет. Тағы бір мәселе, Ұлттық ғылым академиясы тағайындайтын стипендия болғаны жөн. Бұл туралы ел Президентінің өзі айтты. Ресейде әр академик осы атағы мен саналы ғұмырын ғылымға арнағаны үшін ай сайын 2 мың доллар алады. Дәл осы жүйе Франция, Германия секілді Еуропа елдерінде, Америкада, тіпті мынау зейнетақысы 10 доллар болып тұрған Қырғызстан мен Арменияда да бар. Жастарды ғылымға тарту осыдан басталады.
Мақсат ЖАБАҒИН, генетик-ғалым, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі: – Заман талабына қарай кез келген басқару жүйені жетілдіріп отыру керек. Бүгінде ғылым өте қарқынды дамып жатыр. Мемлекеттің болашақ іргетасы берік болғанын ойлайтын Президент ғылымның дамуын, яғни басқару жүйесінің уақытында жетілдіріліп отыруын және ғылым мен білім деңгейінің жоғары болуын көздейді. Соңғы үш жылда ғылымды басқару жүйесінде өте маңызды өзгертулер жасалды. Осыған дейін кенже қалған ғылымға байланысты заңдардағы мүмкіндіктер аясы кеңейтілді, көптеген әділетсіз жүйеге тосқауыл қойылды. Ғылымды дер кезінде дамыту үшін басқару жүйесі қатып қалған бағытта болмауы керегін Үкімет енді түсініп отыр. Бұған өткен коронавирус пандемиясы және сол кездегі ғылым жетістігі дәлел бола алады.
Ұлттық ғылым академиясы 20 жыл бұрын тағдырын өзі шешті. Неге ғылымды басқарудан шеттетілді? Мұның жауабын академиктерден сұрасақ болады. Бірақ содан бастап Ұлттық ғылым академиясын академик Мұрат Жұрынов басқарып келеді. 75 жылдық тарихы бар Ғылым академиясының 20 жылы – үлкен бір тарихи кезең. Қандай кезең болғанын тарих көрсетеді. Дегенмен академия ғылымды басқару ісінен мүлдем тыс қалды деп айту қиын. ҰҒА жыл сайын Ғылым жөнінде ұлттық баяндаманы әзірлеп отырды. Баяндама Президентке таныстырылады, яғни бұл есепте академияның ғылыми ой-тұжырымдарын жасауға мүмкіндігі болған, сол арқылы ғылымның дамуына қатысты саясатқа ықпал жасай алатын. Сонымен қатар ҰҒА-ның ғылымдағы арнаулы ғалымдарға стипендиялар мен сыйақылар тағайындау құзыреті бар. Мысалы, мен 2017 жылы жаратылыстану ғылымдары бойынша үздік жас ғалымға арналған Қонаев атындағы сыйлығына ие болдым. Оны Ғылым академиясының конкурстық тобы анықтайды. Сол себепті Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге қайта ие болудағы бағыты туралы айтқанда, мағыналы өзгерістердің қажеттігіне тоқталу керек.
Амангелді БИСЕНБАЕВ, биолог, ҰҒА академигі: – Академияның мәртебесін көтеру Қазақстан ғылымын дамытуға сөзсіз ықпал етеді. Дегенмен ғылымды жеке алып қарастыруға болмайды. Біз мәңгілік ел боламыз дейміз. Бұл үшін Қазақстан медицина, қауіпсіздік, азық-түлік болсын, барлық жағынан тәуелді болмауға тиіс. Академия деген ғылым бағытындағы кез келген саланы ілгерілетудің стратегиялық тетігіне айналғанда біз жақсы нәтижеге жетеміз. Айталық, өз салам бойынша болашақта қандай биомедициналық өнімдер бізге қажет болатынын анықтап, соған жұмыс істеу алдағы проблеманы шешіп қана қоймай, келешекте осы тұрғыда шетелдерге тәуелді болудан сақтайды. Ендігі елу жылда қажет, тапшы болатын технологияларды іске қосу жайын қазірден қолға алуды ғылым дейміз. Жаңа технология мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі фундамент деуге келеді, өйткені онсыз даму жоқ.
Академия кез келген саладағы ғылымның даму бағыттарын, алдағы қажеттілігін стратегиялық тұрғыдан анықтауы керек. Әйтпесе бір күндік жұмысты бәрі істей алады. «Халықаралық деңгейде қандай технологиялар дамып келеді, біз оған қалай ілесеміз? Бұл үшін не істемек керек?» деген салмақты сұрақтарға нақты жоспарлар мен айқындалған міндеттер арқылы жауап табатын ұйымға айналғаны қажет. Оған қалай жетеміз? Қазір ғылыми жобаларды қаржыландыруға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Сол жұмыстардың дәл қайсысы болашақтағы елдің қандайда бір өнімге, сырт елге деген тәуелділіктен сақтайтынын анықтауға академия да араласса жақсы. Қазір мемлекеттен қаржыландырылатын жобаларды Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы іріктеуден өткізіп отыр. Бірақ мұндай жауапты жұмысты бір ғана емес, бірнеше ұйым атқарғаны абзал. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» деген содан шығады. Мәселеге бір емес, бірнеше көзбен қарап көру керек.
Дурвудхан СҰРАҒАН, математик, ҰҒА ең жас корреспондент-мүшесі: – Бәрінен бұрын академияның беделін қайтарған жөн. Бұл үшін ҰҒА-ның жағдайы заңдық тұрғыдан ғана емес, материалдық жағынан да жақсаруы қажет. Мен өзімді ең алдымен мұғалім деп санаймын. Көпке ұзамай-ақ қояйық, осыдан 5-6 жыл бұрын мұғалім екеніңізді айтсаңыз, сізге мүсіркеп қарайтын. Қазір әріптестерім мұғалім екенімен мақтанатын жағдайға жетті. Мұндай нәтижеге жету үшін қанша жыл бойы жүйелі жұмыстар жүргізуге тура келді. Демек бізде тәжірибе бар, енді ғалымдардың мәртебесін көтеретін кез келді. Негізі бұл жұмыс соңғы жылдардан бастап қолға алынды. Былтыр, мысалы, көп ғалым алғаш рет «Үздік ғылыми қызметкер» атағы үшін мемлекеттен арнайы және қомақты сыйақы алды. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Өйткені бұл бір-бірін толықтыратын жүйелі, ауқымды істің біреуі ғана. Академияға көңіл бөлуді де дәл осы кешенді жұмыстың бір негізгі бағыты деп білемін.
Сенсеңіз, қазір академия орналасқан кезіндегі Қаныш Имантайұлының өзі салдырып кеткен киелі ғимаратта «пәтер жалдаушы» сияқты жарна төлеп тұрамыз. Аты дардай ҰҒА-ның сіз бен біз құра салатын шахмат клубы секілді, ешқандай мәртебесі жоқ ұйым болып тұр. Соны ең алдымен аянышты күйден арылтып, материалдық тұрғыда дұрыстаған абзал. Өткенде Президент академияны мемлекет қарамағына өткізу туралы айтты ғой. Сол тапсырмасы соңына дейін жетуі керек. Осы ретте «Академиядан не пайда? Экономикаға үлес қоса ма?» дейтіндер табылады. Мен бір нәрсені айтайын, өзін сауатты санайтын көп адам ғылым мен технологияны айыра алмайды. Ғылымның ақшаға қатысы жоқ, бұл – табыс табудың басты көзі емес. Ғылым дегеніміз – қоғамның, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші және сапалы білімнің тірегі. Ғылым технологияға жетіп, өндіріске айналуы үшін арасына жемқорлық түспеуге тиіс.
Egemen Qazaqstan: – ҰҒА-ның 75 жылдығында академияға болашағы зор нағыз ғалымдарды қабылдау жайы да айтылды. Бұл талап орындалуы үшін академик атағын беру немесе академияға қабылдау ережелерін өзгерту керек пе?
Мұрат ЖҰРЫНОВ: – Кезінде Ғылым академиясында мемлекеттік мәртебе де, бедел де болды, ғылым өз деңгейінде қаржыландырылды, ғылыми-зерттеу институттары нәтижелі жұмыс істеді, Қазақстан ғылымы Ресей мен Украинаның ғылымынан кейінгі үшінші орында тұрды. Академияны министрлікке қосып жібергенде ведомствоның ішіндегі бір департаментке бағынышты болып қалды. Оған шетелдік академиктер күле қарады. Содан біздің академиктер намыстанып, хат жазып, қоғамдық ұйымға айналды. Осындай жағдайды көрген ғалымдардың 80 пайызы – әлі тірі. Содан бері қаншама құлдырауды көрген академияның ҚазКСР уақытындағы жарғысының бір жерін өзгерткен жоқпыз. Қандай да бір ғалымның академик атағын алуға немесе академияның корреспондент-мүшелігіне өтуге берілген өтінішін сол саланың ғалымдары қарайды, жасырын дауыс береді. Айталық, физика саласы бойынша кандидатты тек физиктер ғана таңдайды. Тағы бір ерекшелігі – жасырын дауыс беру ғана емес, бюллетеньдердің сайлаушылар көзінше, ашық саналатынында. Осындай бағыт пен тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген жүйе кадр таңдауда басшылыққа алынғаны абзал. 1995 жылғы академиктер саны күні бүгінге дейін өзгермеді. Өмірден өткен қариялардың орны босағанда ғана жаңа вакансия есебінде сайлау арқылы қабылданып келеді. Сайлау 3 жылда 1 рет
өткізіліп отырады.
Дурвудхан СҰРАҒАН: – Көбі «академияда жастар неге жоқ?» деп сұрап жатады. Бұл да жоғарыда айтқан беделден шығады. Академик атағын алудың, ұйымға корреспондент-мүшесі болудың аса бір қаржылық, әлеуметтік тиімділігі жоқ. Сондықтан да жастар қызықпайды. Дегенмен де академия өзінің атын сақтап қалуы үшін, әсіресе соңғы жылдары күнкөрістің қамымен жоғары лауазымдағы адамдарды қабылдауға мәжбүр болды. Алайда өз саламда академик атағын алғандардың бәрін білемін, кіл мықтылар. Өйткені сайлау бар, дауысты ашық санайды. Енді осыған жастар да үміткер болуы үшін фильтр болғаны дұрыс. Мысалы, қайбір жылы 4 мыңнан аса зерттеуші өзінің жобасын гранттық қаржыландыруға тапсырды. Оның үміткерлерге халықаралық деңгейдегі жұмыстарына қатысты қоятын талаптары бар. Сондағы ең жоғары ұпай жинағандардың бәрі – жастар. Сондай критерий академияға қабылданудан үміттілерге де қойылғаны жөн. Қазір мұндай халықаралық деңгейдегі талап жоқтың қасы.
Амангелді БИСЕНБАЕВ: – Бізде абсолютті шындық деген жоқ қой. Десек те академияға қабылдау, академик атағын беру ғылыми метриялық көрсеткіштерге негізделгені жөн. Сонда үміткердің қазақстандық журналдарда ғана емес, отандық ғылымды халықаралық аренада публикацияларымен қалай танытып жүргеніне, үлкен масштабта қаншалықты бәсекеге түсе алатын жобалар жасағанына мән беріледі. Әрине, сайлау арқылы қабылданатыны өте орынды. Бірақ кандидаттардың баяндамасын тікелей эфирде, онлайн режімде ашық тыңдайтын мүмкіндік болса, олар да өзін жақсырақ көрсететін еді, екінші жағынан халық та біледі. Үкімет те болашақтағы ғалымның жоспарларына, ой бағдарламасына көңіл бөліп, кей ұсынысын назарға алуы мүмкін.
Негізі академиядағы басқа бөлімдерде қалай екенін білмеймін. Биология және медицина бағыты бойынша академияға қабылдау процесіне келсек, біз жоғарыда айтқан ғылыми метриялық көрсеткіштерді ескереміз. Әр үміткердің баяндамасын тыңдаймыз, оларға сайлаушылар сұрақ қояды. Содан кейін барып сайлауға көштік, сол кезде бізде кімді сайлауға болатын-болмайтыны туралы түсінік, ой-пікір алдын ала қалыптасып тұрады. Енді осы таңдалған, сайланған академиктер мен корреспондент-мүшелерінің жұмыстарын бөлімнің өз ішінде қалдырмай, кез келген адамға қолжетімді болатындай, жария ету керек. Және сол атақ алып, академияға қабылданғандардың жұмыстары мен алдағы жұмыс-жоспары кандидат кезінде, яғни сайлауға дейін ілінсе, әділдік пен ашықтыққа одан сайын жақындаймыз. Бүгінде үміткерлердің алдын ала тек тізімі ілінеді, ал олардың жұмысы көрсетілмейді.
Мақсат ЖАБАҒИН: – Институционалдық трансформация негізінде, ҰҒА-ның мүшелігін қайта толықтырған жөн. Толықтыруда гендерлік және жастық ерекшеліктерді, жаңа ғылыми бағыттарды ескерген орынды. Қазір Парламенттің өзінде осындай тәжірибе бар. Мысалы, Ұлттық ғылым академиясының сайтындағы тізім бойынша барлығы 163 академик, 75 корреспондент-мүшесі бар. Ал сол 163 академиктің 17-сі, 75 корреспондент-мүшесінің 12-сі ғана – әйел. Сонда корреспондент-мүшелеріндегі әйелдердің үлесі 16 пайызды ғана құрайды. Ал академиктердің небәрі 10,4 пайызы – әйелдер. Қолданыстағы заңдар бойынша Қазақстанның жоғарғы ғылыми атағы профессор саналады. Оны алу талаптары бүгінде күшейтілген. Соған байланысты академик ғылыми атағы қайтарылып, қойылатын талаптары қазіргі профессордан кем түспеуі тиіс. Осыған қоса құрметті академик, толық академик, қауымдастырылған академиктің мәртебесі мен құқықтарын нақтылау керек.
Egemen Qazaqstan: – ҰҒА отандық ғылым дамуының негізгі тірегіне айналуы үшін оның келесі қадамы қай бағытта болғаны жөн?
Аменгелді БИСЕНБАЕВ: – Академия академиктер мен оған қабылдана-
тын корреспондент-мүшелерінің еңбектері арқылы отандық ғылымды кеңінен насихаттаумен айналысқаны дұрыс. ҰҒА түрлі ғылыми журналдарды шығарады ғой. Бірақ бізге ғылымның пайдасы жайлы ақпаратты жас ұрпаққа, жалпы қоғамға көбірек жеткізу үшін иллюстрациялары бар, қарапайым тілмен жазылған танымдық бағыттағы ғылыми басылымдарды шығару керек. Мемлекет академияның осы бағыттағы жұмысына қолдау көрсеткені абзал.
Мақсат ЖАБАҒИН: – Жөн сөз. ҰҒА жоғарғы деңгейдегі зерттеулерді ауқымды қаржыландырумен қоса, негізгі мақсаттарының бірі ретінде ғылымды және ғалымдарымызды қоғамға танымал етуді жолға қоюы қажет. Бұл академия тарапынан ғылымды танымал ету мемлекеттік сыйлығын тағайындау арқылы нәтижелі болады.
Қазір өз функциясын жетілдіре атқарып жатқан ғылымды басқару жүйесінің негізгі бірліктері – Ұлттық ғылыми кеңес және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы (жойылып кетпеуі керек екенін ескерте кету керек). Трансформациядан Ұлттық ғылым академиясы өтуі қажет. Өйткені бұл қоғамдық бірлестік ретінде Қазақстан қоғамында төрден орын ала алмады. Президент академияның мәртебесін көтеру туралы ұсыныс жасады. Осы ұсынысты іске асыру үшін ең бірінші ұйымның Қазақ ғылым академиясы деген тарихи атауын қайтарған жөн. Қазақ ғылым академиясының жаңа тарихы, әлбетте, жаңа басшысының сайлауынан басталуы керек. Екіншіден, Қазақ ғылым академиясы туралы заң қабылдау мүмкіндігін қарастырған дұрыс. Мысалы, академияға арнаулы заң Ресейде және Жапонияда бар. Ондай заңда Қазақ ғылым академиясының қазіргі ғылым басқару жүйесінің негізгі бірліктерімен (Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Ғылым комитеті, Ұлттық ғылыми кеңес және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы) үндестігін айқындаған абзал.
Дурвудхан СҰРАҒАН: – Қазіргі Ұлттық ғылым академиясын да ақша әкеледі деп ашсаңыз, түкке қажеті жоқ. Оны отандық ғылымның ұйытқысы етеміз, қазақстандық ғылымды дамытудың жолдарын, жөн-жосығын айқындап беретін ой-тұжырым орталығына айналдырамыз десек, жөн болар. Қайткенмен де «келісіп пішкен тон келте болмас», кез келген көп жылдық жұмыс, стратегиялық жоспар ғылымға негізделгенде ғана өзінің лайықты жемісін береді.
Десек те Ғылым академиясының беделін арттыру не беретінін болжауға болады. ҰҒА еліміздегі ең беделді ұйымның біріне айналды делік, онда академик болу мәртебелі дәрежеге айналады. Сонда жас буын ғылымға, ғалым болуға ұмтылады, армандайды. Және мұның тағы бір жақсы жағы бар, бәсекелестік қалыптасады. Ал бәсеке болған жерде даму болады. Түптің түбінде академия елімізде ғылымды дәріптеудің бір мықты құралы болуы қажет. Академияның басқаруға қатысуы, бақылауы, сараптауы дегеннің бәрі осыдан кейін ғана келеді. Барлығы да ҰҒА-ның беделін көтеруден басталады. Беделді болғанда ғана министрлік немесе басқа да ведомстволар санаса бастайды. «Шетелге жіберіп, ақшаға сараптама жасатқанша, өзіміздің академияға берейік, тіпті болмаса қаржыны үнемдеу үшін алдымен халықаралық тексеріске жіберуге тұрарлығын іріктеп берсін» деген шешім содан кейін шығады. Өйткені беделді ұйымға, мәртебелі адамға сенім пайда болады. Мысалы, менің жапондық әріптесім бар, екеуміз ғылыми мақаланы бірге жазып жүрміз. Сол зерттеуші – Жапонияда ғалымдардың жобаларына мемлекеттен қаржы бөлуді қарастыратын (Жапонияның Ғылым кеңесі – The Science Council of Japan) Математика ғылымы комитетінің төрағасы (Chair of Mathematical Science Committee). Сонда бүкіл Жапония елі математика саласы бойынша 1 ғана ұйымға, ондағы 5-6-ақ адамға сенеді. Себебі ұйымның беделі жоғары, оған тек мықтылар ғана еңбекпен мүшелікке өтеді. Жарайды, алысқа ұзамай-ақ мына Өзбекстаннан үлгі алайық. Онда академиктерге атағы үшін ғана ай сайын қомақты қаламақы береді. Екіншіден, ғылым саласына қатысты мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді шығаруда, ғылыми атақ беруде, зерттеу жобаларына грант немесе стипендия тағайындарда академиктермен санасады. Сондай жағдайға жетуіміз керек.
Мұрат ЖҰРЫНОВ: – Мемлекеттік мәртебемізді қайтарып бергенде бәрі анықталады, құқықтық міндеттеріміз жазылады. Мемлекет басшысы өткенде біраз міндетті өзі айқындап бергендей болды. Айталық, ғылыми сараптаманы жүргізу, гранттық қаржыландыру мәселесін шешу құқығы Ұлттық ғылым академиясына берілуі керек. Ғылымның түйткілін ғалым ғана анық біледі. Мұндай маңызды шешім шығаруды ғылымнан алшақ адамдарға беріп қиянат жасауға болмайды. Кез келген сала өзінің кәсіби кадрларымен мықты. Маман өз ісін өзі істеуі керек, оған сол үшін мүмкіндік берген жөн. Қазір бастыққа жалтақтайтындар көбейді. Мәселен, бір ғылыми жобаға қаржы беру-бермеуді шешетін комиссияның құрамындағы 30 адамның 20-сы – шенеуніктер, қалғаны – ғалымдар. Кімнің дауысы басып кетеді? Біздің дауысымыз далада қалады, түбінде ғалымдар отырғандықтан, ғалымдар шешті болып шығады. Барлық басқа мемлекетте, соның ішінде ТМД елдерінің бәрінде гранттық қаржыландыруды Ұлттық ғылым академиясы шешеді, біздің елде ғана мұнымен ғылыми кеңес пен сараптама орталығы айналысады.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»