Қазақстан • 28 Маусым, 2022

Шипагерлік баянның берері мол

565 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ шипагерлік өнері ерте кезден дала заңдары арқылы көрініс тауып отырды. Аспанда жұлдызға қарап жер осін болжап, төрт түлік мал арқылы ауа райын анықтаған ата-бабаларымыз медицина саласын да қамтусыз қалдырмаған.

Шипагерлік баянның берері мол

Қазақ медицинасының айтулы жемісі ретінде – «Шипагерлік баян» медициналық-энциклопедиялық кітабын атауға болады. XV ғасыр­да өмір сүрген атақты шипагер Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлы кей де­рек­терде 1388-1478 жылдар ара­лығында өмір сүрген. «Шипагерлік баян» еңбегі қазақтың Жәнібек ханының арнайы тапсыруы бо­йын­ша жазылған. Ғалым ұшан-теңіз еңбекті 70 жасында бастап, Жә­нібек хан дүние салған 1473 жылы,

85 жа­сында жазып бітіргені жөнінде мағұлмат қалдырған. Ғалымның 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де мәліметтер бар. Өсім­діктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы бар кітапта ма­ңызды мәліметтер жетіп артылады. Мәселен, «шешек» ауруына вакцина егуді ағылшын ғалымы Эдуард Женнерден 1796 жылы қолға алса, Да Винчи, В.Гарвей сынды зерттеушілер қан айналымы, жүрек пен ми қызметтеріне тұ­жырымдамалар жасаған. Бір таңғаларлық жайт, Өтейбойдақ ба­бамыз бұл салада бір ғасырға жуық уақыт бұрын зерттеу жүр­гізген. Жергілікті елдің ар-намы­сына тиетін кекесін сөз бен әре­кеттеріне қарамастан, ғалым өл­ген адамның денесін боршалап, Омбыда тірі түлкінің терісін сыпырып, Жетісу аймағында тірі қойдың кеудесін пышақпен жарып, жүрегін жұлып алу арқылы жүрек, ми, қан тамырлары қызметі жайлы өз тұжырымдамасын жасайды. Осындай жанкешті тә­жір­­ибелерден туған құнарлы мәліметтердің басымдығынан бо­лар, аңызға айналған кітапты Қытай өкіметі жоғары бағалап, 1997 жылы маусым айында «1-дәре­­желі мемлекеттік таңдаулы ұлт­­тық кітап» сыйлығымен мара­пат­­таған. Сонымен бірге Қытайда «Ши­пагерлік баянды» зерттеу үшін арнайы медициналық орта­лық құрылған.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дүниенің басқа қызықтарын шетке ысырып, тек өмірге келгендегі дара миссиясы санаған шипагерлік қызметті жетілдірумен ғана ғұ­мыр кешті. Тіпті бала сүю, жар сүю сынды отбасылық құндылық­тар­дан бас тартып, өмірін толық адамдардың жан-тәніне дәру табуға арнады. Ғалым өсиетнамасында: «Тапқысыз баға гауһардай асыл­дарға да, пысқақ, бықсыққан, жа­сықтарға да шипа ем дарымдадым. Қол ласы дәулетке, лас нілі сәу­летке де қызықпадым» деп ас­қан тазалығын, жоғарғы пара­саты мен кісілік кемелділігін көр­се­теді.

«Шипагерлік баянда» тек ем­деу ісі жөнінде емес, адамды өзін тануға, рухани жоғарылауға қарай ұмтылдыратын ізгілік, отан­сүйгіштік, ағартушылық жолдар да қамтылған. Жақсы мен жаманды ажырату жайлы 91 нәрсені жеуге тыйым салса, 7 нәрсеге тиіс­пеуді өсиет етеді. Жеті қағи­да адамды рухани тазалыққа үндей­тін бірегей дүниелер. Бұлар: «Көк­темде көктеп келе жат­қан өскінге тиіспеу, көктемде көбей­мелі жорғамаларға тиіспеу, көк­темде көрінген қозға­лыштарға тиіс­пеу, көктемде көз ашпаған шикі­лікке тиіспеу, қай-қашанда қонжатқа тиіспеу, қай-қашанда көр­шіге тиіспеу, қай-қашанда елшіге тиіспеу».

Иә, жүрегінен нұрды бұлақша ағызған ғұлама ғалымды тану бүгінгі ұрпақтың борышы. Өлмес өнер қалдырған ол өмірінің соңғы жылдарында алдағы ұрпаққа сенім артып: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылардың қадірін біліп, ұстана білсе, қан­ғысыз бұлақ, қадірін білсе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп, алып мұрасын болашаққа аманат еткен. «Қазақ өз-өзін таныса бүкіл əлемді жаулап алар еді» дегендей, еліктеудің шеңберінен шығып, асыл түбірімізге үңілсек, көптеген жауһарға кезігеріміз хақ.