Әлем • 28 Маусым, 2022

Неапольда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Неаполь қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. ҚР Құрметті консулы лауазымына итальяндық «SCN» компаниясының басшысы Валентина Мацца тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Неапольда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаев қатысып, өз сөзінде Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толу қарсаңында аталған іс-шараны өткізудің символдық мәні зор екенін айтты.

Ол сондай-ақ Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің екіжақты күн тәртібін, соның ішінде сауда, инвестициялық және гуманитарлық бағыттарды кеңейту жөніндегі саяси ерік-жігерінің көрсеткіші екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат миллионнан астам халқы бар, сонымен бірге дамыған туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымымен танымал Италияның үшінші ірі қаласы - Неапольдегі Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Іс-шараға қала басшылығы, жергілікті БАҚ және бизнес өкілдері де қатысты. Рәсімге қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси және экономикалық жетістіктері, елдегі саяси реформалар және инвестициялық ахуалдың тартымдылығы туралы баяндайтын ақпараттық материалдар табыс етілді.

Валентина Мацца Қазақстан Үкіметіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара іс-әрекеттің әлеуетті бағыттарын белгіледі. Сөз сөйлеу барысында ол италиялық кәсіпкерлерді қазақстандық әріптестермен іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру үшін Құрметті консулдықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Кеңсенің негізгі функциясы - еліміздің Компания өңірімен экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жолға қою, сонымен қоса ҚР азаматтарының құқықтарын қорғауға жәрдемдесу.

а