Көрмеге автордың тек сиямен салған 23 пейзаждық кескіндеме картинасы қойылды. Айта кетсек, бұл суретші 1979 жылы Чунганг өнер көрмесінде «Санрим» картинасы үшін бас жүлдені жеңіп алып, әлемдік өнерсүйер қауымның назарына іліккен екен. Осы кезден бастап Корея Республикасының танымал суретшісі ретінде, әлемдік көрмелерге шақырылып, дүние жүзіне корей пейзажын насихаттаумен келеді.
Көрменің ашылу салтанатына қатысып, сөз алған Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок: «Бұл көрме заманауи корей кескіндемесінде бейнеленген модернизм стилімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Автордың орындауындағы пейзаждық натюрморттар оның шеберлігінің дәлелі. Бұл туындылардың ерекшелігі – өз халқының дәстүрін, елінің сұлу табиғатын тек сия арқылы жеткізе алғандығы» десе, іс-шара қонағы Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай: «корей және қазақ халқының заманауи бейнелеу өнері соның ішінде кескіндеме стилі біте қайнасып жатыр. Осы орайда тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, жалғыз қолымен сурет салып, әлемге танымал өнер туындыларын жасап шыққан авторға рахмет айтамын», деді.
Сондай-ақ, көпшілік алдында сөз алған көрме авторы Пак Дэ Сонг іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтумен қатар, «алдағы уақытта қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуыма мүмкіндік туады деп үміттенемін. Осындай мәдени алмасулардың арқасында Қазақстан мен Корея арасындағы байланыс артатынына сенімдімін», деді.