Театр • 28 Маусым, 2022

Түрленген театрдың көрермені көбейді

500 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Театр – таңғажайып әлем. Рухани азығың аздық етсе, жан дүниең тозып бітсе, театрға бар. Соңғы жылдары Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының табалдырығын аттап жүрген көрермен көп. Олардың бәрі рухани тозғандықтан емес, өркениетке қол созғандықтан өнер ордасын жағалап жүр. Гүлімен келмесе де, рухты замандастың бірімен еріп, қазақ театрына қолдау көрсетеді.

Түрленген театрдың көрермені көбейді

Ел арасында театр залын толтыру үшін көрермендерді күштеп апарады деген жағымсыз пікір қалыптасқан. Жүсіпбек атын иеленген қарашаңырақтың кез келген спектаклін сырттай бақылап отырсаңыз, «бөтен» ешкімді байқа­майсыз. Әдетте, өз еркімен келме­ген адамның назары басқаға ауып, қолын қалтасындағы ұялы телефонына жүгіртіп, бір орнында байыз таппай отыратыны түсінікті. Ал мұндағы көрерменнің сахнадағы қойылымға кіріп кетіп, әр әртістің сөзін мұқият тыңдап отыратыны қуантады. Тіпті бірде-бір спек­такльді қалт жібермейтін тұрақ­ты көрермендері де бар. Олар қойы­лым қайталанса да театр залынан табылады екен. Театрға үнемі қолдау көрсететін жанашыр жандар да жетерлік. Мәселен, дәл осы театрдың іргесін қаласқан белгілі журналист, мәдениет және қоғам қайраткері Мұхит Омаровтың қамқорлығын ерекше атап өтуге бо­лады. Бұл жайында театр дирек­торы Арман Темірбекпен сұхбат­тасу барысында хабардар болдық.

– 2018 жылдың тамыз айынан бастап театрдың тізгінін қол­ға ал­дым. Осы уақытқа дейін аз­ды-көпті жұмыстар атқарылды. Әлі де тың жоспарымыз бар. Әу баста шығармашылық бағытты жандан­дырудан бұрын ғимараттың жөндеу ісіне басымдық бердік. Себебі театр үлкен өнер ордасы болғандықтан сырты да, іші де көрермендерді тамсандырып, өзі­не тартып тұруы қажет. Ең әуелі 2019 жылдың жазында дыбыс беру және жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. Пандемияға байланысты күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы жалғасты. Атап айтсақ, ғимараттың қасбеті, сырты толығымен жаңартылды. Бұрын көрермендер бір есіктен ішке енетін, қазір сәулеті келіс­кен екі есік айқара ашық. Бұдан бөлек нысанның есігі мен тере­зесі, залдағы орындықтар, сахна шымылдығы ауыстырылды. Бұрындары жаңбыр жауса, бөл­мелер былай тұрсын, сахнаның әр жерінен су тамшылап, шелекпен жүгіріп әуре болатын едік. Бүгінде шатыр жаңартылды. Оның сапалы орнатылғанын жаңбыр жауғанда тексеріп алдық. Жоба шеңберінде грим бөлмесі, өзге де кабинеттер жаңа кейіпке енді. Тағы басқа кем-кетіктері болса түзеле жатар. Себебі мердігер ұйым жөндеу жұ­мыстарына 5 жыл кепілдік беріп отыр, – дейді Арман Темірбек.

Шыны керек, біздің де театрға ат басын бұрмағалы көп болыпты. Бір «пайдасы» – театрдың бұ­рынғы және қазіргі жағдайын салыстыруға мүмкіндік туды. Шы­нымен де өнер ордасы ажарлана түскен. Алыстан менмұндалап тұр. Түнгі көрінісі тіптен тамаша! Театрдың табалдырығын аттай бере, рухани ордаға аяқ басқаныңды сезінесің. Ұлттық стильде киінген қызметкерлер күлімдеп қарсы алады. Көрермен залына барғанға дейін қабырғадағы пайдалы стендтерден мол мағлұмат алып, қойылымға өзіңді дайындап барасың. Бұл әлі қойылымға дейінгі әсер мен әңгіме. Ал талантты әртістермен жасақталған өнер ұжымының әр қойылымын көрген де, көрмеген де арманда!

– Биыл көрермендерге 7 жаңа спектакль жол тартты. Оның екеуі балаларға арналған. Жал­пы, қоржынымызда 40-қа жуық қойы­­лым бар. Театрдың көркем­дік кеңес мүшелері ең әуелі жаңа спек­такльдің мәтінін, маңыз­ды­лығын жіті сүзгіден өткізеді. Көпші­ліктің пікірі ескеріліп, өзге­рістер енгізіліп, жақсылап талдау жасалғаннан кейін ғана жаңа қойылым дүниеге келеді. Кейін режиссер рөлдерді бөледі. Оның өзі әртістер үшін үлкен мереке. Одан соң рөл алған әртістер таңнан кешке дейін мәтін­ді бірнеше рет қайталап оқып, санасына әбден сіңіреді. Бізде оны «үстел үсті оқылым» деп атайды. Мәтін жатталғаннан кейін сахнаға шығып, бой үйрете бастайды. Об­разға енуі – бөлек әңгіме. Ол уа­қытта қоюшы режиссер мен көркемдік жетекші бірлесе отырып, өздерінің тиісті жұмыстарына кіріседі. Бүгінде қойылымға қа­жетті заттарды алу мемлекеттік тап­сырыс арқылы реттелетінін ескерсек, кейде порталға байланып, ұзақ уақыт күтетініміз бар. Осылайша, әр жаңа қойылымды сахнаға шығару үшін кемінде 1-1,5 ай уақыт қажет етіледі.

Биылғы маусымның соңғы премь­ерасы – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған «Тасжүрек» траге­диясы (режиссері Жангелді Сады­қов). 33-ші маусымды «Есі­ңе мені алғайсың» (режиссері Ержан Қауланов) атты музыкалы-поэтикалық кешпен аяқтадық. Биыл­ғының басты олжасы – көрер­мендердің саны артты. Әсіресе жас­тардың үлесі зор. Балалар да жиі келеді. Жасыратыны жоқ, кей­де үлкен қойылымдарға шулай­ды деген үреймен «балалар көп келмесе екен» деп тілейміз. Осы орайда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының дирек­торы, мықты маман Еркін Жуас­бектің: «Бала бүгін, ертең шулар, бірақ түптің түбінде театр оны тәрбиелейді» дегені есімде қалып­ты. Жөн сөз! Балалар тек қана ертегілерге келмей, үлкен спек­­­такльдерден де табылса ұтары­мыз көп болмақ, – дейді театр басшысы.

Арман Темірбек бастаған ұжым театр фестивальдарына жиі қаты­сады. Ондағы мақсат – әртіс­тер­дің тәжірибе жинақтап, дең­гейі­нің өсуіне жағдай жасау. Сыншылар әр спектакльді, әр рөл­ді талдап, сол жерде әртістің кем­шілігін айтқанымен, сыни пікір мамандығының майталма­ны болуына жол ашатыны сөз­сіз. Павлодарлық өнер ұжы­мы­ның байқаулардан жүлделі ора­­латын сәттері де аз емес. Атап айтсақ, былтыр күзде Көк­ше­тау қаласында Шахмет Құ­сайынов атындағы Ақмола об­лыс­тық қазақ музыка-драма театры­ның 25 жылдығына орай ұйым­дастырылған аймақтық фестивальда «Ревизор» спектаклімен (режиссері Әділет Ақанов) «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымын жеңіп алған. Аталған фестиваль аясында ұйымдастырылған волейбол жарысында павлодарлықтар жеңімпаз атанып, бұл сапардан олжалы оралыпты. Бір ай уақыт өтер-өтпестен Қарағанды қаласындағы Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын!» фестивалінде театр әртісі Еркежан Төлеубек әйелдер арасында «Үздік эпизодтық рөл» аталымына ие болды.

Біздің тізбелеп отырғанымыз, пандемиядан кейінгі жетістіктер. Әйтпесе, індетке дейінгі жетістік­тері – бір төбе. Бір ғана мысал, 2019 жылы өткен «Әбіш әлемі» атты халықаралық фестивальға елі­міздің намысын қорғауға 2 театр ұжымы ғана іріктеліп, жол­да­ма ал­ған. Бірі – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры болса, екіншісі – осы Ж.Аймауытов атындағы қарашаңырақ. Фести­валь Маңғыстау жерінде жала­уын желбіреткендіктен, байқауға қатысқан жергілікті театрды есепке алып отырғанымыз жоқ. Бүгін­де елімізде алпыстан астам мемле­кеттік театр, дәл соншама жеке театр бар екенін ескерсек, мәрте­бесі биік өнер додасына атағы көпке мәшһүр әкемтеатрмен қатар қатысу үлкен абырой екені сөзсіз.

Жетістіктермен бірге жеткілік­сіз дүние деген қатар жүреті­ні белгілі. Еліміздегі облыс ор­талықтарында орналасқан театр­лардың ортақ мәселесі – кадр тапшылығы. Барлығы дерлік Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ла­рындағы жас әртістерге «құ­да» түсе­тіні белгілі. Тіпті 4-курс оқып жүрген қыз-жігіт­тер­мен ертерек байланыс орнатып, ұжым­ға тартуға тырысады.

– Кадр тапшылығын болдыр­мауға тырысамыз. Былтыр 6 маман қатарға қосылған еді. Биыл отбасылық себептерімен үшеуі­­мен қош айтысқалы жатыр­мыз. Жалпы, еліміздегі театр әртіс­терінің жалақасы мардымсыз екені мәлім. Осы ретте ұжымдық келісімшарт негізінде кіріс қорынан жалақыға қосымша қаражат бөлу қарастырылған. Баспана жал­дауға да көмек көрсетеміз. Театр­дың жатақханасы бар. Бірақ жағ­дайы керемет деп айта алмас­пыз. Шама-шарқымызша жыл сайын жөндеу жүргіземіз. Әйтпесе, ыңғайлы жағдай жасалмаса, жас әртістердің тұрақты еңбек етуі қиын. Әртістерге бас­ты рөлді беріп, қойылымға қомақ­ты қаражат бөліп, спектакль көрермендердің көңілінен шығып жатқан уақытта қызметкердің жұмыстан кетуі әжеп­тәуір салмақ салады. Мәсе­ле қаражатта емес, бағалы уақыт­ты жоғалтамыз. Бас­ты рөл басқа­ға бұйырар, бірақ қойы­лым бұрын­ғыдай болмайды, – дейді Арман Темірбек.

Ж.Аймауытов атындағы облыс­тық қазақ музыка-драма театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Алдағы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, көрер­мендердің сұранысына сай спек­такльдерді сахналауды жоспарлап отыр. Жүсіпбек атындағы қара­шаңыраққа жүріп емес, жүгіріп баратын уақыт алыс емес...

 

Павлодар облысы