Бүгінде қоғамның діни сауатын арттыру өзекті мәселе болып отыр. Кешегі Кеңес заманындағы атеизмнің салдарынан кейінгі ұрпақ діннің тамырына көп көңіл бөле қойған жоқ. Осыдан барып діни сауаты аз жастардың көбісі теріс ағымдардың жетегінде кетіп отырғаны жасырын емес. Апта басында Жамбыл облыстық прокуратурасы мен жергілікті дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазіргі заманғы діни экстремизм мен терроризмнің қаупіне қарсы тұрудың мәселелері мен болашағы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы осы мәселені кеңінен талқыға салды.
Жалпы алғанда, Ата Заңымыз түрлі наным, діни сенімді ұстанатын Қазақстан халқының конфессияаралық келісімі мен ынтымақтастығы, оның саяси тұрақтылығының нығаюына, экономика мен әлеуметтік жағдайдың өсуіне ықпал етуде. Қазақстанда этносаралық және дінаралық келісімнің тұрақты моделін қалыптастыруда мемлекет азаматтық қоғам институттарына, оның ішінде діни бірлестіктерге үздіксіз қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет конфессиялардың өз қызметтерін жүзеге асыруы үшін тең және қолайлы жағдай жасауының нәтижесінде елімізде діни бірлестіктер саны артуда. Алайда, Қазақстанға сырттан этно-діни экстремизм мен радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі қауіп туғызып отыр. Бүгінде қоғамда өздерін «нағыз мұсылмандар» ретінде танып, өзгелерді «кәпір» деп санайтындар дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды шатастыруда.
«Егер сәләфизмнің тарихына үңілер болсақ, олар қай жерге барса да мұсылман қоғамын бұзумен, бүлдірумен танылған. Бүгінгі таңда біздің елімізде де бұл топтар мешіттердегі имамдар мен қарапайым жамағатты адасқан, Аллаһқа серік қосушы, бидғатшы деп айыптап, ел арасында қалыптасқан бірлікке сызат түсіруге тырысуда. Өкінішке орай, санасы сәләфиттік «вируспен» уланған жастар бұлардың түпкі ойларын білмейді», дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов.
Облыс тұрғындары арасында дін туралы түрлі бағыттарда жүргізілген сауалнамаға қатысқан респонденттердің үштен бір бөлігі дәстүрлі емес діндердің адам және қоғам үшін қауіпті екенін атап көрсеткен. Ал, «Діни ұйымға шешім қабылдаған сәтте сіз қандай ақпарат деректеріне сүйендіңіз?» деген сұраққа респонденттердің 30,2 пайызы «белгілі ұйымның әдебиеті мен ғаламтор кеңістігі арқылы таныстым» деп жауап берсе, 19 пайызы өз таныстарының айтқандары бойынша шешім қабылдағанын, 30,2 пайызы белгілі бір ұйым мүшелерінің айтқандарына сүйеніпті. Сондай-ақ, дін істері басқармасы күнделікті өмір сүру салтында дін негіздерін бұлжытпай орындайтын мұсылмандар саны 22 500 шамасында екенін, бұл көрсеткіш облыста тұратын мұсылмандардың 4,8 пайызын құрайтынын айтады. Ал, христиандықты ұстанған 42 діни ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Алайда, ғибадат үйлерінде табынушылардың сандық және ұлттық құрамына жүргізілген мониторингке сенсек, аталмыш діни бірлестіктерде соңғы жылдары дәстүрлі ислам дінін ұстанатын түркі халықтарының өкілдерінің өсу тенденциясы байқалады. Сондықтан азаматтарымыздың өзге діндерді қабылдауы олардың өмір сүру салтын, өмірге деген көзқарасын, менталитетін өзгерте отырып басқа этносқа айналып кету қаупі қоғамымызды алаңдатуда.
«Сондықтан да, облыс тұрғындарының, әсіресе, жастардың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастыру барысында біздер бірінші кезекте ағартушылықты жолға қоя отырып, халықтың діни сауатсыздығын жоюымыз қажет», дейді облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев. Алайда, мешіттердегі діни-ағартушылық жұмыстарды жүргізіп жатқан көптеген имамдардың ислам діні және әлеуметтану, конфликтология, психология сияқты ғылым салаларынан нақты білімдерінің болмауына байланысты, жастарымыздың дін саласындағы сұранысына толық жауап бермеуде. Ал жастар исламнан қазіргі заман идеяларын, икемділікті іздейді, мешіт айналасындағы шектеулі түсініктерді еңсеріп, өзінің исламдық дүниетанымының шекарасын жаһандық үдерістермен ұштастыра отырып, кеңейіткісі келеді. Сондықтан жастарымыз шетелдердегі діни оқу орындарында білім алу үшін халықаралық деңгейге шығуға тырысып жатыр. Осыған орай, қоғамымызда діни сауатты интеллегенция өкілдерінің тобын құру қажеттілігі туындауда. Әрине, облыста діни экстремизмнің алдын алу, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында мемлекеттік органдардан бөлек Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы мен облысымыздағы 23 этномәдени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктердің әлеуетін кеңінен пайдалану керек.
«Дін тақырыбына көптеген тілшілер қалам тартып жүр. Бірақ, солардың барлығы мәселенің тереңіне барып жатыр деп айта алмаймыз. Әсіресе, жас журналистердің кейбірі діннің байыбына бармай, шолақ ойларын жазып жатады. Яғни дін тақырыбында жазатын азаматтарымыз мешітке барып, дін мамандарымен ақылдасып жатса, құба-құп болар еді. Өйткені, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда БАҚ-тың алар орны ерекше», дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Конференция соңында қарар қабылданып, онда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның шеңберінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және жоғары оқу орындары бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүзеге асыру, ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын жандандыру, дәстүрлі діндерді насихаттау бойынша кездесулер ұйымдастыру және тағы да басқа мәселелер қамтылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.