Қазақстан • 30 Маусым, 2022

Түркі ынтымақтастығы және ғылыми интеграция

16422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның сыртқы саясатта «көпвекторлы» бағыт ұстанымының өзегінде халықаралық аренадағы барлық күш орталығымен сындарлы әрі теңгерімді, өзара тиімді қарым-қатынас құрып, мемлекет мүддесін жүзеге асыруға деген ұмтылыс жатқаны белгілі.

Түркі ынтымақтастығы және ғылыми интеграция

Өткен отыз жылда мұндай стратегия жаһандық геосаяси ахуал құбылған сайын өз тиімділігін көрсетіп келді. Сондықтан Қазақстанның салиқалы сыртқы саясатын тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің ең ірі жетістіктерінің бірі деп бағалауға болады.

Қазақстанның көпвекторлы саясатын қалыптастырушылардың бірі – көп жыл бойы еліміздің Сыртқы істер министрі қызметін атқарған, мәртебелі мінбер БҰҰ-ны басқарған дүние жүзіне танымал кәсіби дипломат, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екені аян. Сондықтан кешегі қаңтар оқиғасынан кейін де, Қазақстан Президенті көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымынан айнымайтынын анық аңғартты. Мемлекет басшысының бекем ұстанымы сыртқы саясат бағытында жасаған тағайындауларында, сапарларында, шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулерінде көрініс тапты.

Жаһандағы қалыптасқан шиеленісті жағдайда Қазақстан өзінің терең тарихынан тамыр тартқан шығыс пен батыс, күнгей мен теріскей арасындағы дәнекершілік мәртебесін одан әрі күшейтуге бейіл екенін байқатты. Бұл ретте көпвекторлы сыртқы саясатымыздың маңызды бір бағыты – түркі елдерімен ынтымақтастық екені мәлім.

Қазақстан Түркі әлемінің қара­ша­ңырағы ретінде әу бастан бұл бағытқа ба­сым­дық берді. Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы бағытта жүргізген ерен еңбегі баршаңызға белгілі. Бүгін бұл бағытта да сабақтастық сақталып отыр.

Жалпы, әлемдегі интеграциялық үдеріс­тер экономикалық, саяси, туыстық және басқа да форматта дамиды. Ал түркі интеграциясы болса – осының барлығын қамтитын жан-жақты интеграция. Үлкен Еуразияның ортасында орналасқан түркі елдері Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті бір-біріне жалғап тұрған дәнекер ретінде барлық елмен ынты­мақтастыққа ашық. Бауырлас елдермен ынтымақтастықты шартты түрде төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші – 1992-1998 жылдарды қамтитын кезеңде «мәдени-гуманитарлық байланыстар» қарқынды нығайып, халықтарымыздың бірін-бірі жақыннан тани түсуіне нақты қадамдар жасалды.

Екінші – 1998-2009 жылдарды қам­титын кезең. Бұл кезеңде түркі елдерінің байланыстары саяси және экономика­лық ынтымақтастық саласына қарай пәрменді өрістеді. Бұл кезеңді «Саяси-экономикалық ынтымақтастық кезеңі» деп белгілеуге болады.

Үшінші – 2009-2020 жылдарды қамтыған «Құрылымдық ынтымақтастық»  кезеңі. Бұл жылдары Түркі кеңесі, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Осылайша, бауырластық жаңа кезеңге аяқ басып, құрылымдық сатыға көтерілді.

Төртінші кезеңде 2021 жылы қарашада болған Ыстанбұл саммитінде Түркі кеңесі «Түркі мемлекеттер ұйымы» болып өзгерді. Ұйымға Өзбекстан мен Түрікменстан мүше болды. Бұл инте­грациялық үдерістің жаңа белеске көтерілгенін білдіреді.

 Ұйымға бақылаушы болғысы келетін ынталы елдер санының арта түсуі түркі интеграциясының тиімділігін айғақтайды. Ыстанбұл саммитінде «Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін дұрыс қолдануымыз керек» деген Мемлекет басшысы бұл бағытта жалпы ынтымақтастықпен бірге бауырлас елдердің екіжақты ықпалдасуына аса мән беріп келеді.

Бұл орайда түркі мемлекеттері және соның ішінде Орталық Азия елдері арасындағы интеграция үдерісінің де серпін алуы сөзіміздің айғағы іспетті. Әсіресе Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуі өз жемісін бере бастады. Түркиямен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткіздік. Каспий дәлізі арқылы Әзербайжанмен әсіресе транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық арта түсуде. Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Одақтастық қатынастар туралы декларацияға» қол қойылды. Қырғызстан және Түрікменстанмен бауырластық қатынастар тереңдей түсті.

Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның сыртқы саясаты оның Үлкен Еуразияның кіндігінде, бейбітшілік белдеуінде, тоғыз жолдың торабында транзиттік хабқа айналу мақсатына қызмет етуге тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің Ұлы Жібек жолындағы тарихи миссиясы қазіргі заманда өзінің жалғасын табуда.

Әлбетте, мәмілегерлік – жұмылған жұдырықты ашатын, ашылған алақанды қауыштыратын, жатты таныстыратын, жақынды табыстыратын ізгі мамандық. Бұл ретте елдестіру – есе жібермей, есебін тауып, ел мүддесін түгендеу; араағайындық – ашуды ақылға жеңдіру, содырды салиқалы сөзге сендіру; ынтымақтасу – ықпалға жығылмай, ымыраға шақыру; бітімгерлік – білекке емес, білікке салу, бәтуаға келу өнері. Сондықтан толғаулы тілмен түйткіл түйінді тарқатып, жүректерге жол табатын дипломатия – шешендік пен шеберлікті талап ететін сала.

Кейде дипломатияны мәдени, гуманитарлық немесе халықтық дипломатия ретінде бөліп жатады. Осы ретте біздіңше, дипломатияның тағы бір ықпалды түрі – ғылыми дипломатия. Өйткені ғылымда шекара жоқ. Сондай-ақ ғылым жалпыадамзатқа ортақ құндылық болғандықтан ол адамзаттың игілігіне, ізгілікке қызмет етеді. Осы орайда түркі әлемінің ғылыми интеграция­сына жа­уапты Түркі академиясының орны ерекше екені мәлім. Таяуда Түркі академиясы Ғылым кеңесінің бесінші басқосуында «Ортақ Түркі тарихы», «Түркі әлемінің гео­­­графиясы», «Түркі әдебиеті» атты ортақ оқулықтар мүше мемле­кет­тердің Білім министрлері тарапынан қа­былданды. Бұл оқулықтардың тамыр­лас елдердегі жас ұрпақтың санасын қа­лып­тастыруда орасан зор үлес қосары анық.   

Қорытындылай келе, тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік іргетасының берік қалануы, шекарасының шегеленіп, мо­йындалуы, халықаралық аренада беделі биік мемлекетке айналуы байыпты да байсалды, сындарлы сыртқы саясат арқылы жүзеге асқаны белгілі. Ендеше, Жаңа Қазақстанның қалыптасуында да дипломатиямыздың маңызды рөл ойнайтындығы анық.