Кездесу барысында атаулы жобаның Қазақстан мен Ресей үшін өте маңызды екеніне мән берілді. Бұл ретте Мағзұм Мырзағалиев «Транснефть» компаниясының Қазақстанда өндірілген мұнайды жеткізу мен транзит арқылы тасымалдауда ұзақ мерзімді әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.
Тараптар Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалындағы қазіргі жағдайға ерекше назар аударды. Қазір мұнда бірінші және екінші айлақ құрылғылары маңындағы жарылу қаупі зор заттарды минасыздандыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жұмысты 15 маусымда бастаған болатын. Атап айтқанда, сала мамандары су астында қауіпті болуы мүмкін заттарды тереңінен зерттеу және оларды жою бойынша шараларды қолға алды. Бастапқыда белгіленген іс-шараларды 25 маусымда аяқтау жоспарланған еді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты минасыздандыру жұмыстары 5 шілдеге дейін шегерілді. Бұл уақытта үшінші айлақ штаттық режимдегі жұмысын жалғастыра береді.
Басқосу барысында баяндалғандай, екінші айлақ аумағындағы шаралар аяқталуға жақын. 1 шілдеден бастап құбыр желісі екі айлақты қолдану арқылы жұмыс істейтін болады. Ал бірінші жылжымалы аймақ акваториясындағы қауіпті заттарды іздеу мен оларды шығару 5 шілдеде аяқталуы керек.
«ҚазМұнайГаз» бен «Транснефть» компанияларының басшылығы осындай жағдайға қарамастан, Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелту кестесіне сәйкес қазақстандық мұнайды еш іркіліссіз тиегенін атап өтті.
Мағзұм Мырзағалиев пен Николай Токарев екі айлақты минасыздандыру барысын талқылай келе, жұмыстар уақытылы аяқталарына сенім білдірді және үш айлақтың барлығының тұрақты жұмыс істеуі маңызды екеніне баса мән берді.
Екі тарап компаниялар арасындағы қарым-қатынастың барлық бағытта жүйелі жалғасып жатқанын алға тартып, әріптестер өзара түсініктік аясында бірлескен істі атқарып отырғанын мәлімдеді.
Аяна Тоғанбек