Тарих • 03 Шілде, 2022

Таңдайдың тарланы

288 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында үлкенді-кішілі 15 мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ауқымы, алапаттығы мен құрбандықтары жағынан ең жантүршігерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс болды. Осындай от пен зулаған оқтың ортасынан аман-есен оралса да, елдің береке-бірлігін көздеп бейбіт еңбекке араласса да пешенесіне жазылған биігінен әсте пәс тартпайтын бірегей бітімді адамдар болады.

Таңдайдың тарланы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өзгерген заман, зулаған уақыт олардың ары мен абыройына шаң жұқтырмайды, беделіне нұқсан келтірмейді. Олар тамырын терең тартқан бәйтеректей елімен, жерімен біте қайнасып, қай кезде де еңбегін халқына арнап, көлгірсуден ада, өтіріктен азат, ар алдында адал ғұмыр ке­ше­ді. «Мен сөйтіп едім!» дей­тін кеудеқағар мақтанға да бой ал­дырмайды. Іші толы қазы­на бола тұра, қашан көрсеңіз де қа­рапайымдылығынан жазбай, байсал да байыпты қалпынан танбас, ақыл-парасаты өнеге шашқан ардақты азаматымыздың бірі – әкеміз Шамсутдин Ғабдоллаұлы Ермеков десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз.

Бозбала кезінде комсомол жас­тар ұйымына мүшелікке өтіп, орта білімімен Бақсай аудандық «Гурьев» машина-трактор стансасында есепші болып отырғанда әскерге алынады. Оңтүстік-Батыс майданында бірден 1941-дің желтоқсанындағы қақаған аязы мен қарша бораған оғының құшағына енді. Сталинградты қорғаудағы кескілескен шайқас­та жүргенінде әкеміз 19-20 жастағы жалындаған жігіт болатын.

Соғыс жылдарындағы Кеңес жауынгерлерінің ерлік істерін әкеміз Шамсутдин Ермековтің өз сөзімен бергенді жөн көріп отырмыз: «Мен 1942 жылы соғысқа аттанып, 196-дивизияның 725-артиллерия полкінде қызмет ет­тім. Сталинград шайқасына қа­тыстым. 1943 жылы Орел-Курск доғасында шабуылға шығып, 1944 жылы 5-екпінді армия құрамында Ясса-Кишинев шабуылына қатыстым.

1945 жылы 266-шы Қызыл Тулы Суворов орденді дивизия құрамында І Белоруссия майданында шабуылға шықтық. Кейіннен 89-гвардиялық атқыш­тар дивизиясының 1006-ат­қыштар полкінің 2-батальонында болдым. Бұл батальон жаумен соғыста көптеген ерлік жасады. Көптеген батыр шықты. Солардың бірі – взвод командирі Владимир Ливанов, аға сержант Николай Косуля. Қыршын жастар қиын-қыстау кезеңде дзотты кеудесімен жауып, жауынгерлерді жеңіске же­теледі. Екеуіне де Кеңес Ода­ғының Батыры атағы берілді. Олардың есімі 1006-атқыштар полкінде мәңгіге қалды. Мен қызмет еткен бұл полк туралы «Тарихи әскери журналдың» 1970 жылғы 1-санында генерал-лейтенант Ф.Боков өте әсерлі жазған. Оқып отырғанда таныс есімдер көзге шалынды.

Соғысты Берлинде аяқтап елге келдім. Сталинград және Орел түбінде екі рет жараландым. Бірақ қатарға қосылып, соғысқа қатысып отырдым. Жауынгерлік Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғы­сы» ордені, Қызыл Жұл­дыз ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталдым. Әрине, біз атақ, даңқ үшін соғысқанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз біреу-ақ болды. Ол қанқұйлы жау­ды өз жерінде талқандау», деп тебірене әңгімелейді. Әкем­нің бұл естелігі Махамбет аудан­дық «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы») газетінде жария­ланған «Он сегізде от кештік» атты шағын мақаласында (№58, 10 мамыр, 1975 жыл) жазылған.

Қатардағы жауынгер Шам­сутд­ин Ермековтің соғыс дерек­терін, ерен ерліктерін растаған құжаттардан оның Оңтүстік-Батыс, Сталинград, Брянск, 3-ші Украин, 1-Беларусь майдандарында 396-дивизия, 266-дивизия құрамдарының 725-ші, 446-шы, 18-ші атқыштар полктерінде бөлімше командирі болғанын, минометтерді атудың нысаналық өлшемдерін есептеуші-реттеуші қызметтеріне жетік, шебер мең­гер­генін көруге болады. Жау­дың бомбалары мен зеңбірек оқта­рының қауіп-қатерінен де құтылмаған. Екі рет ес-түсінен айырылып, ауыр жараланды. Қопарылған топырақтан қазылып алынып, қатарға қосылғанын тіршіліктің бұйырғаны десе де болғандай.

Жаужүрек қазақ жігітінің ер­лік­тері еленіп, жоғарыда өзі атаған мемлекеттік наградала­рымен қатар, кейіннен ІІ дәре­желі «Отан соғысы» ордені, «Ста­­линградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Жоғары Бас қолбасшы И.В.Ста­линнің 1945 жылғы 23 сәуір­дегі №339 бұйрығымен берілген алғысы және басқа да мадақтаулар мен марапаттармен аталуы Ш.Ермековтің жауынгерлік, жанқиярлық ерен ерліктерінің айқын көрінісі екендігі даусыз. Бала кезімізде әкеміз соғыс кезіндегі орден-медальдарын қандай ерліктері үшін алды екен деп ойлаушы едік. Өзінен сұрай қалсақ, «оның не керегі бар?» деп мардымды жауап бере қоймайтын. Жақында ініміз Мұқтар интернеттен әскери архивтік құжаттардан әкеміздің жауынгерлік Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін қандай ерліктері үшін алғандығы туралы марапаттау қағазын тауып берді. Онда: «Жеке жауынгерлік ерліктің немесе еңбектің қыс­қаша, нақты мазмұны.

Қатардағы жауынгер Ермеков Социалистік Отаны үшін шай­қастарда өзін мықты және батыл жауынгер ретінде көрсетті. Екі жылдан астам уақыт бойы Ермеков неміс басқыншыларын жою үшін күресте алдыңғы шепте болды. 1944 жылы 26 шілдеде Днестр өзенінің су шебіндегі қиян-кескі шайқастарда зеңбірек­ші бола отырып, миномет біздің жаяу әскердің алға жылжуына кедергі келтірген жаудың екі пу­лемет нүктесін жойды, осылай­ша жауынгерлік тапсырманы орындауға ықпал етті.

ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің үкіметтік наградасына лайық 1006-атқыштар полкінің ко­мандирі, подполковник: Терехин. 4 қараша, 1944 жыл» деп жа­зылған.

Марапаттау қағазында осы­­лай деп көрсетілгенімен, Ш.Ер­меков бұл ерлігі үшін жауын­герлік Қызыл Жұлдыз орде­німен марапатталған.

Осындай мемлекеттік марапаттармен қатар, І дәрежелі «Отан соғысы» орденін алған кезде де неміс фашистері пуле­метінің көзін жойып, олардың зениттік қондырғысын істен шығарып, жаудың 15 солдатын жер жастандырған.

Соғыстан кейінгі жылдары әкеміз «Бақсай» кеңшарында бас есепшінің көмекшісі, бас экономист, жұмысшылар комитетінің төрағасы, бас есепші қызметтерін абыройлы атқарды. Туған жері мен өзін өсірген елінің дәулеті мен сәулетін дамытуға бір адамдай сүбелі үлес қосты. Жас ұрпақты ерлік дәстүрлеріне тәрбиелеуде көрегенділігі мен ақылдылығын таныта білді. Өте балажан адам болатын. Үйдің айналасына жеміс ағаштарын отырғызуды, бау-бақша егуді, көкөніс отырғызуды сүйікті ісіне айналдырды. Әкеміз 1996 жылы 74 жасында дүниеден озды.

Ал анамыз Шархат Дощатова Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагер, ұлағатты ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші. 1944 жылы педагогикалық курстан өткен соң Таңдай, Редут, 11-ауыл, Зеленый жетіжылдық мек­теп­терінде мұғалім, ал 1950-1986 жылдары Таңдай орта мектебінде мұғалім, интернат тәрбиешісі қызметтерін атқарды. Анамыз интернатта тағылым аларлық тәрбиеші ретінде танылып, 252 оқушыны 3 тәрбиешінің бірі болып тәрбиелеп, оның ішінде 90 қыз баланың арлы, әдепті болып өсуіне қамқорлық жасаған. Оның ағайын-туған, көрші-көлем арасында ізетті болған. Анамызды 2014 жылы шілде айында 87 жасында ақтық сапарға аттандырдық.

«Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең» демекші, олардың бауырынан өрбіген 7 қызы мен 2 ұлы әкемізді ұялтпай, анамызды қызартпай өсіп, жетілдік. Әкеміз адал, талап қоя білетін, өтірікті жаны сүймейтін, еңбекқор жан болды. Анамыз ерінің қас-қабағына қарап, емеурінен ішкі жан дүниесін түсінетін сезімтал, парасатты, өте ұстамды жан еді. Ағайын-туған мен дос-жаран ортасында ынтымақ-бірлікті ұйыстырып, ауылдастарының қам-қареке­тінен, тыныс-тіршілігінен ешқа­шан бөлектенбей, «шаруаңды үйлестіргің келсе, Шамсутдин мен Шархатқа бар» деген ықылас пен құрметке бөленді. Әулеттің қос бәйтерегі жарты ғасырға жуық тату-тәтті, өзгеге үлгі-өнеге болардай ғұмыр кешті.

 

Айдар САБИРОВ,

Журналистер одағының мүшесі