Әлем • 03 Шілде, 2022

Лисичанск кімнің қолында?

145 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Украинадағы әскери қақтығыстың бітер түрі көрінбейді. Қазіргі таңда Донбасста кескілескен айқас жүріп жатыр. Ресей тарапы Лисичанск қаласы маңында алға жылжып, бірқатар елді мекенді басып алды. Ал Украина Херсон бағытында қарымта шабуылға шығып, біртіндеп ауылдарды азат ете бастады.

Лисичанск кімнің қолында?

Қазіргі таңда Лисичанск қаласы кімнің қолында екенін тап басып айту қиын. Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралы әскерилер кентті басып алғанын хабарлады. Енді бірі туиттерде қаладағы соғыс мемориалына Кеңес туы тігілгені туралы бейнежазба жариялады. Әйтсе де тәуелсіз сарапшылар мен журналистер бұл мәліметті тексере алмай отыр.

Луганск сепаратистері өз кезегінде кент маңындағы стратегиялық биіктерді басып алғанын хабарлады. Осылайша, Лисичанск толығымен қоршалды деп мәлімдеді.

Украина қаланың басып алынғанын да, қоршауда қалғанын да жоққа шығарды. Луганск облысының губернаторы Сергей Гайдайдың айтуынша, Лисичанскіні қазір Украина әскері бақылап тұр. Украина Ұлттық гвардиясының өкілі BBC арнасына Луганск сепаратистерінің қаланы қоршап алғаны шындыққа жанаспайтынын жеткізген.

Дегенмен С.Гайдай Лисичанскіні Ресей әскерлері бірнеше бағыттан атқылап жатқанын растады. Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі барлау есебінде Ресей тарапы Лисичанск аймағында әуеден және артиллериядан оқ жаудырып, митыңдап алға жылжып келе жатқанын жазған.

Лисичанск – Луганск облысындағы Украина қарамағында болған ең соңғы ірі қала. Бұған дейін қарсылас тарап Северодонецск қаласын басып алған еді. Алда-жалда Лисичанск Ресейдің қолына өтсе, онда Луганск облысы толықтай оккупацияға ұшырайды.

Украина жағы Донбасста біраз аумағынан айырылып қалғанымен, Херсон бағытында айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ел қарулы күштері соғыс бастала сала жау қолында қалған қалаға таяқ тастам жерге келіп тұр. Әзірге Украин жауынгерлері Херсонға тікелей шабуыл жасай ма, жоқ па белгісіз. Conflict Intelligence Team сарапшылары қаланы азат ету үшін Украина көп сарбазын құрбан етуі мүмкін екенін алға тартады. Сондықтан оның айналасындағы елді мекендерді азат етіп, шаһарда бекінген қарсыластарына келетін оқ-дәрілерінің жолын кесіп, ақырында шегінуіне итермелеу керек деп есептейді.

Айтпақшы, Қара теңіздің Украина жағалауына жақын маңда Змеиный деп аталатын шағын арал бар. Әскери қақтығыс басталған тұста осы бір қарыс жерді қорғаған украин сарбаздары «Москва» крейсеріне айтқан сөзі бүкіл әлемді шарлап, Змеиныйдың аты шыққан болатын. Көп ұзамай-ақ Ресей теңіз күштері аралды басып алды. Сөйтіп онда база орнатуға тырысқан.

Жалпы бұл қадам түсінікті де. Змеиный – Қара теңіздегі плацдарм. Егер онда заманауи әуе қорғанысы жүйесін эшелонмен орналастырса, су үстінен ызыңдаған шыбын ұша алмайтын еді. Оның үстіне, «Москва» крейсері суға батқаннан кейін аралдың маңызы арта түсті.

Бірақ Украина жағы қарап жатқан жоқ. Қайта-қайта Змеиныйға әуеден «Байрактар» арқылы соққы жасап, ракетамен дүрсін-дүрсін атқылап тұрды. Тіпті ұшақпен келіп бомба тастап, онда орналастырылған қорғаныс жүйелерін қиратумен болды. Былайша айтқанда, ашық судағы қорғанатын жартасы жоқ бір шөкім жер оңтайлы нысанаға айналды.

Осыдан бірнеше күн бұрын Ресей қорғаныс министрлігі Змеиный аралынан әскерін шығарғанын хабарлады. Ведомство мәлімдемесінде мұндай қадамды «ізгі ниет ретінде» жасалғаны айтылған.

«Ресей Федерациясы БҰҰ-ның Украина аумағынан ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау үшін гуманитарлық дәліз ұйымдастыру жөніндегі күш-жігеріне кедергі келтірмейтіні әлемдік қоғамдастыққа көрсетілді. Осылайша Ресейдің Қара теңіздің солтүстік-батыс бөлігін толық бақылауында ұстауы Киевтің астық экспорттауға кедергі келтірді деп сылтау айтуына мүмкіндік берілмейді», делінген мәлімдемеде.

Бірақ сарапшылар Ресей қорғаныс министрлігі әскерін амалсыз әкеткенін алға тартады. Өйткені Украина бірнеше рет аралды снарядпен атқылап, ондағы техникаларды қиратып тастаған. Жалпы, Ресей мұндай «ізгі ниет» туралы алғаш рет айтып отырған жоқ. Украинаның солтүстік бөлігінен (Киев, Чернигов және Сумы облыстары) шегінгенде де осылай айтқан еді. Батыс сарапшылары сол кезде Ресей бұл аймақтарда әскери жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды деген пікір айтты.

Змеиный аралынан әскерін әкеткен соң Ресей тарапы Украинаның бірнеше қаласын зымыранмен атқылады. Соның салдарынан ракеталар бейбіт тұрғындардың төбесіне құлап, елуге жуық адам мерт болды. Мәселен өткен жұма күні таңертең ресейлік ұшақтар Одесса маңындағы курорттық ауылға үш бомба тастаған. Зымырандар қаладан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде Белгород-Днестровский ауданындағы Сергеевка ауылына түсті.

Ракетаның бірі тоғыз қабатты тұрғын үйге тиіп, оны жартылай қиратты. Қалған екеуі демалыс орындарына түскен. Ресми мәлімет бойынша, 21 адам қаза тапты. Опат болғандар арасында 12 жасар бала бар. Зардап шеккен 38 адамның алтауы бала. Украина төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі жараланғандардың бірі жүкті әйел екенін хабарлаған. Зардап шеккен 8 адам қиранды астынан құтқарылған көрінеді.

Кремль билігі Ресей әскері азаматтық нысандарды көздемейтінін тағы да мәлімдеді. «Ресей Федерациясының президенті мен бас қолбасшысының мына сөзін қайта еске салғым келеді. Арнайы әскери операция кезінде Ресей қарулы күштері азаматтық нысандар мен азаматтық инфрақұрылымдарға соққы жасамайды», деді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Conflict Intelligence Team сарап­шыларының мәліметіне сүйенсек, шабуылға ұшыраған Одесса облы­сын­дағы аумақта ешқандай әскери инфра­құрылым жоқ. BBC агенттігінің хабар­лауынша, Ресей тарапы азаматтық ны­сандар мен инфрақұрылымдарға бірін­ші рет шабуыл жасап отырған жоқ. Оның үстіне, ресейлік шенеуніктер бейбіт тұрғындардың зардап шегіп жат­қанын әрдайым жоққа шығарады. Тіпті халықаралық адам құқықтары және гу­манитарлық ұйымдардың деректерін ескер­мейді. Кремль мұндай мәліметті «жал­ған және арандатушылық» деп атайды.

Сонымен қатар Николаев және Харь­ков облыстарына да зымыран тасталды. Харьков облысының губернаторы Олег Синегубов телеграм арнасында шабуыл­дан ешкім зардап шекпегенін жазды. Николаев қаласында қатты жарылыс бол­ғаны туралы мәлімет тарады. Дегенмен оның салдары туралы әзірге дерек жоқ.

Ұлыбритания барлау қызметі Ресейдің кемеге қарсы ракеталармен жердегі нысандарды атқылау бастағанын хабарлады. Мұның себебін барлау қызметі заманауи зымырандарының азаюымен байланыстырады. Ағылшындардың мұндай пікірге келуіне 27 маусымда Кременчугтегі ойын-сауық орталығына тасталған зымыран әсер етті.

Украинаның орталық бөлігінде орналасқан Кременчуг қаласындағы ойын-сауық орталығына ракета тиген еді. Соның салдарынан 19 адам қаза тауып, 66 адам жарақаттанды. Шабуыл жасалар кезде орталықта көп адам болған. Жарылған бомбадан кейін өрт шығып, ғимарат отқа оранды. Ақырында оның күлі ғана қалды.

Орталыққа тиген зымыранның қалай келіп жарылғаны жақын маңдағы бейне бақылауға жазылып қалған екен. Видеоны талдау барысында жарылған Х-32 ракетасы екені анықталды. Бұл – әуеден жіберілетін қанатты зымыран. Оны Кеңес өкіметінен қалған, кемеге қарсы қолданылатын Х-22 ракетасының негізінде құрастырған. Ұлыбритания барлау қызметі Х-32 әжептеуір жаңар­тыл­ғанымен, онымен жердегі ғимараттарды, әсіресе қалалық ортада нысаналарды көздеу мүмкін емесін алға тартады.

Батыс елдері Украинаға көмек ретінде дүркірете ататын реактивті жүйелерді, атап айтқанда HIMARS қондырғысының санаулы данасын жеткізген болатын. CNN арнасының хабарлауынша, Украина жауынгерлері оны жедел меңгеріп, Ресейдің командалық пунктеріне аямай соққы жасап жатқан көрінеді.