28 Сәуір, 2014

Еуразиялық экономикалық одақ 2050 жылы ықпалды бірлестікке айналады

375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

28-14-Nazarbaev.MGU--de daris okidi

АСТАНА. 28 сәуір. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция тақырыбы бойынша жүргізген дәрісінде Еуразиялық экономикалық одақты 2050 жылға дейін әлемдегі интеграциялық бірлестіктердің алдыңғы үштігіне енгізу қажеттігін айтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады. Дәріс барысында Мемлекет басшысы: «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы біздің әріптестерге 2050 жылға қарай әлемнің 300 бірлестігінің ішінде ең мықты интеграциялық ұйымдардың үштігіне ену мақсатын қоюды ұсынамын. Қазірдің өзінде мен мұндай ықпалдастықтың тек үш-төртеуін көріп отырмын. Бізге де неге талпынбасқа? Ресей экономикасының рөлі өте маңызды. Сондықтан біздің бірлестіктің дамуы экономикалық прагматизм, жауапкершілік, эволюциялық, ашықтық шеңберінде жүргізілуі тиіс», – деді. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев сөзін саптай келе, әріптестеріне Қазақстаннан үлгі алуды ұсынды. «Қазақстанда 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарлама іске асырылуда. Оның алдында бізде 2030 жылға дейінгі бағдарлама мерзімінен бұрын жүзеге асты. Енді біз ғасырдың ортасында әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Бұл арман-қиял емес. Бұл бағдарлама толығымен қаржымен, мамандармен және жобалармен қамтамасыз етіледі. Біз осы мақсатқа тәуелсіз, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің толыққанды мүшесі ретінде қол жеткізуді көздеп отырмыз. Біздің барлығымыз алдымызға осындай жоғары мақсаттарды қоюымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «ҚазАқпарат». Фото: Liter.kz.