Қоғам • 05 Шілде, 2022

Төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиеге сыйақы есептеуге тыйым салынды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында былтыр желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның нормалары іске асырылуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиеге сыйақы есептеуге тыйым салынды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биылғы 1 шілдеден бастап ресімделген шарттар бойынша азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары мен микрокредиттері бойынша мерзімі өткен берешегінің өсуіне жол бермеу үшін қарызды қайтару мерзімі 90 күннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады. Бұл норма жеке тұлғаларға дара кәсіпкер ретінде берілген қамтамасыз етілмеген кредиттерге қолданылмайды. Бүгінгі күні осындай тыйым салу жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарына қатысты қолданылатынын еске сала кеткен жөн.

«Екінші, кепілді қарыз алушылардың мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар күшейтілді.

Банктер және банк қызметі туралы заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес кепіл беруші, оның жеке немесе заңды тұлға болып табылуына қарамастан, егер ипотекалық қарыз бойынша орындалмаған міндеттемелер сомасы кепілмен қамтамасыз ету құнының 10%-ынан кем болған жағдайда, кепіл затын ауыстыруға құқылы. Сонымен бірге кепілді қарыз алушыларға кепілді – баспананы үш ай мерзімде дербес сот арқылы не соттан тыс сату құқығы берілді. Ипотекалық қарыздар бойынша орындалмаған міндеттемелерді өтеу үшін баспананы сауда-саттықта төмендетілген құны бойынша сатуға жол бермеу және сауда-саттықта кепіл мүлкін соттан тыс өткізуден алынған ақшаның жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін кепілдің сату бағасының төменгі шегі кепілдің бастапқы бағалау құнының 50%-ынан 75%-ына дейін көтерілді», деп жазды ведомостводан.

Кредиторлар тарапынан жосықсыз әрекеттерге жол бермеу үшін кепіл ұстаушының, оның қызметкерлерінің, үлестес тұлғалардың, сондай-ақ еншілес ұйымдардың сауда-саттыққа қатысуына тыйым салу енгізілген.

«Үшінші, азаматтардың қарыздары бойынша кепілді баспананы сатуға қосымша шектеулер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, егер ипотекалық қарыз бойынша орындалмаған міндеттеменің сомасы 15%-дан аспаса және мерзімін өткізіп алу мерзімі 6 айдан аспаса, онда кредитордың баспана түріндегі кепілді өндіріп алуға құқығы жоқ. Сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығару талаптары кеңейтілді. Бұл шара өзге мүлкі жоқ және кірісі ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен аспайтын қарыз алушыларға кепілге салынған баспананы сот арқылы сатқаннан кейін қалған борышты есептен шығаруға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Аяна Тоғанбек