Қоғам • 06 Шілде, 2022

Мерейтойы туған жерінде атап өтілді

563 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазақ университеті» баспа үйінің бас редакторы, белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кәдірбек Құныпияұлының 60 жасқа толуына орай, туған жері Кеген ауданында шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, жазушы Нұрғали Ораз және  қаламгерлер мен өнер қайраткерлері қатысты.

Мерейтойы туған жерінде атап өтілді

Шығармашылық кеште сөз алған М.Отарбаев ақын Кәдірбек Құныпияұлын асқаралы 60 жасымен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхатын және Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтаухатын тапсырды. «Кәдірбек Құныпияұлы – Қазақстанның мәдениеті мен руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан қайраткер ақын. Бүгінде баспа саласында ғалымдардың, ақын-жазушылардың құнды туындыларын өз оқырмандарына жеткізуде аянбай еңбек етіп келеді»,  деді Мәлік Нұржанұлы.

Т.Байеділов ақынды Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ аудандық мәслихат шешімімен Кәдірбек Құныпияұлына «Кеген ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан Н.Ораз сөз сөйлеп, ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Сонымен қатар мерекелік кеште Кәдірбек Құныпияұлының «Найзақара» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шара барысында ақын қаламынан туған «Қарқара, қайда барасың?» поэмасы мен өлеңдері оқылып, кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Шарафаддин ӘМІРОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы