Су спортынан әлем чемпионаты 1973 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осыған дейін аталған жарыстың жалауы 18 мәрте желбіреп, соның 13-інде америкалықтар алдарына жан салмады. АҚШ құрамасы 1973, 1975, 1978, 1982, 1991, 1998, 2003, 2005, 2007, 2009, 2011, 2017, 2022 жылдары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. 1986 жылы Германия озса, 2001 жылы Аустралияның асығы алшысынан түсті. Ал 1994, 2015 және 2019 жылдары Қытайдың қарқынына ешбір елдің өрендері шыдамады. Міне, жалпы есепте көш бастау бақыты тек осы төрт мемлекеттің саңлақтарына ғана бұйырды.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, әлем чемпионатында ең мол олжаға кенелген Майкл Фелпс екені мәлім. 2001-2011 жылдар аралығында өткен жарыстарда ол 26 алтын, 6 күміс және 1 қола медальды олжалады. Барлығы – 33 жүлде. Әрине, «Балтимордың оғы» деген лақап атқа ие болған АҚШ-тың даңқты жүзушісінің бұл табысына таңданбау мүмкін емес. Майклдың өзге рекордтарын айтпағанда, оның Олимпия ойындарында 23 алтын, 3 күміс және 2 қоланы еншілегені бар. Бір сөзбен айтсақ, Жер-жаһандағы ешбір спортшы өзінің атақ-даңқы жағынан Фелпспен теңесе алмайды.
Екінші және үшінші орындарды Светлана Ромашина мен Наталья Ищенко иемденуде. Ресейдің қос синхронды жүзушілерінің де қол жеткізген табыстары толағай. Ромашина 21 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Ищенконың қоржынында 19 алтын мен 2 күміс медаль бар. Төртінші орында – Райан Лохте. АҚШ-тың жүзушісі 18 алтын, 5 күміс және 4 қоланы иеленді. Үздік бестікті 16 рет алтыннан алқа таққан ресейлік Светлана Колесниченко түйіндеп тұр.
Осының алдындағы әлемдік дода 2019 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында ұйымдастырылған еді. Аталған жарыста Қытай мен АҚШ спортшылары әбден тіресіп, бір алтынның аздығынан америкалықтар басты қарсыластарынан қалып қойды. Қытайлардың әнұраны 16 мәрте (11 күміс+ 3 қола) шырқалса, америкалықтар 15 рет (11 күміс+10 қола) дәл сондай құрметке бөленді. Сол секілді Ресей (12+11+7), Аустралия (7+9+7) және Мажарстанның (5+0+0) да қарқыны қуантты.
Кеше Мажарстанда аяқталған дүниежүзілік додада да басты бәсеке АҚШ пен Қытай құрамалары арасында өрбіді. Екі команда да 18 алтынға иелік етті. Десек те күміс пен қоланы артық алған америкалықтар (18+14+17) жалпы есепте көш бастады. Аспанасты елінің өкілдері (18+2+8) екінші орынды еншіледі. Үшінші орында – Италия (9+6+6). Төртінші және бесінші сатыларға Аустралия (6+9+4) мен Канада (3+5+6) жайғасты. Сондай-ақ Жапония (2+8+3), Франция (2+7+2), Украина (2+6+2), Германия (2+5+3) және Мажарстан (2+2+1) үздік ондықтың қатарына енді. Будапештте барлығы 16 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 22 елдің туы көкте желбіреді.
Қазақстандық спортшыларға келсек, олар бұған дейінгі додалардың ешбірінде жеңіс тұғырына көтерілген емес. Яғни 1994 жылдан бері ұйымдастырылған әлем чемпионаттарының барлығынан жүлдесіз оралды. Өкінішке қарай, дәл сол жағдай Мажарстанда да қайталанды. Жалпы, осы спорт түрінің дамуына елімізде қолайлы жағдай жасалған. Біздің өрендер оқу-жаттығу жиындарын шетелде өткізіп, қалаған жарыстарының барлығына қатысып келеді. Олардың алатын еңбекақылары мен сыйлықтары да жаман емес. Бірақ соның қайтарымы жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас...» күйінде. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында Дмитрий Баландин үш алтын алып, 2016 жылы Рио Олимпиадасында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілгенде, барша қазақстандықтың ерекше шаттанғаны есімізде. 2018 жылы Джакартада алматылық жүзуші үш рет үшінші орынға табан тіреді. Міне, су спортынан ең үздік нәтижелеріміз осы ғана.
Содан бергі уақытта жерлестеріміз өз жанкүйерлерін елеулі табыстарымен қуанта алмай жүр. Бұл жағдай осы саланың тізгінін ұстап отырған азаматтарға ой салуға тиіс.