Тарих • 05 Шілде, 2022

Ескерткіштер – елдің өткені де, ертеңі де

336 рет көрсетілді

Алматыда Ғылым ордасында Ақтөбе облысындағы Алмат тамы кесенесі мен Досжан хазірет кешеніне (мешіт, кесене, медресе, тұрғын үйлер) жүргізілетін реставрация жұмыстарын талдау жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңес өтті. Бұл жиында өңірдегі ескі тарихи сәулет ғимараттарын қалпына келтіру мен консервациялауға қатысты күрделі мәселелер де айтылды. Өңірде мамандардың тапшылығы, реставрациялау мен консервациялау жұмыстарында орталықтағы ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін басшылыққа алуды қажет етеді.

Үш жылдан бері өңір басшысы Оңда­сын Оразалиннің бастамасымен «Қазақ­станның киелі жерлерінің география­сы» жобасы аясында ескі мешіттер мен кесе­нелер, байырғы қоныстар мен тұрақтар, тарихи оқиғалар өткен жерлерді зерттеу жұмыстары басталды. Бұрын-соңды тарихи ескерткіштер қатарына кірмеген мешіт, кесене, қорым, діни-ғұрыптық орындар табылып жатыр. Есепке кірмеген дүниені түгендеп, анық­тап-зерттеуге облыстық ескерт­кіш­терді қорғау орталығының санаулы қызметкерінің тәжірибесі де, күші де жетпейді.

«Біз Абат-Байтақ, Досжан хазірет, «Хан моласы» кешендерін ашық аспан астын­дағы музейге айналдырып, Шәкен ишан, Алмат тамы кесенелерін қайта қалпына келтіруді жоспарға енгіздік. Соны­мен бірге Исатай батырдың соң­ғы шайқасы өткен, жерленген жерін анықтау мақсаты да тұр. Жергілікті та­рихшы архео­логтер бұрын-соңды ғы­лыми айналым­ға енгізілмеген көне қо­ныстар орнын, қорған қалдықтары, тас қоршаулар, петроглифтер, неолит, тас дәуірінен қалған мұраларды тауып, қыруар жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Темір ауданындағы Тасқопа қор­ғанынан Сармат көсемінің қабірі табыл­ды. Реставрация нәтижесін­де киімі, бес қаруы қайта жасақталып, облыстық та­рихи-өлкетану музейіне қо­йылды. «Доңызтау» экспедициясы Бай­ғанин ауданындағы Сам үстіртіне барар жолда көне қоныстың орнын тапты. Атқарылып жатқан осындай жұмыстарға қарамастан Ырғыз ауданындағы «Алмат тамы» кесенесі мен Темір ауданындағы Досжан хазірет кешенін қалпына келті­руге байланысты кеңес қажет. Екі нысан­ға археологиялық қазба жұмыстары жүр­гізіліп, зерттелді. Бірақ қалай қалпына келті­реміз дегенге сіздердің көмектеріңіз қажет», деді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Расында да, Ақтөбе даласында ерте­дегі шеберлеріміздің қолынан шыққан ме­шіт, кесене, қоныс-үйлер орындары сақтал­са да, табиғат пен уақыттың әсе­рінен жо­ғалып барады. Шебер баба­ларымыздың қолтаңбасын сақтап қалу үшін тиянақты жұмыс қажет. Бұл шаруа орталықтағы ғалымдардың араласуынсыз шешіл­мейді. Оның қатарында күрделі жұмысты талап ететін Доңызтаудағы, Қобда, Орал, Жайық, Сағыз өзендері бойындағы ескерткіштер, солтүстік Арал маңы – Ырғыз бен Шалқар бойында­ғы қайта қалпына келтіруді қажет ететін ескерткіштер бар.

«Ежелгі кесенелер – Қазақстанның шекаралық маркері»

«Мен көне ескерткіштерімізді қал­­пы­на келтіру саласында 42 жыл жұ­мыс істе­генімде, бірде-бір облыстың Алма­­тыда ғылыми-әдістемелік кеңес өткіз­генін көр­генім жоқ. Бұл – өте дұрыс бастама. Қазақ дала­сының сәулет өнері әртүрлі бол­ғандықтан да, әр өңірдің тарихи ескерт­кіштерін зерттеудің өзіндік бағыты болуға тиіс. Қазақстандық реставраторлар 40 жыл ішінде 450-дей нысанды қайта қалпына келтіріп шықты. Қателіктер де болғанын мойындаймыз. Мұның себебі де түрліше. Тарихи нысанды қайта қалпына келтірер алдында әр өңірден сіздер сияқты арнайы келіп, бізбен ақылдасар болса, қателіктер де азаяр еді.

Бүгінде елімізде реставратор маман­дығын сақтап қалу өте маңызды. Аға буын жас реставраторлар мектебін қалып­тастыруы керек. Бізде осы жағы ақсап тұр. Ол үшін өңірлік университеттердің та­­рих факультеті жанынан реставраторлар ­даярлайтын бөлім ашылса жақсы болар еді. Өйткені орталықтан оқу бітірген­дер алыс облыстарға көп бармайды. Оған ұлттық университет оқытушыларын жұ­мысқа шақырып, кафедра мамандары қа­лып­тасып кеткенше, қолғабыс тигіз­се деген ойым бар. Бүгінде әр облыс өзін­де­гі ескерткіштерге ие болғаны жөн. Екін­ші жағынан, елімізде ата-бабамыздың қол­таңбасы қалған дүниені сақтауға деген көзқарас төмендеп кетті. Бүлдіру, бұзу оңай, бірақ қайта қалпына келтіру өте қиын. Мен ертеректе Сирия, Мысырда археологиялық жұмыстармен айналыс­тым. Сонда байқағаным, ол жақтың маман­дары ұлттық құндылықтарына өте мұқият қарайды, мәдени мұраларын зерттеп, қалпына келтіруде күні-түні жұмыс істеуге даяр. Өкініштісі, бізде осы жағы кемшін. Ата-бабамыздың кез келген мұра­­сына осындай салғырттық таныта берсек, барымыздан айырылып қалар түріміз бар.

Бүгінде қазақ жерінде 11 470 тарихи сәулет ескерткіші тіркелсе, оның 250-ге жуы­ғы республикалық деңгейдегі мұра­лар. Кең-байтақ даламыздағы сәулет құры­лысының бәрі түгенделді деуге ерте. Елсізде жатқан талай мұра бар. Көбіне­се Жібек жолы бойындағы дүниелерге көңіл аудара береміз де, батысымыз мен шығы­сымыздағы кесене, көне қорым, ескі мешіттер, қорған-құрылыстар, қыс­таулар назардан тыс қалады. Шалғай аудан­дардағы ескерткіштер де зерттел­мей жатыр. Сол себепті әр облыс өз ескерт­кішін өзі түгендемесе болмайды», деді «Реставраторлар одағы» қорының директоры, тарихшы Қанат Тұяқбаев.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері, та­рих ғылымдарының докторы Серік Әжі­ғали ежелгі ескерткіштерді зерттеп-сақ­тау­ға байланысты көзқарас төмендеді де­ген әріптесінің пікірін мақұлдады. «Кез келген тарихи ескерткішке қаз­ба жұ­мыс­тарын жүргізер алдында тия­нақ­ты монографиялық, мұрағаттық-биб­лио­графиялық зерттеу жүргізілуге тиіс. Өкініштісі сол, тарихи нысанды алды-артына қарамай қазып тастай­мыз. Ескеркіштерді қорғау мәдение­тіміз­дің төмендеуіне «Мәдени мұра» бағ­дарламасын жасаушылардың да кінәсі бар. Өйткені осы бағдарламадағы ескерткіштерді жедел қалпына келтіру керек деген қате концепцияның кесірінен көптеген тамаша сәулет туындыларын бұзып алдық. Соның бір мысалы, қай­та қалпына келтірілген ХІ ғасырдың құры­лысы «Айша Бибі» кесенесі бұрынғы асқақтығынан, бірегейлігінен айырыл­ды. Жергілікті жерлерде де өрескелдіктер кө­бейді. Мұндайға «ата-бабасын» іздеу­шілер де килігіп, сауатсыздықпен бұ­рын­ғының дүниесін бүлдіріп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында са­лынған Жәлімбет батыр кесенесін ұрпақ­тары бұзып, силикат кірпіштен қайта салды. Өткен заман шеберінің қолынан шыққан тамаша құрылыс осылай жоғалды.

Біз ежелгі кесенелеріміздің Қазақ­стан­ның аумақтық маркері екенін ұмыт­пағанымыз жөн. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бұл өте маңызды. Сондықтан да кең-байтақ даламыздағы барлық сәу­лет құрылысын түгендеп, бір кір­піші­нің де бұзылуына жол бермеуіміз ке­­рек. Мына мысалды айта кеткенім жөн. ХХ ғасырдың басында Санкт-Петер­бург­те Көркемөнер академиясын­да орта­азия­лық ескерткіштерге байланысты өткен арнайы мәжілісте қазақ жеріндегі ке­сене-құрылыстарға қатысты мәселе көтеріл­ген. Сонда академик Радлов олардың бәрі тізімделіп-түгенделіп, консервациялануы тиіс деп шешім шығарған. Реставрация да басқа қолданбалы ғылымдар тәрізді дамиды, жетіледі, бұл салаға да озық технология келеді. Алайда қаншалықты технологиясы озып кеткен елдер ежелгі Римнің жауһары – Колизейді қайта саламыз деп жатқан жоқ. Соңғы жылдары тарихшы­лар мен археологтер ескерткіштерді қалпы­на келтіруден сырт қалды. Реставрация­ға тәжірибесіздер келді», деді Арал-Кас­пий маңы бойындағы көне құрылыстар­ды жарты ғасырдан бері зерттеп келе жат­қан археолог Серік Әжіғали.

г

Досжан хазірет мешіті

Болашақта тамаша этноауыл ретін­де көруге болатын Досжан хазірет ке­шені ХІХ ғасырдың ортасында шаруа­шылығы жоғары бай қазақ ауылы болған. Тарихи мәдениетіміздің жарқын үлгісі, жартылай көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа көшкен осы ауылдың ортасында жеті күмбезі ақ түсті қазақы мешіт болған. Жақында сәулетші-рес­тав­ратор Сәдуақас Ағытаев Темір ауда­нындағы Шилісу бойында Досжан хазірет қорымына барып зерттеу жүргізді. Ол: «Хазірет жерленген кесене жанындағы ескі қорымда ұлтымыздың тас қашау өне­рінің үлгісі бар талай қорым, құлпытастар сақталған. Ескі үйлердің орны, медресе іргетастары, мешіт және медресе құры­лысына топырақ алу үшін қазылған жер де сақталған», дейді.

Досжан ишан мешіті ХІХ ғасырдың 60-70-жылдарында салынған. Досжан Қашақұлы (1815-1896) ағартушы, діни қайраткер, далалық сәулет өнерін дамытумен, қазақ шежіресін жинаумен аты шыққан тұлға. 1840 жылы Байғанин ауданының Доңызтауында Қайнар меші­тін салған. Ол 1868 жылы Шилісу бо­йына келіп қоныстанып, медресе ашып, төңіректегі ауыл балаларын оқытқан. Зерт­теліп жатқан осы қоныс орны.

Сәдуақас Ағытаев «Шилісудағы ме­шіт пен Атырау облысындағы Дүйсеке мешіті құрылысы өте ұқсас, бұлар қазақ­тың желкенді күмбезді мешіттері» деп атады. Бұл – алты күмбезінің ортасында биігірек үлкен күмбезі шығып тұратын, кіреберіс бөлмелерінің арқалығы шикі кірпіштен тұрғызылған құрылыстар.

Ертедегілер Досжан хазірет мешітін Ишан ата мешіті деп құрметпен ата­ған. Мешіт-медресе фотосуреттері Ресей мұ­­ра­ғаттарында сақталған. 1904 жылы гео­­ботаник Дубянский түсірген фотосу­ретте мешіттің биік мұнарасы, медресе қатарлары жақсы көрінеді. Сәдуақас Ағытаев қалпына келтіру жұмыстарын­да Дубянскийдің фотосуретін негізге алмақ­шы. Ишан ата кешені мешіті мен мед­ресесі, жатын үйлері мен шаруашылық орындары көп, көптеген қыстау үйі бар ерекше ауыл болған. Қазір кеуіп қал­ған Шилісу өзені бойында Досжан Қашақ­ұлы бау-бақша өсіріп, егіншілікпен айна­лысқан. Діни білімі жоғары, елді оты­рықшылыққа үндеп, заманның ағы­мын терең түсінген сауатты жан бірнеше рет Меккеге қажылыққа барған. Досжан Қаша­қ­ұлының Шилісудағы медресесінде 150-ден астам шәкірт оқыған. Олардың ара­­сынан елдің қамын ойлаған саналы да сауатты азаматтар өсіп шықты. Дос­жанның ұрпақтары Кеңес өкіметінің қуда­лауына ұшырап, айдалып-атылып кет­ті. Мешіті 1930-жылдары құлаты­лып, атқораға, тіпті арақ сататын дүкенге айналған.

Алты күмбезді, бірнеше бөлмесі бар, бір мезгілде мыңнан астам адам сиятын ескі мешітті салған шебер – Бірмән Көшім­құлұлы. Ол 1922 жылы 75 жасында қай­тыс болған. Сүйегі – Қобда ауданының Құм­сай деген жерінде. Уақыт пен қилы заман адамдарының қияна­тын көп көрген осы мешіттің бүгінде екі қабырғасының қалдығы сақталған.

«Ортасындағы екі метр үйіндінің астын­да мешіттің негізгі бөлігі қалған. Ме­шітті сақтап, одан әрі бүлінуге жол бер­меу үшін қазба жұмыстарын жүргізу керек. Рас, Досжан ишан кешенін осыған дейін де археологтер зерттегенімен, көп кемшілік кеткен. Олар қираған мешіт пен Досжан ишан жерленген кесенені ғана көрген де, бұл аумаққа кешенді түрде қарамаған. Мешіттің оңтүстік-шығыс жағында медресе жатақханаларының қатарлары мен үлкен шаруашылық кешені орны бар. П әрпі тәрізді салынған медресе құжыраларының іргетастары анық байқалады. Енді тарихшы, археолог, реставратор бірлесе отырып жұмыс жасауы керек», дейді «Архрест» ЖШС-ның бас сәулетшісі Сәдуақас Ағытаев.

Алмат тамы

Ырғыз елді мекенінен 20 шақырым жерде 1886-1888 жылдары салынған, Алмат Тобабергенұлының кесенесі бар. Оны Жыға есімді Сыр бойының шебері тұрғызған. Кезінде жеті күмбезді кесене болған. Жақында кесенеге қазба жұмыстары жүргізілді. Енді ғалымдар күзге дейін төбесін шатырмен жауып, келесі жылға дейін консервациялау керек дейді. Себебі үйінділер түріндегі сыртқы жамылғысы алынған соң ескі ғимарат жауын-шашынның әсерінен тез бұзылады. Алдағы жылы кесене күм­бездерін қайта қалпына келтіріп, тарихи ескерткіштің түпнұсқасын сақтап қалу керек дейді.

«Күмбез» ғылыми-жобалау» ЖШС дирек­торы Наталья Төреқұлова «Ортасы тазартылған кесененің бұзылған қабырға­ларын қалпына келтіріп, кірпішін өріп, күмбездерін қайда орнату керек. Бірақ күмбезде ертедегі суреттері сақталмаған. Соғыстан кейін құлап қалса керек. «Ал­мат тамы жергілікті ескерткіш түрінде тір­келгенімен республикалық деңгейде ерекше қорғалатын ескерткіш санатына енуге тиіс. Бұлай деп отырғанымыз, Ақтөбе облысы осы кесенені қайта қал­пына келтіруге мемлекеттік сатып алу кон­курсын жариялайтын болса, оған рес­таврациялық жұмыстарды жүргізуде тәжірибесі жоқ фирмалар қатысып, ұтып алуы мүмкін. Қазіргі кезде жергілікті ескерткіштердің қатарындағы сәулет нысандарын қалпына келтіру конкурстарын ғимараттың шатырын не қасбетін бояумен айналысатын фирмалар ұтып алып жүр. Реставрациялау жұмыстары үшін күйдірілген кірпіш технологиясымен өт­кен заманның кірпішін жасай алатын ше­берхана керек. Ең бастысы – Алмат тамы құрылысын зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл қатардағы құрылыс емес», дейді.

Алмат Тобабергенұлы – 1830 жылдары қазақ-орыс қатынастарында ерекше рөл атқарған болыс, Орынбор-Бұхара керуен жолдарын ұйымдастырған беделді тұлға. Кесенені көзі тірісінде салдырған.

 «Алмат тамы «солдат кірпіштері­­нен» қаланған. Бұл – отарлау кезеңіндегі ­сәу­лет құрылысы, қазақ даласына салынған бекіністердің кірпішімен бірдей. Биыл­ғы қазба жұмыстары кезінде кесененің көмілген бөліктері аршылғаннан кейін орталық бөлігінде ерекше орын табылды. Белгілісі сол, Алмат тамы алдын ала сызба бойынша салынған, құ­рылыс өлшемдері үйлесімді. Сәулет ғы­лымының ережесі бойынша салынған дұрыс ескерткіш болғандықтан осы за­манға жетіп отыр. Алмат тамына 1983 жылы келдік. Содан бері далалық тамаша ескерткішке архео­логиялық зерттеу жүргізілмеді. Бұл – үлкен олқылық. Елу жылдан соң ғана орал­дық. Әрине, қайта қалпына келтіру жақсы, бірақ өте мұқият болуымыз керек, бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Ең әуелі архив материалдарымен жұмыс істеу керек. Алмат тамы өз заманында елсізде алыс­тан көрініп тұратын еңселі ескерткіш болғандықтан, осы жерді аралаған орыс географиялық қоғамының саяхатшылары, одан кейінгі түрлі экспедициялар да қағазға түсірмей өтпеген болар. Сол үшін де мұрағаттық-библиографиялық тың материалдар керек. Күмбезінің бұзылмай тұрған кезіндегі фотосуреті табылса, жақсы болар еді. Маған 1983 жылы Ырғыз ауданының тұрғыны, Алмат Тобабергенұлының неме­ресі Рахи Маханов берген фотосуретте күмбез жоқ», дейді Серік Әжіғали.

«Алмат тамы» – арнайы өлшемдегі орыс кір­пішімен салынған осы жақтағы алғашқы құрылыстардың бірі. Кірпіші – 250х120х165 өлшемде, тікбұрышты. Оған дейін қазақ даласындағы кесене құрылыстарына ортағасырлық кір­піштер пайдаланылып келген. Алмат Тобабергенұлы қажылықтан келген соң кесене құрылысын бастаған. Бұл саға­налық үлгідегі жерлеу орны, әулет қо­рымы. 1966 жылы ең соңғы адам жер­ленген. Алты күмбездің астында ал­ты баласы, ортасында Алмат Тоба­бер­генұлының өзі жерленген болуы мүмкін. 1948 жылы кесененің іші ақ, әктелген бол­са, күмбезінің төбесі ашық, ортасын­да арба дөңгелегі тұрған екен», деді Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінің проректоры, та­рих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров.

Өлкетанушы Бекарыстан Мырза­бай­ұлы бала кезінде әкесінен соғыс жыл­дары Алмат тамының күмбездері бар екен­дігін, төбесінде арба дөңгелегі тұрғанын естігенін есіне алды: «1983 жылы Алмат­тың ұрпағы Файзолла Әбсәлімов Алмат тамы­на келіп, жоғарыда айтылған дерек­терді растады. Кіреберіс есігі өте төмен бол­ғандықтан, сырттан адам ішіне еңбек­теп кірген. Ертеректе кесене ішінде кілем төселіп, көрпе-төсек, қазан-ошағы, отыны болған. Осы төңіректен өткен жолау­шы қысы-жазы аялдап өткен. Кесене ішінде әдемі маталар да қойылыпты. Орталық күмбездің жан-жағындағы бес күмбездің астында 23 адам жерленген. Биыл кесенеге қазба жүргізілгеннен кейін көп нәрсе айқындалды». Бекарыстан Мырзабайұлы тарихшылар, этнографтар ортақ талдау жасаса деген ұсыныс білдірді. Өйткені дәл мұндай адамдарды жердің бетіне жер­леу ғұрпы осы аймақта бұрын-соң­ды кездеспеген. Кесененің қазылған бөлік­тері күзде жабылса, қал­пына келтіру жұмыс­тары келесі жылға қал­дырылады. Архео­лог Наталья Төреқұлова «Кесененің қабыр­ғаларын 270х140х130 өлшемдегі кірпішпен қалау­ға болады. Оны жергілікті жердің топы­рағынан дайындау керек», деді.

Ғалымдар Алмат тамының қазылған бөліктерін күзде консервациялау қажет деп тапты. Екі құрылысқа да археолог, этно­­граф, реставраторлар ғылыми талдау жа­сап, ерекше қорғалуға тиіс респуб­лика­лық маңызды ескерткіштер тізіміне енгізу үшін құжаттар даярлау қажет деп көрсетті.

Досжан хазіреттің мешіт-медресе, тұр­ғын үйлері сол замандағыдай қалпына келтірілсе, алдағы уақытта ерекше тари­хи-туристік кешенге айналар еді. Жоба іске асса, осы жаққа келген әрбір турист ХІХ ға­сырдың ауылын көріп кетуге ықы­лас­ты болары анық. Ақтөбе облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының бастамасымен Ғылым ор­дасы ғимаратында өткен кеңестің қатысу­шылары осындай қорытындыға келді.

 

Ақтөбе – Алматы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар