Аймақтар • 07 Шілде, 2022

Жалғасын тапқан дәстүр

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел дамуында экономикамен қатар өнер мен мәдениеттің де алар орны ерекше. Осыдан да кезінде «Ел іші – өнер кеніші» атты байқау ұйымдастырылып, оған ірі орталықтардан шалғай жатқан ауыл тұрғындары қатысатын. Осы әуесқойлардың арасында кәсіби мамандардан кем түспей жататын өнерпаздар да кездесіп қалатын еді. Әйтеуір, осы байқаудың ауылдықтарды тағы бір қырынан танытып, елді рухани тәрбиелеуге қосатын үлесі үлкен болатын.

Жалғасын тапқан дәстүр

Жуырда Қызылорда қалалық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімі ел жадынан өше бастаған осы жақсы дәстүрді жандандырып, қала маңындағы ауыл өнерпаздары қалалықтар алдында өнер көрсетті.

– Қалалық мәдени-демалыс паркін­де 13-30 маусым аралығында  өткен бай­қаудың қатысушылары облыс орта­лығына жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары болды. Елдің рухани дүниетанымын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтқан байқауды қала әкімдігі қолдап, ауыл өнерпаздары ережеге сай концерттік бағдарлама әзірлеп, кітап және қолөнер көрмесін жасады, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов. 

Байқауға қазылық жасағандар Қызыл­жарма ауылдық мәдениет үйінің  өнерпаздары көптігін және концерттік бағадарлама бойынша әр түрлі жанрда өнер көрсеткенін, Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйі өнерпаздары жүлдегер атанған өнерпаздардан шеру жасап ерекшеленгенін айтып отыр. Ал Қараөзек ауылдық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасы көркемдік жағынан ұтымды ұйымдастырылып, осы ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі Айдос Байкеновтың өнер сайысында алғаш рет орындалған «Ел іші – өнер кеніші» атты әні байқаудың басты табысы болды.

Екі аптадан астам уақыт қалалық паркке жиналғандарға өнер кешін сыйлаған байқаудың бас жүлдесін Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі алса, бірінші орын Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйі ұжымына бұйырды. Екінші орынды Қараөзек ауылдық клубы өнерпаздары, үшінші орын жүлдесін Белкөл кентінің клубы мен Ақсуат ауылдық мәдениет үйі иеленді. Абай ауылындағы мәдениет үйіне, Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық клубтарына ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Қайта жаңғырған байқау қорытындысында жекелеген қатысушылар да түрлі аталымдар бойын­ша марапатталды. 

 

Қызылорда