Теннис • 07 Шілде, 2022

Рыбакина – финалда!

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстан құрамасының спортшылары биыл жарап тұр. Жылдың алғашқы жартысында үш бірдей (ерлер, әйелдер және жасөспірімдер) құрамамыз тарихта алғаш рет бір мезетте әлем чемпионатының финалына шығып, қазақстандықтарға үлкен қуаныш сыйлаған еді. Енді, міне, әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина тағы бір тарихи нәтижеге қол жеткізіп, қазақстандық жанкүйерлерді серпілтіп тас­тады.

Рыбакина – финалда!

Лондонда өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінде Елена Рыбакина әуелі жарыс­тың жартылай финалына жолдама алып, қазақстандық теннисшілер ара­сында осындай тарихи межені бағын­дырған тұңғыш спортшы атанған еді. Жарыстың 17-ракеткасы болып тіркел­ген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 44-орында тұрған аустралиялық Айла Томля­новичтен үш сетте басым түсті.

Екі сағатқа созылған бәсе­кенің бірінші партиясында аустралиялық теннисші ә дегеннен есепте алға шығып, сол қарқынын партия соңына дейін сақтай алды – 6:4.

Тез ес жиып үлгерген Елена Рыбакина екінші сетте қарсыласынан есе қайтарды – 6:2. Ал үшінші, шешуші партия­да да қазақстандық спортшы өз мықтылығын дәлелдеп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады – 6:3. Матч барысында Е.Рыбакина 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнт­­тың бесеуін ұтымды пай­да­ланды.

Сөйтіп, жерлесіміз финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының екі мәрте жеңім­пазы румыниялық Симоне Халеппен кез­десті. Екі теннисші де бір-бірінің қыр-сырын өте жақсы біледі. Себебі бұған дейін теннисшілер кортта үш мәр­те кездесіп, екеуінде Халеп, біреуінде Рыбакина жеңіске жеткен. Бұл матч отан­дасымыз үшін карьерасындағы ең маңызды ойынның бірі болды.

Ойын жерлесіміздің бірден брэйк жасауымен басталды да, ол бірінші партия аяқталғанша осы басымдығын қарсыласына берген жоқ – 6:3. Екінші сет те Е.Рыбакинаның бірден брэйк жасауымен басталғанымен, бұл жолы С.Халеп таразы басын теңестіре алды. Алайда қарсыласының бұл қадамы отандасымыздың сағын сындыра алған жоқ. Іле-шала есе қайтарған Елена тағы да екі гейм алға шықты да осы басымдығын сет аяқталғанша ұстап тұрды. Қорытынды есеп – 6:3, 6:3.

Осылайша, Елена Рыбакина өзінің спорттық мансабындағы алғашқы үлкен жетістігіне қол жеткізді. Жалпы, бұл оның жеке ғана табысы емес, тұтас Қазақстан теннисінің осындай деңгейдегі алғашқы жетістігі болып отырғанын ерекше атап көрсеткен жөн.