Қоғам • 08 Шілде, 2022

Жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілуде

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жолаушылар пойызына көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында арнайы тексеріс жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілуде

Қыркүйек айына дейін жалғасатын шараны ИИДМ Көлік комитеті, ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі бірлесіп ұйымдастыруда.

«Бүгінде пойыздардың техникалық жай-күйімен қатар тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікке де жіті назар аударылып отыр. Осыған орай ағымдағы жылдың алғашқы бес айында темір жол саласындағы 220 кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде 4 091 бұзушылық анықталып, жылжымалы құрамның 47 бірлігін пайдалану тоқтатылды», деп жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми сайтына.

Сондай-ақ аумақтық көліктік бақылау органдары 200 жолаушылар пойызын тексеріп, жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын бұзуға қатысты 431 кемшілік анықтаған. Билетсіз жолаушыларды тасымалдауға қатысты 33 оқиғаның жолы кесіліп, 31 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

«Қазіргі таңда жолаушылармен кері байланыс орнату және тасымалдау кезіндегі сапаны арттыру мақсатында Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының базасында тәулік бойы арнайы Whatsapp нөмірі жұмыс істейді. 2022 жылдың алғашқы алты айында аталған желіге мыңнан астам өтініш пен шағым келіп түсті», делінген жазбада.

Аяна Тоғанбек