Мәселен, Ресей шекарасына дейін қатынайтын тас жол жанындағы базарда ең өтімдісі – қой. Базар ауласына сыймаған сатушылар малын далада саудалап тұр. Бұл базарда сатылымға шығарылған қой Батыс Қазақстан облысынан, Атыраудың Қызылқоға, Құрманғазы, Индер, Жылыой аудандарынан әкелінген. Базарда тұсақ үшін 60-65 мың теңге сұрайды. Ерте туған қозының ең төменгі бағасы – 35 мың теңге. Қасапшылар бір қойды үш мың теңгеге сойып береді.
Ірі қараның бағасы 370 мың теңгеден басталады. Бұл – үш жасар өгіздің бағасы. Ал ұрғашы сиырдың ең арзаны 400 мың теңге тұрады. «Өзім баққан өгізді сатуға әкелдім. Шамамен 350 келі тартатынына сенімдімін. Салмағына, қоңына байланысты 700 мың теңгеге сатамын. Бұдан төмен бағаға бере алмаймын», дейді Индер ауданынан келген ер адам.
Мұнайлы шаһардың орталық бөлігіне таяу орналасқан «Тума» базарындағы баға өзгелерінен қымбаттау көрінді. Мұнда қозыны 40 мың теңгеге сатып алуға болады. Ірі қой 100 мың теңгеге бағаланып тұр. Ал семіз ісек үшін 120 мың теңге сұрайтындар бар. Бұл базарда әр қойды сою бағасы – төрт мың теңге.
– Жыл сайын Құрбан айт күндері мал бағасы неге күрт қымбаттайтынын түсінбеймін. Сауап жинайтын күндері мұны реттейтін тетік жоқ па? Бір ісекті 120 мың теңгеге сатып алу мүмкін емес, – дейді қала тұрғыны Нұрхан Тәжіғалиұлы.
Атырау облысы