Аймақтар • 10 Шілде, 2022

Әр шөбі ем, шетелден несі кем?

543 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Дәріхана аяқтың астында» дейді ауласына бітік өскен түрлі шөптерді алақанымен аялай көрсеткен Сәуле Акульджан. Ол қызы Зарина екеуі Катонқарағайда туризм саласын дамытуды қолға алған. Жылына жүздеген туристі қабылдап, Алтайдың тұмса табиғатын аралатады. Жанға қуат, ем болатын шөп шайларын, түрлі бал өнімдерін ұсынады.

Әр шөбі ем, шетелден несі кем?

Ауылда тұрып кәсіптің көзін тапқан бұл отбасының туризм саласында атқарып отырған жұмыстары баршылық. Алыс-жақын шетелдерден, елімізден келген туристерді күтіп алып, Рахман көліне, Қаракөлге, Мұз­тауға, Ирек соқпағымен Марқа­көлге апарып келеді. Кәсіп болған соң да, әр бағыттың бағасы бар, шарты бар. Катонқарағайдан арнайы үй сатып алып, ерекше стильдегі қонақүй ретінде жасап, жасақтап қойған. Ала жаздай туристер легі бір үзілмейді.

– Адам табиғатпен біте қайнаса өмір сүруі керек. Айтпағым, ка­тон­қарағайлықтарға дәріхана керек емес. Химикаттан гөрі ем­дік шөптерді пайдалансақ дей­мін. Емдік шөп тауда ғана емес, аяқтың астында да жатыр. Өзі­міз шайды жергілікті шөптен тұндырамыз. Мысалы, мынау грей, – деп ауланың бұрыш-бұрышында өсетін сидаңдау арам шөпті көрсетті Сәуле Акульджан. – Соғыс жылдары Ленинградта грей шөбінің тұтқырлау біткен ұзын тамырын кептіріп, ұн жасаған. Содан нан пісірген. Оны тұтынған адамдар мүлдем ауырмаған, – дейді.

Ұн демекші, қазіргі ақ нан әбден сұрыпталған ұннан пісі­ріледі. Яғни құрамында дәрумен аз. Сәуле Акульджанның ай­туын­ша, қора-қопсының маңын­да қаулап өсетін гүлтәжі (ама­­рант) өсімдігінің ұны да әлдеқайда пайдалы. Пайдалы ғана емес, дәмі де тіл үйіреді. Байқасақ, жер талғамайтын, күтімді қажет етпейтін арам шөп­тің бойы тұнған энергия. Иә, арам шөптерге күтім керек емес, суармайсың, түптемейсің. Жұлып тастап жатқаныңызбен құрымайды, қурамайды. Соны­сымен де емге бай шығар. Мысалы, қан­ша отасаңыз да таусылып бітпей­тін көкпек (лебеда) шөбі мың да бір ауруға ем екен. Ағзаны тазалайды, дене қызуын қалып­қа келтіреді, буынның сырқы­рағанын басады, тағысын тағы. Тек ғана әзірленуін, пайдала­нуын білсеңіз болды. «Шөп білген­ге ем, білмегенге у» деуші ме еді, қалай дегенмен де, шөптің өзін емдік мақсатта біліп барып пайдаланбасаңыз, зиянды болуы да мүмкін. Ал кәдімгі бақбақты Францияда салат жасау үшін арнайы өсіреді.

Айтқандай, Сәуле Акульджан мен қызы Зарина Мастикбаева турист ретінде Франция, Индо­незия, Италия, Германия сынды Еуропа елдерін көп аралаған. Үндістанға да жиі барады. Демек, Катонқарағай мен шетелді салыс­тыра сөйлеуге құқылы.

– Табиғатымыз шетелдерден артық болмаса, кем емес. Инфрақұрылым дамыса, солармен тереземіз теңеседі. Ол үшін әрбіреуіміз үлес қосуымыз керек. Үлес қосу дегенде, бәрі тегіс заманауи қонақүй көтеріп қойсын деп отырғаным жоқ. Қыл аяғы жергілікті тұрғындар табиғатқа қоқыс тастамаса, соның өзі үлкен үлес еді. Біз өз жерімізде өзімізді қожайын сезінуіміз керек. Сол жағы кемшін. Дамыған елдерде қоқыс тастағанды қойып, түкіре алмайсың. Себебі жергілікті ел өте мәдениетті. Жуықта Щвейцариядан келген туристерді Марқакөлдің Ұран­хай ауылына апардым. Өкінішке қарай, көрінген жер қоқыс. Полиция қызметкерлері де құрмет көрсетсе деймін. Білеміз, заң ортақ. Өткенде шетелдік қонақтарға болмашы ереже бұзғандары үшін қомақты айыппұл салып жібергенін көрдім. Ал Үндістанға бара қалсаңыз, сақшылары патшаны қарсы алғандай құшақ жаяды, – дейді Зарина Мастикбаева.

Сонымен қатар, облыс орта­лығынан алыс жатқан соң да туризмнің жайбасарлана дамып келе жатқандығын сөз етті. Жолдың нашарлығы да қонақтардың көңіл күйіне әсер етеді. Айтуынша, Еуропада туристер жүздеген шақырымды басып өтпейді. Бәрі жинақы орналасқан. Оның үстіне, жарты сағат сайын күре жолдың бойынан демалыс орындары шығады.

– Ең бірінші, қоқыс шашуды доғарайық. Жайқалып тұр­ған табиғатқа қоқыс тас­тап кете­тіндер – ой-өрісі тар, мә­дениет­тен жұр­дай азаматтар деп ойлаймын. Содан кейін қоқыс­ты сұрыптауды үйренейік. Ме­нің ойым­ша, кәсіпкерлер бір­лесіп, халық демалады-ау деген орындарға контейнер қойып, уақ­тылы қоқыстарды жи­нап отырса дұрыс болар еді. Бұл – өте үлкен мәселе. Өзім тұр­мыс­­­тық қалдықтарды сарайда жи­нап отырмын. Ауылдың өр жа­ғындағы қоқысқа апарып тас­тағым келмейді, – дейді та­би­­ғат жанашыры Зарина Мастикбаева.

Табиғи өнім тұтынып, ден­саулыққа зор мән беретін бұл отбасының жұмысы, қорыта айтсақ, жаңа шайқалған балға түрлі дәрумен өсімдіктер қосып, құрамын күшейтеді, Алтайға келген меймандарды қарсы алып, тау-тасты аралатады. Ал бүгін-ертеңгі армандары сол, қоқысты сұрыптап, оны өңдеу. Айтуларынша, Щвейцария мен Францияда әр үй қоқысты үйінде сұрыптайды екен. Сұрыптағаны үшін мемлекет ақша төлейтін көрінеді. Полиэтилен мен пакет мүлдем пайдаланбайды. Ал пластикті қалдықтарды толықтай өңдеп отырады. Ендеше, жарты әлемге белгілі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аумағы да ластанбауға тиіс. Қоқыс өңдеу зауыты салынған жағдайда, ақша табуды көздейтін емес, әлеуметтік жоба болса дұрыс деген ойларын білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы