Аймақтар • 11 Шілде, 2022

Тұрғын үй құрылысымен танысты

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясы фракциясының мүшелері – Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов, Сергей Симонов партияның Жол картасы аясында Ақтөбеде салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты.

Тұрғын үй құрылысымен танысты

Солардың бірі – «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасымен респуб­ликалық бюджеттен бөлінген қаржыға әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін салынып жатқан көпқабатты ком­муналдық тұрғын үйлер. Мердігерлер мен әлеуметтік нысандар құрылысына жауапты жергілікті мекеме басшылары депутаттарға нысандар құрылысы барысы мен туындаған кедергілерді баяндады.

Ақтөбе қаласындағы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында тоғыз қабатты бес көп пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Мұнда екі және үш бөлмелі 1425 пәтер бар. Қазір осы үйлердің құрылысы аяқталуға жақын, пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Бес үйдің бас мердігері «Ақтөбе сәулет»» ЖШС директоры Азамат Жангереев былтыр басталған құрылыстың осы кезге дейін іркіліссіз жүріп жатқанын, енді бір айдан кейін екі үйді тапсыруға дайын екендігін мәлімдеді. Серіктестік директоры құрылыс материалдарының қым­баттауынан қиындық көріп отырғанын жасырмады.

«Биыл жыл соңына дейін 25 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсырамыз деп отырмыз. Алайда құрылыс мате­риалдарының бағасы ұшып тұр, соның ішінде сырттан тасымалданатын әрлеуші материалдардың бағасы былтырғымен салыcтырғанда екі есе қымбаттады. Қазіргі нарықта осы құрылыстардың жобалау-сметалық құжаттарында көрсетілген баға жоқ. Сол себепті Мәжіліс депутаттарынан республикадан қосымша қаржы бөлуге көмектесуді сұрап отырмыз», деді А.Жангереев.

Өткен жылдары Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік бағдарламамен салынған 300-ден астам бір бөлмелі пәтерлер әлі күнге дейін бос тұр. Өйткені үй кезегіне тұрғандар тарапынан бір бөлмелі үйлерге сұраныс болмады. Сондықтан да жыл басында 530 бір бөлмелі пәтердің қаржысы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын көпқабатты панельді үйлердегі екі-үш бөлмелі пәтер құрылысына қайта бөлінген еді.

Айта кету керек, облыс бойынша осы жылдың соңына дейін 1 мил­лион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар өңірімізде 14 мектеп құрылысы жүріп жатыр.

 

Ақтөбе облысы