Қоғам • 11 Шілде, 2022

Балалар айыпты ма, әлде ата-ана жазықты ма?

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауалды бұлай төтесінен қоюымыздың сыры бар. Балаларды жазғы сауықтыру кезеңінде өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Соған қарамастан, кәмелет жасына толмаған балалар түн қатып қала кезіп, ереже бұзып тәртіп сақшыларының назарына ілігіп жүр.

Балалар айыпты ма, әлде ата-ана жазықты ма?

Өңірде мектеп жанындағы 390 лагерь – 31 940, қала сыртындағы сауықтыру лагері 7 683 баламен қамтылған. 402 демалыс алаңында 117 798 оқушы түрлі үйірмелерге қатысады. Бір қарағанда, балалардың барлығы да назардан тыс қалмаған. Сөйте тұра олардың қараусыз көше кезуі нені меңзейді?

«Түнгі қаладағы балалар» республика­лық жедел алдын алу іс-шарасы барысында өңірдегі ішкі істер органдарына тәулік ішінде 172 жасөспірімнің жеткізілгені ойландырмай қоймайды. Іс-шара барысында алкоголь өнімдерін сатудың 6 дерегі анықталған. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдер түнгі уақытта даяшы болып жұмыс істеген екі ойын-сауық орны белгілі болған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 167 ата-ана және көңіл көтеру орындарының 7 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Облыста мектеп бітіру кештеріне арналған іс-шаралардың өткізіліп жатқанын ескереміз, осыған байланысты барлық ойын-сауық мекемесі, сондай-ақ жастар көп жиналатын орындар ерекше назарда болады. Кәмелетке толмағандардың демалуға және серуендеуге арналмаған орындары мен су айдындары ерекше алаңдаушылық туғызуда. Жыл басынан бері жеке үй­лердің аумағында жас балалардың суға батып кетуінің 2 дерегі тіркелді. Бұдан тағы да ата-аналар тарапынан кәмелетке толмаған балаларының бос уақытын тиімді пайдалануда тиісті бақылаудың болмағанын көріп отырмыз», дейді облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.

 

Жамбыл облысы