Қазақстан • 11 Шілде, 2022

Халің қалай, қазақ әскері?

582 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бабалардан мирас болып қалған байтақ даланың тыныштығын күзету – Алаш азаматының мойнына артылған асыл міндет. Тыныштықты қуатты армия қорғаса, елдің ырыс-құты артады.

Халің қалай, қазақ әскері?

«Елімізді сыртқы қауіп-қа­тер­ден қорғап тұрған әскери қыз­метшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жо­ғарғы Бас қолбасшы ретінде қор­ғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның ба­сым бағыты ретінде санаймын», деген Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзі қазақ жауынгерлерінің рухын көтерді.

Кеңес Одағы тарағаннан кейін қазақ армиясын қайта құру жұмыстары тиянақты түрде жүргі­зілді. Әрине, әскери реформаны қайта бастау ешкімге де оңай соққан жоқ.

Жаңадан министрлік құру, мем­лекеттің қорғаныс саласын­дағы доктринасын қабылдау, құ­ры­лымдық жүйені қайта жасақтау, армияны заманауи құралдармен қамтамасыз ету, әскердің әлеу­меттік һәм қаржылық жағдайын шешу жас мемлекет үшін қиын­ның қиыны екені айтпаса да түсінікті. Оның сыртында саяси-әскери басшылық құрамын қа­лыптастырып, ұлттық кадрларды даярлау, олардың кәсіби деңгейін шыңдау секілді сан алуан мәселе алдымызда кесе-көлденеңдеп тұрды. Бірақ бұл міндеттердің бәрін жас мем­ле­кетіміз абыроймен еңсерді. Алыс-жақын шетелдерде жүрген гене­ралдарымыз Отанға оралды. Саға­дат Нұрмағанбетов бастаған әс­кери саланың корифейлері ұлт­тық әскерді құру ісін мықтап қолға алды.

«Әскерді ешқашан жамандауға болмайды. Әскер нашар болса, ол біздің нашар­лығымыз. Әскерді қолдау, қолпаш­тау, абырой-беделін көтеру керек. Әскерилер шеттеп қалмауға тиіс. Президент біршама уақыт бұрын реформа туралы айтқаны баршамызға белгілі. Көршілерде қандай жағдай болып жатқанын білеміз. Сол себепті, әрине, реформа керек екені даусыз. Реформаны казармадан бастаған ләзім. Оларға қандай жағдай жасалуға тиіс? Осы мәселелерге баса назар аударған дұрыс.

Қазақстандағы қару-жарақ, ұшақтар, техника, жалпы әскери база ешкімнен кем емес. Алайда сол техникалар өз ісінің шын шеберлерінің қолында болуы керек. Сол себепті әскери жаттығуларды жаңа әскери тактикамен, маневрмен үйрету қажет.

Қазақ армиясы 1992 жылдың 7 ма­мы­­­рында құрылғаны мәлім. Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев ми­нистр­лік қызметке Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Сағадат Нұрма­ған­бетовті тағайындағанда бәріміз қатты қуандық. Жалпы, Қарулы күштердің негізі 1991 жылы жасақталғаны белгілі. Алдымен Қорғаныс комитетінің іргесі қаланды. Сол шақта Германияның Потсдам деп аталатын қаласында полк командирі болып жүргенмін.

Елге келгенде нені байқадық? Бірінші кезекте әскери кадр мәселесі алды­мыздан шыққаны айдай ақиқат. Еліміздегі генералдардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері болатын. Олар өз елдеріне кетіп, біздің әскери бөлімдерде айтарлықтай мәселе туындай бастаған еді. Қысқасы, отандық мамандарды даяр­лау мәселесімен бетпе-бет келдік. Оқ-дәрі қоймаларын сақтап қалудың аса зор мәнге ие екенін дер кезінде түсіндік. Сол кезде Сәбит Тауланов осы мәселені төтесінен қойды. Біз де үнсіз қалмай, жағдайды жоғарыдағы басшыларға ашық айттық. Тұңғыш Президент ант беру мәселесіне қатысты заңдық негізді бекітті. Осылайша, қазақ армиясын қалыптастыру жұмыстары бастау алды.

Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтар сағымызды сындырған жоқ. Әскери қызметшілер жалақы деп жар салмады. Сол үшін отыз жыл бұрынғы әскери командирлерге айтар алғысым зор. Егемендіктің елең-алаңындағы жағдайға қарамай, Отарда үлкен масштабтағы оқу-жаттығу жиын­дарын уақтылы өткізіп жүрдік. Бәрі сәтімен болды. Әскери қызметшілер Отан алдындағы міндетін ілкі сәтке де қаперден шығарған емес.

Ол кезде алдымыздан қандай қиын­шылықтар шақпады дейсің? Қару-жарақты Ресейден алдырған болатынбыз. Әйткенмен, техниканы жаңарту ісі назардан тыс қалмады. Сарбаздарымыз солтүстіктегі Құдайы көршіміздің академиясына барып, білім жетілдірді. Ұшқыштардың біліктілігін арттыру үшін керосинді өлшеп беретін кезеңдер де болды. Артық шығынға бататын жағдай жоқ еді», дейді Халық Қаһарманы, уақытында Қорғаныс министрлігінде бірінші вице-министр қызметін атқарған Алаштың ардақты азаматы Бақытжан Ертаев сол кезеңді еске алып.

Әлеумет күткен әлеует бар ма еді?

Қандай мемлекет болсын айбынды армия құруды мақсат тұтатыны бесенеден белгілі. Өйткені елдің тыныштығына рухы өр, тәні бекем сарбаздарымыздың жауап­ты екені әлімсақтан аян ғой. Алай­­да азаттықтың арайлы таңы жаңа­дан сібірлеп атқан жылдарда қазақ армия­сы айтарлықтай қауқарлы болды деу қисынға келе қоймас. Сонымен ол кезде әскеріміздің әскери базасын қалып­тастыру бағытында қандай тәуе­кел­­дерге бардық? Тоқырау бүйір тұстан тиген тоқсаныншы жылдары нендей жұмыс­тар атқарылған еді? Әскердің әлеуеті әлеумет күткен талапқа сай болды ма?

Деректерге көз жүгіртсек, 1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Респуб­ли­касы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) бел ортасынан табылды. Ал 2 наурыз күні Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өткен болатын. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар тиісті келісімдерге сәйкес жойылған екен. Әрине, бәрі де талапқа сай болуы үшін осындай қадам жасалды. 

1991 жылы 29 тамызда жабылған ядролық сынақ алаңының негізінде 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылып, Курчатов қаласы республиканың ядролық физика және экология проблемаларын зерттеу саласындағы ғылыми әлеуетін арттыруға кірісті. Республика армиясының негізгі құрамында бірнеше дивизиясы бар 40 жалпы әскери армия, авиация корпусы, радио және радиотехникалық барлау бөлімшелері, жабдықтау бөлімшелері және Байқоңыр ғарыш айлағын, Семей сынақ алаңын және Сарышағандағы, Ембідегі, Арал теңізінің Барсакелмес аралындағы сынақ алаңдарын арнайы жабдықтау бөлімдері, базалар, арсеналдар, қоймалар және басқа да бөлімдер мен мекемелер құрады. Тәуелсіздік таңындағы атқарылған жұмыстардың бастапқы легі осындай болатын.

Қазақстанда барлығы 200 мыңнан астам әскери қызметші Отан қорға­ды. Олардың қарауында стратегия­лық қарудың аталған түрлерінен басқа 1 200 танк және брондалған машиналар, 1 500 артиллериялық жүйе және 370 әскери ұшақ болған екен. 

«Екі» деген баға қойғаныма ренжігендер көп болды 

«Уақыт өте келе кадр мәселесі біртіндеп шешімін таба бастағанын айрықша атап өткім келеді. Ал енді әскери дайындық дегеніміз қалай болуы керек? Осы мәселе алдымыздан шықты. Ол уақытта бізде жоғарғы әскери жал­ғыз училище болды. Ал Қазақ­стан­ға артил­лерист, ұшқыш секілді өзге де маман­дар керек еді. Сол шақта мені Ақтөбеге жіберді. Онда «Як-40» ұшағына ұшқыштарды дайындау керек. Бір ғана жат­тығу алаңы тұрғанын көз көрді. Саға­дат Нұрмағанбетовке қоңырау шалдым.

«Сағадат Қожахметұлы, бастысы ұстаздар бар екен, осы жерде мамандар даярлауға болатыны анық. Сондықтан мәселені бақылауға алған дұрыс», деп жағдайды баяндадым.

Сол кезде Кеңес Одағында болмаған үлкен жаттығу өткізген болатынбыз. Бұл нені білдіреді? Біздің ешқандай қиындыққа мойымағанымызды айқындай, айғақтай түседі. Қиындықпен күресе жүріп, Қарулы Күштерді құру ісіне қолымыздан келгенше аянбай атсалыстық. Кімде-кім кездескен қиындықты жеңсе, өз жолын табатынын түсіндік. Мұны бәріміз жүрекпен сезіндік. Сондықтан да жұдырықтай жұмылдық.

Біз барлық жаттығуларды Отарда өткізіп жүрміз. Жас мамандарды сонда дайындадық. Артиллерисіңіз де, сер­жантыңыз да сол жақта дайындықтан өткен еді. Қордай жері барлық жағынан қолайлы болғанын несіне жасырамыз. Шағын полигондарымыз жеткілікті болғанымен, Отардың территориясы кең екенін, барлық жағдай сонда қарастырылғанын айтпай кетуге болмайды. Әйткенмен, әскери жаттығу ыл­ғи бір жерде өткізілмеуі керектігін қапер­де ұстаған абзал. Теміржолымыз бар, бас­қамыз бар. Анығы, әр жерде өткізілсе, сарбаздар үшін үлкен тәжірибе болар еді. Ал тәжірибе қай кезде де керек. Осы мәселеге баса назар аударған ләзім.

Біз жаттығу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарауға тиіспіз. «Жаттығу өтеді» деп бір ай бұрын айтуды тоқтататын кез келді. Ерте айтылғаннан кейін бәрі соған да­йындалады. Қажет болса жаттығу құпия жағдайда өтуге тиіс екенін ескерген дұрыс. Бір сағат бұрын айтса да жеткілікті ғой. Осыған баса мән бере­тін уақыт келді. Өйт­­кені жат­тығу де­геніміз жылтыр болмауы қажет. Сарбаз маневрді білу­ге тиіс. Оны білмей, жеңістің жоқ екенін сезін­гені абзал. Армия туралы айтылатын сөз аз емес қой. Неге біздің қаһар­ман­дары­мызды ешкім білмейді? Бала күнімізде Бауыржан Момышұлы секілді батыр болуды армандап өстік емес пе? Бір сөзбен айтқанда жастармен мықтап жұмыс жүргізетін уақыт келіп жетті. Барлық естияр азамат осыны түсінсе деймін.

Инспектор қызметін атқарған шақта талай қызметтегі азаматтар маған ренжіді. Сондағы өкпелерінің сиқы мынадай: «Екі» деген баға қойғаныма көңілдері толмады. Уақытында олардың Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуін ұйымдастырдым. Министр екеуміз десанттардың дайындығын барлағанда, бетімнің оты шыққанын несіне жасыруым керек? Қысқасы, барлық дүниеге жаңашылдықпен қарау қажет қой. Ескіден арылатын кез келді. Президент те соны талап етіп отыр», дейді Бақытжан Ертаев.

Халық Қаһарманының жанын аяздай қаритын мәселелер аз емес. Ол сарбаздарды бір жылға шақырғанды доғару керектігін алға тартады.

«Сарбаздарды әскерге бар болғаны бір жылға шақырамыз. Олар бұл уақытта нені үйренеді? Танкі туралы жиі-жиі айтып жүрмін. Кенеттен бір жағдай бола қалса, тойда отырған келісімшарт негізіндегі қызметкерді әкеліп танкіге отырғызамыз ба? Ол жетем дегенше уақыт өтеді, бәрі бітеді. Олай болмайды. Қысқасы, басын бәйгеге тігетіндер – казар­мадағы сарбаздар. Мұны көкейге мық­тап түйетін уақыт жетті. Реформа жасал­ған кезде осыны ұмытпау керек», дейді ол өзекті мәселеге қатысты үн қатып.

Әлбетте Қарулы Күштеріміздің жұмысын жүйелеу уақыт өткен сайын мықтап қолға алынып жатыр. Бақытжан Ертаевтың сөзіне сенсек, қазақ армиясы ешкімнен кем емес. Тек әскери аза­маттарға деген қамқорлықты арттыру қажет. Отыз жылда талай сыннан өткен қазақ әскерінің дайындығына айрықша назар аударсақ, кейбір мәселелерді дер кезінде шешсек, армиямыз елдің тыныш­ты­ғын күзетуге қауқарлы. Қыс­қасы, қазақ халқы қазақ армиясының әлеуетіне сенеді. Біз де олардың қуатты екеніне иланамыз...