Аймақтар • 11 Шілде, 2022

«Шығыстан» шыңға шыққан

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысында Тәуелсіздік жылдардан бері қарай «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген екі азамат бар. Осыдан-ақ маңызды атақтың кез келгеннің уысына түспейтінін аңғара беріңіз. Бір қызығы, екеуінің де еңбек жолы Екібастұз қаласындағы «Шығыс» кенішімен байланысты. Әңгімеміздің кейіпкері – 40 жылға жуық уақыт бір кәсіпорында табан аудар­май еңбек етіп, көмір өндіруде рекордтық көрсеткіштерді тіркеуге белсенді атсалысқан Мұрат Қайыргелдин.

«Шығыстан» шыңға шыққан

Рекорд деген сөзге селк ет­кеніңіз анық. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ қарасты «Шығыс» кенішінің машинисі болып еңбек еткен Мұрат Қайыргелдин бір айда роторлы экскаватормен 700 тонна көмір шығарған! Математика мен көмір кеніштеріндегі жағдайдан хабардар адам мұндай көрсеткішті маңдай термен келгенін бірден түсінеді. Бұл – түнде де кірпік қақпай жұмыс істелді деген сөз. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тек осы рекордтық көр­сеткіш үшін ғана берілген жоқ. Өзге де нәтижелі еңбектері жетер­лік. Кәсіпорының қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, бар білгенін жастарға үйретуге деген ұмтылысы да бағаланғанын атап өткен жөн. Мәртебелі марапатты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан алып, барша Павлодар жұртының мерейін үстем еткен болатын. «Білгеніңді біреуге үйретпеу – байлық жинап, жерге көміп қойғанмен бірдей» деуші ме еді?! Осы ретте Мұрат Қайыргелдин биыл зейнеткерліктің ауылына шықса да, әлі күнге дейін жас әріптестеріне бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңесін айтудан қашқан емес.

Зейнеткерлікті сөз еттік екен, әуелі іскер маманның өмірбаянына аз-кем тоқталсақ. М.Қайыргел­дин бұрынғы Краснокутск ауданы Чкалов совхозындағы (қазіргі Ақ­тоғай ауданы Мүткенов ауылы) мек­тептің 8-сыныбын тәмам­да­ған соң Красноармейка (қазір­гі Пав­­­лодар ауданы Кемеңгер ауы­лы) тех­никумына оқуға түсе­ді. 1978 жылы агроном маман­дығы бо­­йын­ша диплом алып, бір­ден әскер қатарына шақырылады. Аза­мат­тық борышын өтеп келген соң бірнеше ай туған ауылында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, 1980 жылы Екібастұз қаласына қоныс аударады. «Казпромтехмонтаж» кәсіпорнында бес жыл құрылыс­шы-монтаждаушы ретінде еңбек етеді. Әріптестерімен бірге экскаваторларды жинап, құрастырып, өндіріс орындарына жөнелтіп отырады. Қызығы сол, 1985 жылы «Шығыс» кеніші ашылған кезде өзі құрастырып, жинап жүрген экскаватормен жаңа кәсіпорынға жұмысқа қабылданыпты. Содан бері 37 жыл бойы бір салада, бір кеніште тұрақты еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа шыққан екен.

– Аға буын өкілдері Марат Құрманғалиев, Юрий Золаут сынды білікті мамандардан үйренгенім, білгенім көп болды. Кейін өзіміз де жас мамандарға тәлімгер болып, бар жиған-тергенімізбен бөлісіп, ақыл-кеңес бердік. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Жалпы, жұртшылықтың қатты отыннан тарықпауы, қыста бүрсең қақпауы үшін аянбай еңбек еттік. Жоспар бойынша бір айда кемінде 1 млн тонна көмір өндіруіміз тиіс-тін. Біз белгіленген межеден асып түсіп, айына шамамен 1,5 млн тонна қатты отынды сыртқа шығарып жүрдік. Бұл – оңай шаруа емес. Жылдың мезгіліне, ауа райына, тәулік уақытына қарамастан экскаваторларды тізгіндегендер тынбай жұмыс істейді. Тұрғындар­ды жылу, электр энергиясымен қамту жолында аянып қалмайды. Олардың бұл бағыттағы еңбегі ерен. Жастарға айтарым, жұмысқа адал болу керек. Сонда ғана бар жақсылық күтпеген жерден өзі-ақ келеді. Жасыратыны жоқ, кейбір жастар оқуын тәмамдай сала бірден басшылық қызметке орналасуға үйір. Мол тәжірибе жинақтап, білікті маман болып қалыптассаң, еңбегің елен­бей қалмайтынын естен шығар­ма­ған жөн, – дейді әңгімеміздің кейіпкері.

Иә, атақ-абыройға бөлену үшін басшы болу міндетті емес. Мұрат Қайыргелдин қара­пайым бригадир болып жүріп, ең­бегімен өзін мойындатты. Кей­біреулер марапат алуға ұм­ты­лып, басшыларға жалпақтап, жа­ғым­пазданып жүретіні рас. М.Қайыргелдиннің жұмысына берілгені соншалық, Мемлекет басшысының қолынан марапат алатынын соңғы сәтте ғана білген. Қарапайымдылық деген осы шығар. Іскер азамат: «Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Нағыз еңбек ері дейтін азаматтардың қатары жыл са­йын көбейіп, ел экономикасының қарыштап дамуына тілектеспін», деп жылы қоштасты.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы