Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Тұманнан туған күмән сейілді

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі бірден-бір химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС-дағы анықталған оқиғалар кейінгі кездері ел аузынан түспейтін аңыз әңгімеге айналды. Осыдан біраз уақыт бұрын мыңдаған қызметкері бар кәсіпорынның Сарысу ауданындағы бөлімшесінде оқыс оқиға тіркелді. «Қаратау» кен өндіру комбинатындағы фосфор ұнтақтайтын құрылғы ішінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан кезде диірмен өздігінен іске қосылып кетіп, екі адам мерт болған еді.

Тұманнан туған күмән сейілді

Енді Тараздағы күкірт қыш­қы­лы цехы өндірісіндегі келеңсіз жағ­дайдан кейін көне шаһардың көк аспанын түтін басып, тұ­ман торлады. Қою түтіннің қарқынынан қай­мыққан жұрт он бес ми­нут­тың ішінде даурықпа әңгімеге дем беріп үлгерді. Тіпті мәсе­ле­нің байыбына бармаған кейбі­реу­лер: «Денсаулығымызға қауіп төн­діргендері үшін ақы төле­сін» деген сыңайда әлеу­мет­тік желілерге жазба қалдырып та жатты. Ал шын мәнінде мәселе қа­лай болған еді?

Көне шаһардағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан қою түтіннен тұр­ғындарға қауіп бар ма? Серік­тестіктің бас экологы Арман Қар­­ға­лиевке осы сауалды төте­сі­нен қойған едік.

«11.07.2022 жылы сағат 20.00 шамасында «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» Тараз филиалының күкірт қыш­қылы цехында абсорбердің моно­гид­ратты сорғысы (тазарту­дың екінші сатысы) істен шы­ғып, соның салдарынан түтіндік газ­дың қысқа мерзімді шығарылуы орын алды.

Сағат 20.15-те осы цехтың жұмыс­шылары зауыттың диспет­черлік пункті мен цех басшы­лығына хабарлап, цех жұмысын шұғыл тоқтатты. Компания басшылығы санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, жақын маңдағы қала көшелерінде және шығарындылардың негізгі көздерінде атмосфералық ауаны өлшеу жұмыстарын ұйым­дастырды. Талдаулардың нәти­желері бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі анықталған жоқ. Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің зертханасымен бірге шығарындылардың негізгі көздерінде (БГС бөлімшесі) көміртегі тотығы, азот оксиді, аммиак, фторлы сутегі сияқты лас­тау­шы заттардың құрамы бойынша жүргізілген бірлескен зерделеулер шығарындылардың ШРК шегінде орын алғанын көрсетті.

Сонымен қатар нақты уақыт режіміндегі автоматтандырылған бақылау жүйесінің көрсеткіштері бойынша негізгі шығарындылар кө­зінде (БГС бөлімі) фторид сутегінің артық мөлшері тіркел­меген. Атмосфералық ауадағы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайтын деңгейдегі ластаушы заттар тұрғындардың денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етпейді.

Қысқасы, 15 минуттың ішінде тараған түтіннен ел даурықты. Әлбетте, мұндай жағдайда ауаға зиянды заттардың тарауы ықти­мал. Әйткенмен, зерттеу нәтижесі көрсеткендей, шекті мөлшерден артық тараған жоқ.

Десе де жұртшылық дәл сол сәтте түтіннен төнген аздаған болсын қауіпті сезінбеді дей алмаймыз. Сол кезде адамдарды жөтел қысқаны рас. Әйткенмен, ол ме­зеттік дүние ғана. Оқиға болған кезде ғана халыққа әсер етті. Ал кейбіреулер байбалам салып жүргендей, апта бойы ауаға жа­йылып, елдің денсаулығына кері әсер ететіндей бұл экологиялық апат емес. Халық осыны түсінсе екен дейміз», дейді А.Қарағалиев жағдайды түсіндіріп.

Қазіргі кезде минералды ты­­ңайтқыштар зауыты қалыпты режімде жұмысын жал­ғас­тыруда. Шы­ғарынды­лар­дың барлық көздері үздіксіз бақы­лау­ға алын­ған. Тараз қала­сында эко­логиялық жағдай тұрақ­ты. Шығарындылар салдары­нан күкірт қышқылы цехы мен Ми­нералды тыңайт­қыштар фи­лиа­лы­ның бірде-бір қызметкері зар­дап шеккен жоқ. Бізді қуан­та­тыны да сол.

Таразда оқыс оқиға тіркелген сәтте облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулеттің жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды. Ма­ман­дардан жасақталған топ түн қатып жұмыс істеді.

«Облыстық экология депар­таменті Тараз қаласындағы Сүлей­менов көшесінде шекті рұқсат етілген концентрация бо­йынша өлшеу жүргізді. Нәти­жесінде аммиак пен көмір­сутегі бойынша шекті рұқсат етілген концентрация мөлше­рінен аспағаны анықталды. Фтор қосылыстарының аздап жоға­рылауы байқалған. Сондай-ақ Жамбыл облысы Шайқорық
ауылында да зерделеу жүргізілді. Артық ештеңе байқалмаған. Тараз қаласындағы Сәтпаев көшесінде орна­ласқан «Қазгидромет» авто­мат­­тандырылған станса­сы­ның ма­мандары келтірген мәлі­меттерге сенсек, ауадан зиян­дылығы жоғары заттар табыл­маған. Тараз қаласы тұрғын­дары­на төнген ешқандай қауіп жоқ», дейді Р.Дәулет.

Ауаны жайлаған күмәнді түтін халықтың ойын сан-саққа жүгірткені рас. Жалпы, «Қа­з­фосфатта» оқыс оқиға атаулы алғаш рет анықталып отырған жоқ. Ең бастысы, 15 минутта тіз­­гінделген қауіпті түтіннен халықтың зардап шекпейтіні қуан­тады. Алайда бұл серіктестік бас­­шылары сергек болуы керек­тігін айғақтай түссе керек. Тұ­ман тудырған күмән сейіл­гені­мен, «Қазфосфат» басшылары құ­рылғыларының сапасын жиі тексеріп тұрғаны жөн секілді.

 

Жамбыл облысы