Қоғам • 13 Шілде, 2022

Туған облысымыз қайта оралды

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1997 жылы Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылғанда, семейліктердің жандары жүдеп, жабырқап, тоқырағандай күй кешіп еді. Әрі сол жылдар халықтың да жағдайының әлсіреген тұсы, айдалада қаңырап қалғандай абыржып, қосылған облысқа жатырқай қарай жүріп, бірте-бірте үйреніскен-тін.

Туған облысымыз қайта оралды

Ал қазір... Бауыр басып кеттік. Жаңа қосылған облыстың жақсысын үйрендік, таныстық, табыстық.

Енді, міне, туған облысымыз қайта оралды. Қазақ халқының «Туғанын тапты» дейтініндей, бөркімізді аспанға ата қуандық. Қуанбағанда ше?! Облысымыз жаңарып оралды, жаңғырып оралды. Данышпан ақын, ұлы ақын Абайдың атын алып оралды. Абыройды асқақтата келді. Өз аудандары, қалалары түп-түгел қайта келді, қайтып келді. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей, Шығыс Қазақстанға да қарайлай береді екенбіз. Ұлы ақын Абайды жеңгелері «Телқара» деп атағандай, біз де екі облысқа қанатымызды қатар жайып, қимастық сезіммен қол сермеп кетіп қала алмайтындаймыз.

Әндегідей «Қимай кетіп барамыз», бірақ сыймай кетпедік. Кеңістігімізді, керегемізді кеңейтіп бара жатырмыз. Көптеген жанмен таныстық, журналиспен достастық.

Бізге бәрі ортақ. Қазақстан ортақ, ел ортақ, жер ортақ. Екі облыстың басылымдары да, баспасөзі де ортақ.

Егіздей болған қос облыс қатар дамып, қарыштап аттап, Қазақстанды өркендете, көркейте берсін! Қаламыз да, даламыз да жайнай берсін! Жасара берсін! Жаңарған Қазақстанның, жасарған Қазақстанның әлеуеті, қуаты артып, күшейе берсін.

Абай облыстық мәслихатының хатшылығына «Шалабай» ЖШС-ның директоры, қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсіріп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жерлесіміз Қуаныш Сүлейменовтің сайланғанын да айта кетейік.

 

Жұмабақыт РАХМЕТОВА,

ардагер ұстаз

 

Абай облысы,

Жарма ауданы