Әлем • 14 Шілде, 2022

Әскери одақ Таяу Шығысты алаңдатып отыр

503 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяу Шығыста НАТО-ға ұқсас әске­ри одақ құру идеясы тағы да күн тәрті­біне шықты. Бұл одақты құрудағы негізгі мақсат – ДАИШ, Әл-Қаида және Ираннан туындайтын қауіп­пен күрес. Аталған әскери одаққа Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің әріп­тестік кеңесіне мүше 6 мемлекет –Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ, Оман, Қатар, Бахрейн және Египет пен Иорда­нияны қамту жоспарланған.

Әскери одақ Таяу Шығысты алаңдатып отыр

Одақтың құрылуына қатысты АҚШ бірін­ші болып әрекет ете бастады. Вашингтон әкім­шілігі «Араб НАТО-сын» құру ісіне 2018 жылы кірісті. 2020 жылғы бас­пасөз мәсли­хатында Ақүйдің бұ­рынғы басшысы Дональд Трамп «NATOME» (Таяу Шығыс НАТО-сы) идеясын көпшілікке ұсынды.

Бұл идеяны Иордания королі Абдалла II биылғы 24 маусымда америкалық CNBC арнасына бер­ген сұхбатында тілге тиек етті. Абдалла II НАТО-ға ұқсас Таяу Шығыс әске­ри одағының құры­луын қолдайтынын біл­діріп, мұн­дай одақты құру үшін «көзқарас пен миссия өте айқын болуы ке­рек және оның рөлі жақсы анық­талуы керек, әйтпесе, бәрі шата­сып кетеді» деп атап өтті.

Саяси сарапшылардың пікір­іне сүйенсек, Иордания королінің Таяу Шығыс әскери одағын қол­дауының өзіндік себебі бар. Одақ құрылса, біріншіден, Сирияның оңтүстігіндегі Иран мен оның одақ­тас күштерінің ықпал ету ая­сы әлсірейді. Екіншіден, Ре­сей-Украина соғысын өз пай­да­сына қолданып, Сириядан келе­тін есірткі мен қару-жарақ кон­тра­бандасын шектеу қолға алынады.

АҚШ-тың Таяу Шығыста басқа елдердің ықпалын жою мақсатында НАТО-ға ұқсас ұйым немесе Таяу Шығыс стратегиялық коалициясы секілді түрлі әскери одақ құруға талпынған. Бірақ бұдан әзірге нәтиже жоқ. Сарап­шы­лардың айтуынша, Иор­дания королі Абдалла II қайта кө­терген бастама дәл қазір пай­да­сын бермейді. Аймақтық жә­не халықаралық одақтар мен Таяу Шығыстағы көптеген ел­дің қарым-қатынасы Джо Бай­ден АҚШ президенттігіне сайланғаннан кейін өзгергені белгілі. Сондықтан Иордания коро­лінің әскери одақ құру тура­лы пікірі уақыт жағынан кеш және қазіргі әлемдік саяси оқиғалар одақтың құрылуына кедергі деп есептейді.

Мәселен, Біріккен Араб Әмір­ліктері жақында Сириямен қарым-қатынасын жаңартты. Өз кезегінде Башар Асад 2011 жылдан бері араб елдеріне жасаған алғашқы сапарын осы БАӘ-ден бастады. Сонымен қатар ресми Абу-Даби Таяу Шығыстағы белсенді ел ретінде 26 маусымда Израильмен аймақ­тық әскери одаққа қарсы екенін ресми түрде жариялады. Бұл туралы Америкалық The Wall Street Journal басылымы БАӘ аймақтық ­әскери одақ немесе ынтымақтастықтың қолдау­шысы емес екенін жазды.

Бұдан бөлек Эр-Рияд-Теге­ран желісіндегі жақындасу мен Ирак премьер-министрі Мұс­тафа әл-Каземидің 25-26 маусым­да Сауд Арабиясына жасаған са­парынан кейін екі ел арасын­дағы дипломатиялық қарым-қа­тынастың қайта қалпына келуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. 2021 жылдың сәуір айынан бері Иран мен Сауд Арабиясы қайраткерлері арасында тікелей келіссөздер өткізген Ирак премьер-министрі Каземи аймаққа сапары кезінде Сауд Арабиясынан кейін Иранға барып, президент Ибрахим Реисимен кездесті. Каземи Теге­ранда Реисимен ортақ баспасөз мәс­лихатында Таяу Шығыс айма­ғындағы тыныштық пен Йемен­дегі атысты тоқтату туралы өзара келісімге келгенін жеткіз­ді. Бұған қатысты Ирактың бұқа­ралық ақпарат құралдарында Казе­мидің Сауд Арабиясы мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Селманға хабарлама жолдағаны туралы ақпарат тарады.

Иранның аймақ елдерімен қарым-қаты­насының жақсаруы Таяу Шығыс НАТО-сы идеясын жүзеге асыруды қиындатады. Осы­ған сәйкес, Израиль Қорға­ныс министрі Бенни Ганц мә­лім­деме жариялаған. Сондай-ақ елдегі бұқаралық ақпарат құрал­дарында Тель-Авив Парсы шыға­нағы елдерінде соңғы апта­ларда Иранның қызметін бақы­лау үшін алдыңғы қатарлы радар жүйе­лерін орнатты деген хабар та­рала бастады. Демек Израиль АҚШ бастамасымен Таяу Шы­ғыс­та қорғаныс одағын құру үшін өз­дігімен іске кіріскені байқалады.

Сарапшылар жоғарыда атап өткен мә­лім­демелер АҚШ-тың Иран қаупіне қарсы Израиль­мен біріге отырып, жаңа әскери одақ құруға ниетті екенін көр­сетеді деп есеп­тейді. Сонымен қатар Таяу Шығыс ел­дері көш­бас­шыларының өзара сапарлары Иран және Израиль мен АҚШ арасында­ғы шиеленіс қайтадан өршіген кезде жүр­гізілгенін, бірақ соңғы уақытта Иран мен Парсы шығанағындағы араб елдері арасын­да өзара шиеленістің төмендеуі байқалға­нын айтып отыр. Осы орайда Америка­лық ақпарат құралдарының хабар­лауынша, өткен наурыз айында Вашингтон әкімшілігі Мысырдың Шарм-әл-Шейх қаласында аме­рикалық және израильдік жоғары лауазымды басшылары, араб және Парсы шығанағы елдерінің көшбасшыларының қатысуымен жасырын отырыс өткізіп, онда Иранға қарсы одақ мәселесі талқы­ланған.

Алайда Иранның аймақ елдері­мен қарым-қатынасының қалыпқа келгенін ескерсек, Оман, Қатар және Ирак елдерін Иранға қарсы бағытталған одаққа кіруі екіталай. Себебі бұл елдер мен Иран арасында стратегиялық, экономикалық, қауіпсіздік және іскерлік қатынастар бар. Соны­мен қатар Мысыр да Иран өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төн­діреді деп есептемейді.

Әуелі АҚШ, содан кейін Иордания тарапы­нан айтылған Таяу Шығыста НАТО-ға ұқсас әскери одақ құру идеясы Иранның аймақ­тағы ықпалын жоюды, сон­дай-ақ лаңкестік ұйымдармен күресуді мақсат етеді. Дегенмен Таяу Шығыс елдерінің өзара бай­ла­нысының өзгеруі және Иран­ның кейбір елдермен қарым-қаты­насының қайта қалпына келуі бұл идея сөз жүзінде қалатынын көр­сететіндей.

 

Мәдина АМАНБЕКҚЫЗЫ,

журналист