Баспасөз мәслихатында әкім берген мәлімет бойынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері тұрақты серпінді өсіп келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107%-ды құрады: өнеркәсіп өнімінің көлемі – 108%, ауыл шаруашылығы өнімі – 103%, инвестиция – 112%, құрылыс жұмыстары – 110%. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке түсімді 1,6 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Еңбек нарығы тұрақты дамуда. Кейінгі екі жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан асқан жоқ. Орташа айлық жалақы 125%-ға өсті.
«Осы жылдың маңызды оқиғасы – Шығыс Қазақстаннан бөлу арқылы Абай облысының құрылуы. Жаңа облыс құрамына енген қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жүргізілген жұмыстарды қысқаша баяндайын. Кейінгі 7 жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл – ШҚО бойынша инвестицияның жалпы көлемінің 53 пайызы. Ауқымды жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, бұлар – қуаты жылына 50 млн тонна мыс кені болатын Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының екінші кезеңі, инвестиция көлемі – 760 млрд теңге; жылына 2 млн тонна алтын кенін өндіретін Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорны, инвестициясы – 134 млрд теңге; Семей қаласында өсімдік майын өндіру бойынша қуаты 300 мың тонна май-экстрациялық зауыты», деді Д.Ахметов.
Сонымен қатар 7 жылда Абай өңірі бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемін 5 есеге, ауыл шаруашылығын 2,4 есеге арттыруға мүмкіндік болды. Шығыс Қазақстан облысының жалпы көлеміндегі Абай облысының жалпы өңірлік өнім үлесі 36%-ды құрап, 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жылғы деңгейінен 2,3 есеге көп немесе 1,1 трлн теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2,9 млн теңге болды.
«2015-2022 жылдары облысқа республикалық бюджеттен 390 млрд теңге даму трансферті алынды. Оның ішінде біз Абай өңіріне 200 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 51 пайызын жұмсадық. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қосымша 154 млрд теңге бөлдік. Барлығы 354 млрд теңге бюджеттік инвестиция салынды», деді облыс әкімі.
Бұған қоса шекара маңындағы аудандар мен бұрынғы аудан орталықтарын қайта жаңғырту – өңірдегі маңызды бағыт. Әкімнің айтуынша, Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасқан, облыс орталығынан орташа алғанда 400 шақырым қашықтықтағы өңірлер үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар қабылданды. Орталық және шет аумақтар арасындағы ахуалды теңестіруге 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін 5 жыл ішінде 183 млрд теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы 43 млрд теңге жұмсалды. Биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 млрд теңгеге іс-шаралар іске асырылды.
«Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша 2021-2024 жылдар аралығында әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сапалы өзгеруіне 43 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды іске асыруға 14 млрд теңге жұмсалды, биыл 8 млрд теңге бөлінді. Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асырудың 2 жылдық нәтижесінде, 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, 9 спорт нысаны, шамамен 19 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, 283 км сумен қамту жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай-ақ 450 км-ден аса жолдар және көшелер жөнделді. Осы жылы 7 су құбыры, 3 әлеуметтік нысан салынуда, 12 нысан мен 177 шақырым жолдар мен көшелер жөнделуде», деді Д.Ахметов.
Сонымен қатар өңірде ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері салаға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 1,5 млрд теңгеге Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 250 орындық «Мұзтау «Эко-отелі» туристік кешені салынды. Бұған қоса 12 млрд теңгеге 36 жобаны іске асыру, оның ішінде Бұқтырма су қоймасында 12 демалыс базасы салына бастады.
«Біз Алакөл көлін дамытуға 17 млрд теңге жұмсадық. Қазір бағытымызды өзгертіп, өзіміздің Бұқтырма жағалауын дамытуға ауысып жатырмыз. Бізге үш жыл уақыт керек, сонда бұл жағалау елдегі кез келген курорттық аймақпен бәсекеге түсе алады, тіпті асып та кетеміз. Бұлай сенімді айтуымның сыры неде? Тек қана біздің облыста марал мүйізімен емдеу үшін табиғи ресурс бар. Бұл біз дамытатын бағыттардың бірі болады, дамытуды бастап та кеттік», деді облыс әкімі.
Өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді. Д.Ахметовтің айтуынша, 7 жылда 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе бұл – жалпы облыстық көрсеткіштің 43%-ы. Кезінде Семей облысында 136 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өткен жылы Семей қаласының өзінде 243 мың шаршы метр тапсырылды. Сондай-ақ халықты сумен қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 40 млрд теңгеге 156 нысан пайдалануға берілді, бұл орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
«Облыстық және аудандық маңызы бар 865 км жол 19,6 млрд теңгеге, сондай-ақ Семей қаласының 223 км жол желісі 18 млрд теңгеге жөнделді. 2018 жылы Семей қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталды, ғимараты жөнделді. Менің ойымша, Семей қаласының әуежайы архитектуралық тұрғыдан ең тартымды. Әлеуметтік инфрақұрылым жоспарлы дамып келеді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 20 мектеп, төрт балабақша, үш студенттік жатақхана, 17 мәдениет және спорт нысаны салынды, денсаулық сақтау саласында төрт ірі жоба іске асырылды, оның ішінде барлық әлемдік стандарттарға сай келетін өте қызықты мәдени-спорт кешені бар. Бүгінгі таңда бұл ғимаратта көптеген спорт түрінен әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Сонымен қатар мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында 17 млн теңгенің 79 жобасына қол қойылып, 68 жоба 7,5-ке аяқталды. 9,5 млрд теңге сомасына 11 жобаны іске асыру тиімді жалғасуда», деп атап өтті спикер.