Театр • 17 Шілде, 2022

Мұқанғали Томанов: Театр көрерменді тәрбиелемейді

720 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Сахна суреткерлікті сүйеді. Көркем ойлап, келісті өнер тудыра білген жанға киелі кеңістіктің ұсынар тартуы мол. Сондықтан болса керек, тағдыры театрға байланғандардың бәрінің бірдей өнерде жолы болып, өрісті өнер тудыруы сирек құбылыс. Саф өнер иесіне талғап, таңдап қонады. Режиссер Мұқанғали Томановтың спектакльдерін сана биігінде сараптап көрген көрермен дәл осындай ойға берілері сөзсіз. Бүгінде М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген өнер иесінің әр қойылымы театр әлемінде елеусіз қалып көрген емес. Үнемі аншлаг, әрдайым жеңіс. Елімізді былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерде туған елдің байрағын жоғары көтеріп, сәулелі өнерімен талайды тәнті етіп жүрген суреткердің көңіл түкпірінде сақталған сырлары да мол.

Мұқанғали Томанов: Театр көрерменді тәрбиелемейді

Режиссер айтады: Театр – тылсым дүние. Қасиетті. Мұнда өтірік айтуға болмайды. Үнемі өзіңді өзің аямауды, суреткерлікті қажет етеді. Мен, мәселен, театр­ды отбасымнан жоғары қоямын. Ол біреулердің көңіліне келмесін. Тіпті түсіндіре де алмаймын, бірақ мен үшін театр – барлық әлем. Театрға келіп, киелі сахнаға табаным тигенде үнемі ойға берілемін: «Мен өнер үшін не істеп жүрмін?  Көрерменімді қалай қуантамын?». Міне, осы ойлар мені ылғи да алға жетелейді. Босаңсытпай, керісінше ізденісімді ірілендіре, іргелендіре түседі. Өйткені өнер – менің өмірім, театр – тағдырым. Тылсымға, түс пен аянға сенетін халықпыз ғой. Мен өмірге келе­тін түні үлкен әжем түс көрген екен. Түсінде марқұм атам келіп бүйірінен түртіп: «Бәйбіше, сен неғып жатырсың? Келін босанып, ұл тапты. Атын Мұқанғали қойыңдар. Жай бала емес, ол елдің ұлы болады» депті. Әжем оянып кетсе, шынымен-ақ түсі өңіне айналып, сүйінші сұраушылар жетіпті қасында. Содан бұл түстің тегін емес екенін түсінген әжем бала күнінмен-ақ менімен үлкен кісілерше сөйлесіп: «Мұқанжан, сен өскенде елге танымал тұлға боласың» деп үнемі айтып отыратын. Баламын ғой, бастапқыда шалалыққа салып әжемнің мұны­сын, сөзінің астарын жете түсін­беппін. Есейіп, ақыл тоқтата келе түстің де, тылсымның да тегін емес екендігін ұқтым.

Мен ойладым: Иә, текті өнер тегін адамға қонбаса керек. Бұ­рынғы Орал облысының Жаңа­қала ауданы Балдырған елді ме­кенінде өмірге келіп, қасиет­ті топырақтан қуат алып, қанат­танған қыр баласы түсінде үнемі тау көріп, өңінде сол мұзартты бағындыруды көкседі. Неге еке­нін өзі де түсінбейді, аңсары адам көзі жетпейтін, тек қиялы ғана қармайтын асқарларға ауды да қойды. Сол құштарлықтың құдіреті болар, жастайынан еркін ойлап, шекараға бағынбаған кеңістіктерді бағындыруға, адам жанының түпсіз терең тұңғиы­ғының жұмбағын шешіп, тылсымдарын тарқатуға талпынды. Сол үшін де көп оқып, көп ізденді. Ал еңбек бар жерде жеңістің де қатар жүретіні аксиома ғой.

Режиссер айтады: Әлі есімде, бала күнімде кітап оқығым ке­ліп, Арман деген өзімнен 1-2 жас кішілігі бар досымның үйін күнұзын торуылдайтынмын. Әкем қарапайым механик, ал анам үй шаруасындағы адам бол­ғандықтан, біздің үйде кітап көп болмайтын. Есесіне, Арман досымның үйі кітапқа бай еді. Атшаптырым бөлменің тұтас төрт қабырғасын ала аса ұқыптылықпен қаланған бай қазына үнемі мені өзіне қарай баурап шақыра беретін. Сол үшін де таңнан кешке дейін ас-су ішпестен жүріп Арманмен ойнайтынмын. Ондағы мақсатым – Арманның анасының сеніміне кіріп, кітаптарын сұрап алу еді. Сөйтіп, көп ұзамай ол тілегіме де жеттім. Кітапқа деген іңкәрлігімді байқаған Майра апай үйінің есігін ашып тастады. Көктен тілегенім жерден табылып, «қорамсаққа қол салдым, қол салғанда мол салым» дегендей, шетінен алып жүріп, ол үйдің бөлме толы кіта­бының барлығын оқып тауыс­тым. Жалпы, менің өнерге деген әуселем осы кітаптардан басталды десем де болады. Кітаптан оқып алған тарихи кейіпкерлердің шытырман өмірлерінен кейін қасыма ауылдың бар баласын жинап алып шағын қойылым да қоятынмын. Қолымыздан келгенінше әуесқой спектакліміздің реквизиттерін түгендеп, декора­циясын дұрыс­­тап, соған лайықты костюм­де­рі­мізді ­де дайындайтынбыз. Ауыл­дағы ­ұста аға, аталарымызға айтып жү­ріп қару-жарағымызды да сақадай сай етіп жасатып алатынбыз. Біріміз Исатай, екіншіміз Махамбет болып кең жазықта дала ойынын дүрілдететінбіз сөйтіп. Мұның бәрін, әрине, балалық тірлік дегенімізбен де, бойымдағы режиссерліктің ұшқындары да сол кезден басталған секілді, ал алғашқы актерлерім өзімнің сыныптастарым, ауылдастарым болыпты. Қазір балалық ша­ғымды ойға алсам, көзіме жас ке­леді. Сол кіршіксіз тап-таза, алаң­сыз күндерімді сағынамын. Өйткені ол өлкеге менің кіндігім байланған.

Мен ойладым: Әу баста әде­биетке деген іңкәрліктен басталған әдемі әдет кейін өнер иесінің күллі өмірінің мәніне айналғандай. Бірден режиссураға тәуекел ет­пей, әуелі Батыс Қазақстан облыс­тық А.С.Пушкин атындағы педа­гогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, жолшыбай журналистиканың да дәмін татып, кейін сол шаһар­­да­ғы Дәулеткерей атындағы мәде­ниет және өнер институтының «Режиссура» бөлімін режиссер мамандығы бойынша тәмамдады. Белгілі актриса, Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова мен режиссер, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Мұрат Ахмановтың шеберханасынан шыңдалып шыққан маман ке­йін Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақ­стан облыстық драма театрына жұмысқа орналасып, киелі сахнада әртүрлі жанрдағы 30-дан аса қойылымды көрерменімен қауыштырды. Соның ішінде әсі­ресе, режиссер қолтаңбасымен сахнаға жол тартқан ұлы сурет­кер Шыңғыс Айтматовтың «Жәми­ла» шығармасының негі­зін­де қойылған спектакльдің жұл­дызы биік. Аталған қойылым 2015 жылы Өскеменде өткен Қазақ­стан театрларының ХХІІІ рес­публикалық театр фестивалінде «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тақы­рыбын меңгергені үшін» аталымында топ жарды.

Режиссер айтады: «Жәмилә» – балалық шағымның тәтті, қай­таланбас естеліктеріндей ыстық, қымбат шығарма. Өйткені повес­тегі оқиғалар менің де өз басымнан өткен еді. Сондықтан да ұлы қаламгердің «Жәмиләсін» сах­наға шығарарда ішіне өзімнің де бала­лық шағымды, ондағы тәт­ті де қимас сезімдерімді қос­тым. Сонысымен де ол шынайы шықты, сонысымен де бәлкім, жүректерге жеткен болар. Жалпы, шығармашылық адамының өмір­ді, оқиғаны сезінуі, көруі, сарап­тауы қызық қой және әрқай­сысының көзқарасы бір-біріне ұқсамайды. Әйтпесе, қазақ сахнасында мың мәрте қойылған сол «Жәмиләнің» әр режиссер қол­таңбасында әртүрлі сөйлеуінің басқа қандай сыры мен құпиясы болуы мүмкін?! Мәселен, мен үшін бұл «Жәмилә» – қайта орал­мас балалық шағымның куә­сіндей қымбат, аяулы. Демек ме­нің «Жәмиләм» – сағынышқа құрылған. Сол сағыныш көптің жүрек түкпірінде тығылып, ұйқы­да жатқан сезімін түртті, оятты деп ойлаймын. Білесіз бе, кей­де мен өнерде өзімнің рухани қажеттілік-қалауларымды қана­ғаттандыру үшін жүргендей бола­мын, солай сезінемін. Бұл дегеніңіз – қойған спектакліңді «біреулер көреді-ау, біреулер баға береді-ау» деп ойламау. Яғни жай ғана өзіңнің жан қалауың­ды қанағаттандыру, сол арқылы өзгеше өнер тудыру. Тіпті кейде спектакльді көрермен үшін емес, өзім үшін қоямын. Ішкі толға­ныс-толқыныстарымды шығару үшін. Әрине, ол көрерменді екінші қатарға ысыру деген сөз емес. Бірақ кейде өнердің өзгеше мүм­кіндіктері ашу үшін режиссерге өзімен өзі қалып, жай ғана өзі үшін қойылым қоюдың табысы мол. Бұл суреткердің тұлғалық дамуы үшін аса маңызды. Сон­дықтан да ара-тұра осындай тосын қадамдарға барып тұрамын. Ол – менің жан қалауым, ішкі сұранысым. Өйткені өнер киелі, жұмбақ қой, шабыт тегін адамға қонбайды. Мен де айналамда бір тылсым құбылыстардың жүрге­нін анық сеземін. Оның айқын дәлелі – кейбір қойылымдардың шешімдері кейде түсімде өмірге келіп жатады. Бұл да өнердің құдіреті болар.

Мен ойладым: Мұқанғали Томановты көп әріптесінен даралайтын ерекшелігі көп. Соның бірі – филология факультетінде оқыған, редакцияда қызмет еткен режиссердің қазақ тіліне, көркем әдебиетке ойының, сөзі мен тілінің жетіктігі, поэзияға жанының жақындығы. Элегияға толы ойларын әдемі суреттеп жеткізе біледі. Оның көптеген әңгімелері, өлеңдері облыстық газет беттерінде жарияланып, аудармалары мен пьесалары рес­публикалық театрларда үздік­сіз қойылып келеді. Атап айт­қанда, «Қыздарым менің», «Жәннат» драмалары, «Madein махаббат» жастар комедиясы мен «Достар» ертегісі Орал, Атырау театр­ла­рының репертуарында табысты қойылып жүр. Көптеген пьесаларды заманауи формаға келтіріп, сахналық нұсқасын жасауда да өзіндік қолтаңбасын батыл әрі шебер көрсетіп жүрген суреткер. Оның қойылымдарындағы тұтас оқиға желісінің тасасында қалып, еленбей қалуы мүмкін елеусіз тұстар, адам жанының түк­пірінде жатқан ішкі сезім иірім­дерін дөп басып, лирикалық көріністердің өзін картина етіп, көркем бейне түрінде алдыңғы планға шығарып көрсете білу тәсілі – көрермендер мен театртану мамандары тарапынан үлкен шеберлік, тапқырлық ретінде бағаланып жүр. Режиссердің сондай үздік жұмыстарының бірі – талай республикалық, халықара­лық додаларда топ жарып жүрген жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» шығармасы. Туын­дының сахналық нұсқасын тү­зіп қана қоймай, көрерменге ой саларлық тағылымды қойылым тудыра білгені режиссер еңбегі – шын мәнінде Атырау театрының зор табысы.

Режиссер айтады: «Жал­ғыз­дықпен» ең алғаш танысқан­нан-ақ атауы мен жалпы шығар­маның сыртқы формасының өзі бірден назар аудартты. Оқып шықтым. Алғашында ештеңе тү­сінген жоқпын. «Неге мұнша ауыр жазған?» деп ойладым. Бі­рақ кітапты қайта жауып қоя са­луға қимадым. Дұрысы, қы­зы­ғушылығым жібермеді. Аядай ғана әңгіменің астарында ауқымды ойлар жасырынғандай сезілді. Сол оймен кітапты қайта қолыма алдым. Екінші оқығанда шығарма табиғатына біршама бойлай бастағандай болдым. Әр сөйлемі мен сөзінің астарында кодтап жасырынған құпиялар мол екенін аңғардым. Осылай­ша, «Жалғыздық» «жұмбағымды шеш» дегендей өзіне қызықты­рып, елітіп тұңғиығына тартып әкете берді. Сөйтіп,«Жалғыз­дық­­пен» оңбай «ауырдым». Оты­рып алдым да әр сөз-сөйлемін жеке-жеке бөліп алып талдадым. Бастапқыда көркем дү­ние ре­тінде шығармашылық қы­зы­ғушылықпен көңіл қойсам, кейінірек сол жалғыздық күйі өзімнің ішіме де көшіп алған­дай болып, дәл-сал күйді бастан кештім. Оның себебі – қызмет бабымен Оралдан Атырауға қоныс аударғаннан кейін арада тура бір жыл өткенде елде қалған анам қайтыс болды. Енді «Жалғыздықтың» табиғатын тіпті терең түсіне бастағандай болдым. Анамның соңғы сөзі ойыма оралды: «Балам, аман бол, ұзап бара жатырсың ғой...» деп еді соңғы кездескенімізде. Ақтық сөзі екен. Өзекте қалған өкініш сол, кейін бақұлдасып үлгере алмадым. Жан дүнием құлазып, жалғызсырап жүрген кезімде Рахаң – Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы» ­жа­ныма дәру болды. Мен ойлаған, мені толқытқан нәрселердің барлығы соның ішінде тұрды. Жазушының жалғыздығы, ана­сының қазасы... – бәрі, бәрі... Сөйтіп «Жалғыздықты» өзіме қарай ыңғайладым. Ыңғайла­ған­да сөздерін өзгерткен ештеңем жоқ, тек шығарма кеңірек ашыла түссін деп ішіне бір-екі сөз қостым. «Жалғыздықтың» кө­ле­мі қандай шағын болса, ауқы­­мы қандай кең еді... ішін­дегі кө­кек­тер, әупілдектер мақтан­шақ­тар – оның барлығы адамдар ғой, жер басып жүрген мы­на сіз бен біз... Әр сөйлемі сұра­пыл ойларға жетелейді. Ден­деп кетсең, «Жалғыздықта» ке­ңіс­­тік мол екен. Шығарманың өн бойы толған код. Тек тылсы­мын тарқатып, жұмбағын шеше алсаң болғаны. Мен өз қойы­лымымда шығарманың тек сырт­­қы формасын ғана алдым. Ұңғи қаз­саң «Жалғыздықтың» түбі – шы­ңырау. Бойлаймын десе, өзге ре­жиссерлерге де қоя­тын, айта­тын нәрсе көп. Тек теті­­гін таба алсаң болғаны. Ал ме­нің «Жал­ғыздығымды» В.Высоц­кий­дің ән­дері әрледі. Сол музыка шерменде жаныма дәру болды, көңіл күйіме дөп келді. Осылайша, қо­йылымның түйіні тарқатылып, өзінен өзі қойылып шықты.

Мен ойладым: Ұзақ жыл Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрында табысты қызмет еткен режиссер кейін Атыраудың Махамбет театрына ауысқанында да бабын бір елі бәсеңдетпей, керісінше шығармашылық  қарымының жаңа тынысы ашылғандай өнерін өрге оздырды. Сандаған сәтті, сәулелі спектакльдерді Ақ Жайық халқымен қауыштырып, халықаралық додаларда Махамбет театрының байрағын жеңіс тұғырына қондырып, тек биікте желбіретті. Атап айтсақ, 2019 жылы Испанияның Льорет-де-Мар қаласында ұйымдастырылған халықаралық театрлар фестивалінде режиссердің «Затмение» спектаклі Бас жүлде алды.  Ал  Мұқанғали Томанов қойған Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы»  өткен жылы Түркияның Анталья қаласында өткен ХІ Халықаралық театр фестивалінде 23 мемлекеттен қатысқан 24 театрдың ішінен топ жарып, «Үздік спектакль» атанса, Ресейдің Керчь қаласында өткен халықаралық фестивальде ­режиссердің Атырау жастар театры ұжымымен қойған  ағылшын ­жазушысы ­Бернард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пьесасы негізіндегі «­Клеопатра» қойылымы да 11 үздік шығармашылық ұжым ішінен тағы да көш бастап, Бас жүлдені еншілеген болатын.

Режиссер айтады: Қазіргі қызмет етіп жатқан жұмыс орным – Атыраудағы Махамбет театрына өнер ордасының директоры Берік Жәменовтің шақыру­мен келдім. Ол кезде Рахымжан Отарбаев ағамыздың көзі тірі еді. Театрдың көркемдік жетекшісі болатын марқұм. Ағалардың сөзі – іні үшін мәртебе. Туған жерімді қимасам да, маған сенім артқан ағаларымның бірауыз сөзін жерге тастай алмадым. Жалпы, Орал мен Атырау бір ел саналады ғой негізінде. Арасын бөліп тұрған жалғыз Жайық, одан қалса Құрманғазымыз, Динамыз, Исатайымыз бен Махамбетіміз ортақ дегендей. Сондықтан жаңа ұжымды жатырқамадым, бірден бауыр басып кеттім. Жат ортаға келгенде жақынындай бауырына басқан ақылман ағалардың аялы алақаны мен ізетті інілердің қамқор көңілі жаныма жалау болды. Алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналысуыма тамаша мүмкіндік сыйлады. Осы үшін де ұжымыма алғысым шексіз, дарқан пейілдеріне дән ризамын. Жалпы, өмір болған соң, қамшының сабындай қысқа ғұмырда інінің ағаны жаға, ағаның ініні тыныс тұтуы да теңдессіз бақыт екен. Әсіресе, шығармашылық­та өнерде жүрген ағаларыңның жылы лебізін тыңдап, мақтауын есту де пенде көңіліңді марқайтып, шығармашылығыңа жаңа жол ашары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде айналамдағы  ақеділ пейілді адамдардың бәріне бас иемін. Алла нәсіп еткен тағдырдың тартуына мың алғыс.

Мен ойладым: Түрлі бағыт пен сан алуан жанрларды өн бо­йына сәтті түйістірген «сан өнер­дің тоғысқан мерекесі» – театр­лар демін дұрыс тыныстатып, жүрегін мүлтіксіз соққызуда әсі­ресе, режиссерлердің еңбегі ере­сен. Өйткені бүгінгі жаңа за­ман өнерінде театрдың бас­ты барометрі – режиссер сана­лады. Әлемдік тәжірибе тұтастай осы ойға тоқайласқан. Әйтсе де, ұлт­тық өнердің өрісін кеңейтуде көркемдік талаппен қатар ұлт­тық рухты ұрпақ санасына сіңі­руде режиссер ұсынған әр қо­йы­лымның құндылығы мен ма­ңызы теңдессіз. Осы орайда сурет­кер­лік пен шынайылықты шы­ғар­машылығының темірқазығына айналдырған Мұқанғали Томанов қойылымдарындағы көркемдік қолтаңбаның қуаты әлі де талай зерттеу мен талдауларға арқау болары анық.

Режиссер айтады: Рас, қа­зіргі заманауи театр өнерінің режиссерге де, актерге де жүктер жауапкершілігі мол. Сан түрлі жанрлардың синтезі мен мың құбылған бағыттар бірнеше мың­жылдық тарихы бар театрдың бір орында тұралап қалмағанын, керісінше үздіксіз даму үстінде екендігін айқын аңғартса керек. Сондықтан да ізденіссіз, дайындықсыз, сезімсіз өнер тудыру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін түрлі формалық шешімдер мен тәжірибелердің куәсі болдық. Өзгеше өнер тудыруға өзіміз де талпындық. Қателесіп те көрдік. Бірақ ол олқылық емес, керісін­ше қателіктен сабақ ала жүріп, ешкімге ұқсамайтын өзіңнің дара соқпағыңды қалыптастырсаң – шығармашылық адамының ба­ғы сол, меніңше. «Қазір режис­серлік театр орнады, сол негізде спектакль туады» дейтін де тұ­жы­рымдар бар. Бұл – тенден­ция. Әйтсе де, менің ойымша, жақсы режиссермен бірге мық­ты актерлер де болуы керек. Екеуі бір-бірін толықтырып тұ­руы қажет. Бұл театр өнері үшін өте маңызды. Мәселен, ма­ған сахнадағы космос туралы қызылды-жасылды нәрселер қызық емес. Әрине, кеңістікті сөйлеткен, ғарышқа көз тіккен жақсы. Бірақ суреткер ретінде ол мені қызықтырмайды. Маған бәтеңкесін сыммен байлаған, мұр­нынан мұрынбоғы ағып тұр­ған бала, соның ішкі сезімдері, тағдыры қызық. Өйткені онда сезім бар. «Бәтеңкесін неге сым­мен байлады?»,«Ол неге алыс­қа көз тігеді?»,«Жанары неге мұң­ды?» Соның сырын ақтару, содан тағдыр іздеу, міне режиссер ретінде мені сол ойлантады. Жалпы, шығармашылық­тың қан­дай түрі болмасын, ол мейлі режиссерлік театр болсын, актерлік өнер болсын, сезім деген нәрсе өлмеуі керек деп есептей­мін. Сахнаға суреткерлік тән: өзің­нің ойың, төл штрихтарың, ерекшеліктерің ауадай қажет. Сон­да шынайы өнер туады. Мә­селен, менің өмірлік кредом – сағыныш. Өмірді де, өнерді де сағынышпен өлшеймін. Содан шабыт алып, көрерменіме де сол ұшқынды, қуатты дарыт­қым келеді. Менің түсінігімде, театр көрерменді тәрбиелемей­ді. Ке­зінде өнер бәлкім, идеоло­гия құралына айналған да шы­ғар. Бірақ театрдың бүгінгі та­лабы басқа. Оның нақты анық­тамасын дөп басып айту да мүм­кін емес. Әйтсе де, менің спек­такльдерімнен көрермен ең құрығанда қызықты бір кітапты тауысқандай әсермен шықса, суреткер ретінде бақыт сол.

Біздің режиссура қазір, Құдай­ға шүкір, жасарып келе жа­тыр ­ғой. Шамам келген­ше ­фестиваль­­дерде жас режиссерлердің жұмыс­та­рын көріп, қадағалап жүре­мін. Болашағынан үміт күттіретін жастар өсіп келеді. Мені сол қуан­­тады. Фархат Молдағали, Жұл­­дызбек Жұманбай, Данияр Базарқұлов, Мейрам Хабибул­лин, Фархатбек Қанафин, Дина Құнанбай бастаған таланттар шо­­ғыры келе жатыр. Санасы сер­­гек, ойлары терең. Солардың жұ­мысын көріп, қазақ театрының келе­шегінен мол үміт күтемін. Лайым солай болғай. Қазақ өнері мәңгі жасай берсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»