Қоғам • 17 Шілде, 2022

Қаржы пирамидасы: Қатайтылған заң қорған бола ма?

523 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, Бас проку­ратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнін­дегі комитетінің мәліметіне қарағанда, коронавирус пандемиясы алқымнан алып тұрған 2020 жылы елімізде қаржы пирамидаларын құру бойынша 181 қылмыстық іс қозғалған екен. Қатерлі індеттің қыспағында қалып, тұрмысы төмендеп кеткен мыңдаған адамның қолындағы аз-мұз пұлын еселеп көбейтіп береміз деп алдап-арбап, қалталарына басып кеткен алаяқтардың зары өтіп-ақ тұрды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейді», деген болатын.

Қаржы пирамидасы: Қатайтылған заң қорған бола ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес құқық қорғау органдары қолданған шаралардың нәтижесі болар, өткен жылы қаржы пирамидаларын құру бойынша тіркелген қылмыстық істер саны 160-қа дейін, яғни 11,6 пайызға азайыпты. Әрине, мұның өзі де көңіл көншітерліктей көрсеткіш емес. Алаяқтықтың осындай түрінен, әсіресе Шымкент қаласы «оқ бойы оза шауып», өзге өңірлерге шаң қаптырып тұр. Үшінші мегаполисте алдыңғы жылы 61 қаржы пирамидасы тіркелген болса, былтыр олардың саны екеуге ғана, яғни 59-ға дейін ғана кеміпті. Одан кейінгі орында – Ақтөбе облысы. Бұл өңірде 2020 жылы 16 қаржы пирамидасы құрыл­ған болса, өткен жылы олардың саны 43,8 пайызға ұлғайып, 23-ке жетіпті. Үшінші орындағы Ал­­маты қаласында тіркелген қар­­жы пирамидаларының саны алдың­ғы жылмен салыстырғанда 28,6 па­йызға, немесе 14-тен 18-ге де­йін көбейген. Мұндай алаяқтық Қара­ғанды (7-ден 12-ге дейін) мен Ақ­мола (2-ден 7-ге дейін) облыстарын­да да көбейіп кеткен. Ал астанада алдыңғы жылы – 11, былтыр 8 қаржы пирамидасы құрылған.

Өткен ғасырда адамзат тари­хын­дағы ең ірі қаржы пирамида­ларының бірін құрып, 3 миллион адамға зардап шектірген амери­калық Бернард Медофф 150 жыл­ға бас бостандығынан айырылған болса, алаяқтығы одан да асып түсіп, 15 мил­лион адамды зар еңіреткен ресейлік Сергей Мав­роди темір тордың арғы жағында небәрі 4,5 жыл ғана отырған екен. Біздің алаяқ­тар да заңы жұмсақ Қазақстан­да АҚШ-тағыдай аса қатал жазаға тар­­тылмайтынды­ғын біліп, тай­раңдай басып жүр­ген сияқты. Себебі осыған дейін Қылмыстық кодекс­тің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және оған немесе оның құрылымдық бө­лімшесіне басшылық еткені үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не 800 сағатқа дейінгі мерзім­ге қоғамдық жұмыстарға тарту­ға, не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза кесіліп келді. Ал қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасал­ған және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған қаржы пирамидасы үшін қылмыскерлер­дің мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қа­растырылған-ды. Іс жүзінде «Қазақ­стандық Мавродилердің» көбі әрі салғанда 5-6 жылға ғана бас бостандығынан айыры­лып келді. Мәселен, жуырда Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауда­нының №2 соты 1,5 жыл бойы алаяқтықпен айналысқан «Астана Раушан кассасы айналы­мы» қаржы пирамидасы басшы­ларының әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын таға­йындағаны мәлім.

Бұған қоса, қоғамда қаржы пирамидасын жарнамалайтын адам­дарға қылмыстық жауапкершілік қа­растырылмағаны сынға алынып келді. Қаржы пирамидаларының жарнамасы үшін жауапкершілік тек Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодекстің 150-бабында көз­делген болатын. Онда қаржы пирамидасы қызметiнiң жарнамасын шығару, тарату және орналастыру 3 айға дейiнгi мерзiмге бұқара­лық ақпарат құралының шығары­луын (эфирге шығуын) тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 150, лауазымды адамдарға – 170, шағын кәсiпкерлiк субъектi­ле­рiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200, орта кәсiп­керлiк субъектiле­рiне – 300, iрi кәсiпкерлiк субъектiле­рiне 600 айлық есептік көрсеткіш ­мөл­шерiнде айып­пұл салуға әке­ліп соға­ды деп көрсетіл­ген. Осы бап бо­йынша кейінгі 3 жылда небәрі 4 адам әкімшілік жауапкершілік­ке тартылған. Жеңіл жаза қаржы пирамидалары жарнамаларының жолын кесе алмаған. Сол себепті осын­дай алаяқтықты халыққа танымал адамдар, соның ішінде өнер адамдары насихаттаған деректер көбейіп кет­кен. Мұның өзі қаржылық және құ­қықтық сауа­ты төмен адамдардың алаяқтарға көптеп алдануына әкеліп соқтырған.

Зардап шегушілердің қайсыбірін тіпті өзін өзі өртеп жіберуге дейін жеткізген осы келеңсіз құбылыс­пен күресті күшейту мақ­сатын­да Парламенттің бір топ депу­таты «Қа­­зақстан Республикасының кей­­­бір заңнамалық актілеріне қар­жы­лық (инвес­тициялық) пира­ми­­далардың қызметіне қар­сы іс-қи­мыл мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасын әзірлеуге бас­та­машылық жасаған болатын. Бұл маңызды құжат Мәжіліс пен Сенатта талқыланғаннан кейін оған Мемлекет басшысы биылғы 12 шіл­деде қол қойды. Аталған заң ар­қылы Қылмыстық кодекстің 217-бабында қаржы пирамидасын құрушыларға көзделген жазалар біршама қатайтылып, оны жар­намалаушыларға да жауаптылық белгіленді. Нақты айтсақ, қаржы пирамидасын құру, яғни жеке және заңды тұлғалардың салған ақ­шасын қайта бөлу арқылы бір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту жөніндегі қызметті ұйымдастырғаны, сол сияқ­ты қаржы пирамидасына немесе оның құрылымдық бөлім­ше­сіне басшылық еткені үшін қыл­мыс­керлердің мүлкі тəркіленіп, 1000-нан 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұ­мыс­тарға тартуға, не 5 жылға де­йінгі мерзімге бас бостанды­ғын шектеуге, не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыруға жа­заланады. Ал қылмыстық топ жасаған, сон­дай-ақ аса ірі мөл­шерде ақша немесе өзге де мүлікті тарта отырып жа­салған, не ауыр зардаптар­ға алып кел­ген және мем­лекеттiк функ­ция­­ларды орын­дауға уәкiлеттiк бе­рілген адам, не оған теңестiрiлген адам не жа­уап­ты мемлекеттік лауазымды ат­қаратын адам жасаған қар­жы пирамидасы үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға де­йін­гі мерзімге бас бостандығынан айы­ру жазасы белгіленді. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекске мы­на­­дай жаңа 217-1-бап енгізілді: «Қар­жы­лық (инвестициялық) пирамиданы жар­нама­лау 1. Қар­жылық (ин­­­вестициялық) пирамида­­ны жар­­намалау, яғни айтарлық­тай за­лал келтіре отырып, ақпа­рат­ты жария түрде немесе бұқара­лық ақ­парат құралдарын немесе электронды ақпараттық ресурстар­ды пайдалана отырып, адам­дарды оған тартуға алып келген жеке жəне тіке­лей тарату – мүлкі тəркі­леніп, 2 мың айлық есептік көр­­сет­кішке дейін­гі мөл­шерде айып­­пұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұ­мыс­та­рына, не 600 са­ғатқа дейінгі мерзімге қо­ғам­дық жұ­мыстарға тартуға, не 2 жыл­ға де­йінгі мерзімге бас бос­тан­дығын шек­теуге, не сол мер­зім­­­ге бас бос­тан­дығынан айыруға жа­заланады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көз­делген: 1) адамдар тобы, алдын ала сөз бай­ласу арқылы адамдар то­бы жасаған; 2) бір­неше рет жа­сал­ған; 3) адам өзінің қыз­мет бабын пай­далана отырып жасаған іс-əре­­кет – мүлкі тəркіленіп, белгілі бір лауа­зым­дарды атқару немесе белгілі бір қыз­мет­пен айналысу құ­қы­ғынан 3 жылға дейін­гі мерзімге айыра отырып, 4 жылға дейін­гі мерзімге бас бостанды­ғын шектеу­ге, не сол мер­зімге бас бостан­дығы­нан айыруға жазаланады».

Осылайша, қатайтылған заң, біздің ойымызша, қаржы пирамидаларын құру­шылармен күресті, әсіресе қаржы пирамидасын жарнамалаумен күресті күшейте түсу­ге мүмкіндік туғызады. Тек қар­жы пирамидаларын құрған қылмыс­тық топ мүшелеріне қолданыла­тын жазаның жоғарғы шегі 12 жыл­ға дейін ұлғайтылғанымен, төменгі шегі бұрынғыша 5 жыл болып қал­дырылғаны көңілімізге қоның­қырамайды. Осы заңның жобасын жасаған Парламент депутаттары біздің кейбір судьяларымыз қаржы пирамидасын құрған алаяқ­тарды көргенде аса ізгілігі мен аяушылы­ғы ұстап кетіп, оларға жаза­ның төменгі шегін бергісі келіп тұра­ты­нын ескермеген секілді. Әлбетте, бұл пікіріміздің дұрыс-бұрыстығын ал­дағы өмір көрсете жатар.