Театр • 17 Шілде, 2022

Балет биігіндегі Бақтияр

266 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана Операның» жетек­ші солисі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның өнер көрсетулерінің географиясы жылдан жылға кеңеюде. Осы жаздың өзінде оны көрермендері әлемнің бірқатар ел­дерін­де к­үтуде. Атап айт­сақ, отан­да­сы­мыздың қаты­суы­мен маусымда Миланда 8 Гала-концерт өтті. Енді әртіс Италияның бас­қа да қалаларының, сон­дай-ақ Франция мен Ауст­ра­лия көрермендерін таң­ғал­дыруға дайындалуда.

Балет биігіндегі Бақтияр

Ұлттық балет өнерінің маң­дайына бақ құсы болып қон­ған Бақтиярдың бағы сол – оның билерін  әлемнің танымал хореографтары өздерінің балет­тік бағдарламаларына қосу­ға асық. Ал заманауи әрі класси­калық өнер табынушылары  «Қазақ­станның №1 бишісі» атан­ған өнер иесінің  әрбір қойылымына баруды армандайды. Туған жер төрінде ғана емес, шетелде де зор танымалдылыққа ие жетекші солист үшін биылғы жаз да ма­ңызды оқиғалармен басталды.

Соның ең негізгісі – 17-28 маусым аралығында Миландағы Ар­чим­больди италиялық театрында өткен «Роберто Болле және оның достары» атты заманымыз­дың біртуар бишісінің гала-балет кештерінде  жарқын өнер көрсетуі. Бақтияр  Сан-Франциско және Мария театрларының ж­етекші балет солистерімен бірге көрермендердің назарына Л.Мин­кустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балет­терінен үзінді ұсынды.

– Роберто Боллемен осыдан бес жыл бұрын маэстро Луид­жи Бониноның арқасында таныстық. Луиджи біздің театрға Ролан Петидің хореографиясында «Париж Құдай анасының соборы» спектаклін қоюға келген болатын, сонда біз гала-концертке қатар дайындалдық. Маэстро дайындық залына кіріп, жаттығуымызды бейнеге жазып алды. Кейіннен сол бейнені Роберто Боллеге көрсетіп:  «Қазақстанда осындай балет әртісі бар, ол сенің «Роберто Болле және оның достары» атты гала-концертіңде міндетті түрде өнер көрсетуі керек, бұл бәріміз үшін үлкен жаңалық болады» деп мені сырттай таныстырған екен. Кейін Роберто Болле маған әлеуметтік желі арқылы шығып, концертке шақырту жолдады. Екеуміздің таныстығымыз осы­лай басталды,  деп Бақтияр Адамжан Милан сапары турасынан сыр ақтарды. 

Сол уақыттан бері Роберто Болле Бақтияр Адамжанның  қаты­суынсыз бірде-бір концерт өткізген емес. Екеуінің ара­сын­дағы шығармашылық дос­тық жылдан жылға нығайып келе­ді.  Айта кету керек, Роберто Бол­ленің гала-концерттеріне шақыр­ту алу – бұл әртістің жоғары шеберлігінің дәлелі.

– Роберто өз көрермендерін қатты құрметтейді. Оның гала-концертінде өзіңді жоғары кәсіби деңгейде көрсетпесең, тиісті дәрежеңді сақтап тұрмасаң, ол шығармашылық достықты бірден шорт үзеді. Себебі оның бағдарламалары жоғары сапасымен ерекшеленеді және соған сай әртістеріне де қатаң талап қояды. Маған деген ілтипаты, кон­цертіне шақырғаны және Ита­лияның беделді сахналарында өнер көрсетуге жағдай жасағаны үшін оған өте ризамын,  деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

«Астана Опера» премьерінің Ита­лияға сапары мұнымен аяқ­тал­майды. Бақтияр 21-22 шілдеде екі күн қатарынан Рим опера театрында көрермен назарына «Париж Құдай анасының соборы» спектаклін ұсынады. Балет жұлдызы италиялық сахнада Квазимодо басты партиясында жарқырайды.

Сондай-ақ осы айда Бақтияр Адам­жанды испаниялық көрер­мендер де асыға күтеді. Әртіс Аликанте қаласының бас театрын­да өтетін STARS GALA гала-балетінде өнер көрсетеді. Айта кетейік, бұл гала-концертте жыл сайын әлемнің шартарабы­нан нағыз кәсіби таланттар бас қо­­сады. Биыл гала-балетте «Ас­тана Операның» жетекші соли­сі­­мен бірге бір сахнада Ма­рия, Үлкен, Михайлов театр­­­лары­ның, Берлин, Вена мемлекеттік ба­леті­нің, Нидер­ланды Ұлттық балеті­нің, сондай-ақ басқа да әйгілі театр­лардың үз­дік әртістері өнер­лерін паш ете­ді. Әртістер ба­лет өнерін терең түсі­­нетін әрі жо­ғары бағалайтын ис­­па­ния­лық жұрт­шылыққа ұмы­­тыл­мас әсер сый­лайды деп күті­луде. Мұнда Бақ­тияр Рик­кар­до Дри­го­ның «Бойтұмар» ба­леті­нен па-де-де және Цезарь Пуни­дің «Эс­ме­ральда» балетінен «Диа­на және Актеон» па-де-десін ұсынады.  

Бақтияр Адамжанның әлем бойынша гастрольдік өнер көр­сетулері тамызда Аустра­лияда жалғасады. Бұған дейін бекзат өнер падишаһы осы елде өткен Ballet International Gala әлемдік шоуында өзінің мінсіз техникасын көрсеткен болатын. Жыл басында Жасыл құрлық көрермендерін өнерімен тәнті етіп қайтқан балет жұлдызы араға бірнеше ай салып, «Астана Операның» жетекші солисі әрі өзінің сахнадағы жұбы – Шұғыла Әдепханмен бірге тамаша тандемде аустралиялық жанкүйерлерін тағы да қуантуға асық. Одан бөлек, Бақтияр 13-15 қазан күндері Францияның  Канн қаласында өнер көрсетуге де қызу дайындық үстінде.

Әлемнің әйгілі хореограф­тары­ның ғаламның түкпір-түк­пірінде өтетін балет кештері мен спектакльдеріне Бақтияр Адамжанды жарыса шақыруы – оның әлемнің үздік бишілерінің қатарында екенін тағы бір дәлелдей түседі. Бұл «Астана Операның» және барша еліміздің беделін халықаралық аренада арттыратыны сөзсіз. Ендеше, жаһандық өнер кеңістігінде ла­йым бабың келісіп,  бағың жана берсін, Бақтияр!